Accessibility links

Президент іс басқармасына қарасты мекеме Құрылтайға кететін шығын көлемін айтудан бас тартты

Құрылтай депутаттары. Астана, 31 тамыз, 2026 жыл.
Құрылтай депутаттары. Астана, 31 тамыз, 2026 жыл.

Құрылтай депутаттарының жалақысы мен олардың қызметіне бөлінетін қаржы туралы мәлімет "таратылуы шектеулі ақпарат" болғандықтан жария етуге жатпайды. Мұны Азаттықтың ресми сауалына берген жауабында Құрылтайдың қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаменті хабарлады. Бұл мемлекеттік мекеме Қазақстан президенті іс басқармасына қарайды.

Азаттық тамыз айында Қаржы министрлігінен Құрылтай депутаттарының айлығы, қосымша төлемдері, баспана, көлік, медициналық қызмет пен іссапар шығындары туралы сұраған еді. Сауалхатта Құрылтай мен оның аппаратын ұстауға бір жылда жалпы қанша қаражат қарастырылғанын шығын түрлері бойынша көрсетуді де өтінгенбіз.

"Депутаттардың еңбекақысы, сондай-ақ олардың қызметін қамтамасыз етуге көзделген қаржыландыру көлеміне қатысты мәліметтер таратылуы шектеулі ақпаратқа жатады және белгіленген тәртіпке сәйкес, жария етуге жатпайды" делінген департамент басшысының орынбасары Ә.Болатұлы қол қойған хатта.

Департамент бұл мәліметтерді жариялауға қандай құқықтық норма тыйым салатынын көрсетпеген.

Бұған дейін қазақстандық naryk.kz басылымы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сүйеніп, Құрылтайдың қызметіне 2027 жылы 22,53 млрд теңге қарастырылғанын жазған. Басылым бұл соманы 145 депутатқа бөліп, бір депутатқа жылына шамамен 155,3 млн теңгеден келетінін есептеген. Бұл — депутаттың жеке жалақысы емес, Құрылтайдың жалпы шығынын депутат санына бөлгендегі көрсеткіш. Басылым мәліметінше, 2026 жылы бұрынғы қос палаталы парламенттің қызметіне 31,96 млрд теңге жоспарланған. Ал жаңадан құрылған Қазақстан Халық кеңесінің қызметіне 2027 жылы 1,76 млрд теңге жұмсау қарастырылған.

Департамент Азаттыққа берген жауабында биыл Құрылтайдың өз жұмысына нақты қанша қаржы бөлінгенін айтпаған. Парламенттің жалпы бюджеті бұрын ашық жарияланған. "Әділет" құқықтық ақпарат жүйесіндегі бюджет туралы заңдарда парламенттің қызметін қамтамасыз етуге 2024 жылы – 27,43 млрд теңге , 2025 жылы – 26,37 млрд теңге қарастырылғаны көрсетілген. Бұл қаражат жеке бюджет бағдарламасы ретінде берілген.

Департамент жауабында Құрылтай аппаратының штат саны 357 бірлік екенін хабарлаған. Бірақ аппарат қызметкерлерінің еңбекақысы мен әкімшілік-шаруашылық шығындарын көрсетпеген.

Азаттыққа келген жауап хатқа сәйкес, Астанадан тыс жерде тұратын депутаттарға өкілеттік мерзімі кезінде тегін пайдалануға жиһазбен жабдықталған қызметтік баспана беріледі. Олар медициналық көмек алу үшін президенттің іс басқармасына қарасты медицина орталығының ауруханасына тіркеледі. Депутаттарға көлікпен қызмет көрсету және санаторийде емделу жөнінде департамент тиісті өкімдер мен бұйрықтарға сілтеме жасаған. Бұл қызметтердің құны мен бір депутатқа белгіленген шығын шегін жарияламаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG