Accessibility links

Халық кеңесінің жұмысына жылына 1,7 млрд теңге бөлінеді - Қаржы министрлігі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда Ұлттық құрылтайда Халық кеңесі құрылатынын жариялаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда Ұлттық құрылтайда Халық кеңесі құрылатынын жариялаған.

Қазақстанда жаңадан құрылатын Халық кеңесінің жұмысына жылына бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты.

Вице-министрдің айтуынша, 1,7 млрд теңгеге Халық кеңесінің мүшелерінің жалақысы, жұмыс ұйымдастыру, іссапарлар мен іс-шаралардың шығыны, қоғамдық тыңдау шығындары кіреді.

Бейсенбекұлы Халық кеңесі мүшелері қанша жалақы алатынын ашып айтпады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесін билік пен халық арасында диалог орнататын консультативті орган ретінде құрған. Жаңа Конституцияда бұл орган "халық мүддесін білдіретін жоғарғы орган" деп жазылған.

Кеңестің 126 мүшесі болады. Олардың бәрін президент тағайындайды. Бұл орган Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады әрі референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Халық кеңесі президентті қолдайтын құрылым болады. Қоғам аса сезімтал қабылдайтын саяси мәселелер, мәселен, өкілетті ұзарту немесе өзге де даулы, өткір тақырыптарды көтеру қажет болса, соларды президенттің атынан қозғайтын бастамашыл құрылым пайда болады. Демек, бұл – тікелей қолдаушы құрылым. Президент кімді тағайындаса, сол оның вертикаліне, оның құрылымына кіріктіріледі" деген еді.

Бұған дейін қазақстандық naryk.kz басылымы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сүйеніп, Құрылтайдың қызметіне 2027 жылы 22,53 млрд теңге қарастырылғанын жазған.

Бірақ Құрылтайдың қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаменті Азаттыққа "Құрылтай депутаттарының жалақысы мен олардың қызметіне бөлінетін қаржы туралы мәлімет "таратылуы шектеулі ақпарат" болғандықтан жария етуге жатпайды" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG