23 тамызда Құрылтай сайлауы өтеді. Қазақстанның қос палаталы парламенті жаңа Конституция қабылданған соң, бір палаталы құрылымға айналып, атауы осылай өзгерген. Енді оған жеке адам сайланбай, тек партиялық тізімге дауыс беріледі. Сайлауға жеті партия түспек, бірақ олардың арасында елеулі бәсеке байқалмайды. Сарапшылар бұл сайлау алдыңғыларынан ерекшеленбейтінін, барлығы алдын ала шешіліп қойғанын айтады. Азаттық Азия редакциясы сайлауға дейінгі ахуалды талдап көрді.
Сайлауға кім қатысып жатыр?
23 тамыздағы сайлауға апарар жолы 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумнан басталды. Ол күні қазақстандықтар жаңа Конституция жобасы жөнінде дауыс беруге қатысты. Жаңа құжатта 1995 жылғы басты заңның мазмұны 84 пайызға жаңарған. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, референдумға сайлаушылардың 73,12 пайызы қатысып, оның 87,15 пайызы қолдап дауыс берген. Сөйтіп 1 шілде күні жаңа Конституция күшіне енді. Қазақстан президенті сол күні-ақ парламент сайлауының күнін белгіледі.
Басты құрылымдық өзгеріс – қос палаталы парламент бір палаталы органға айналды. Сенат пен мәжіліс қызметін тоқтатып, оның орнына бес жылға сайланатын, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай жұмыс істейтін болды. Бұрынғыдай бірмандатты округ деген болмайды, Құрылтайға тек партия арқылы сайлануға болады.
Құрылтайдың өзіне бұрынғы парламенттегі мәжілістен және сенаттан көбірек құзырет берілген. Жаңа орган үкіметке үміткерлерді қарастырады; министрлердің есебін, премьер-министрдің жылдық есебін тыңдайды; сенімсіздік вотумын білдіру туралы бастама көтере алады; вице-президент, премьер-министр лауазымына үміткерлерді, Конституциялық сот, ОСК және Жоғары аудиторлық палата құрамын мақұлдайды; президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды. Бірақ сөйте тұра Құрылтай төрағалығына кандидатты президент ұсынады. Президент сондай-ақ парламент спикерлігі мен вице-президенттікке үміткерді екі рет мақұлдамаған Құрылтайды таратып жібере алады. Вице-президент – 30 жылдан кейін, осы конституциялық реформа кезінде пайда болған лауазым. Бірақ ол бұрынғы кездегідей сайланбайды, тағайындалады.
ОСК сайлауға жеті партияны өткізіп отыр. Олар: "Әділет", Respublica, Қазақстан халық партиясы, "Ауыл", "Ақ жол", "Байтақ" және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).
Бір партиядан ұсынылатын кандидаттар санына шектеу қойылған: тізімдегі үміткерлер саны барлық мандат санынан (145) 30-дан жоғары пайызға көп болмауға тиіс. Яғни бір партия көп дегенде 188 адамды ұсына алады. Бұған қоса, партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар үшін міндетті 30 пайыздық квота сақталуы керек.
Ең үлкен тізімді "Әділет" ұсынды. Онда партия жетекшісі Айбек Дәдебай бастаған 186 үміткер бар.
Одан кейін Айдарбек Қожаназаров басшылық ететін Respublica тұр. Олар 76 үміткер ұсынған.
Бұрын коммунистік партия аталған Қазақстан халық партиясының тізімінде 72 адам бар. Сайлау науқаны қарсаңында партияда басшылық ауысты. Бір кездері Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаевтың орнына Нұрсұлтан Шоқанов келді.
"Ауыл" партиясының да төрағасы жаңарған. Жаңа басшысы – Қайрат Айтуғанов. Бұл партияның тізіміне 69 адам кірді.
Төрағасы ауысқан тағы бір партия – "Ақ жол". Оның тізімінде 63 үміткер көрсетілген. Партияны 15 жыл басқарған Азат Перуашев жуырда басшылықтан кетіп, орнына Дания Еспаева келді.
Азаматхан Әміртай бастаған "Байтақ" жасылдар партиясы 47 үміткерді тіркеді.
Бұрын оппозиция партия саналған ЖСДП-да 33 үміткер. Партияны кейінгі алты жылда Асхат Рақымжанов басқарады.
"Әділет": Назарбаев дәуіріндегі үстем партияны жұтып қойған жаңа партия
"Әділет" партиясы биыл 2 маусымда тіркелген. Ал оның құрылтай съезі содан бір ай бұрын – 7 мамырда өткен. Ал оған дейін, нақтырақ айтқанда 15 сәуір күні 16 адамнан тұратын бастамашыл топ партия құруға ниет білдірді. Топтағы жеті адам президенттің жарлығымен жаңа Конституцияның мәтінін әзірлеген конституциялық комиссияға мүше болған.
12 маусым күні Назарбаев билігі тұсында ықпалды күш саналған "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы өз съезінде "Әділетке" қосылуға ниет білдірді. Ширек ғасыр үстемдік құрған партия бұл шешімді түсіндірерде "ел дамуының жаңа кезеңінде күштерді біріктіру қажет" деп мәлімдеді. 14 маусым күні "Әділет" өтінішті қабыл алып, ескі партияны өз қатарына қосты. Келесі күні "Аманат" кеңселерінің маңдайшаларында тұрған атаулар өзгере бастады.
"Бұл – негізгі президентшіл партияны формалды біріктіру арқылы ғана жаңарту. Мұндай тәсілді түрлі авторитарлық режимдер мен автократтар да қолданған. Билікке келген соң олар өз билігін нығайту немесе өзіне адал топтардың желісін қалыптастыру үшін партияларды бос қабық ретінде пайдаланып, жаңарғандай етіп көрсетеді. Өйткені парламент пен өңірлік билік органдарындағы орындар дәл осы партия арқылы бөлінеді, демек ресурстарға қолжетімділік те осы арқылы жүзеге асады" дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.
"Әділет" басшысы Айбек Дәдебай партияға келгенге дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болды. Бұл қызметтен ол партия съезінің алдында ғана кетті. "Әділеттің" партиялық тізіміне президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Ерлан Карин (1 шілдеге дейін ол мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған), оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов кірді. Тізімде сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұсында елдегі ірі кәсіпорындардың иесі атанған бизнесмендер Андрей Лаврентьев пен Шахмұрат Мүтәліп те бар.
Тізімдегі ерекше адамдардың бірі – №105 үміткер Дана Медеуова. Ол – Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастина мен дипломат күйеу баласы Теміртай Ізбастиннің қызы. Тоқаев Ізбастинді 2019 және 2022 жылдары екі рет Қазақстанның Болгариядағы елшісі қызметіне тағайындаған.
Әлжановтың пікірінше, "Әділет" президенттік билікті күшейту үшін құрылған.
"Конституциялық өзгерістер мен өкілеттіктерді ұзарту мүмкіндігі бар президенттік биліктің күшеюі қоғамға саяси жаңару ретінде ұсынылып отыр. "Әділетті" құру – осы жаңарудың имитациясы және президентке деген қолдауды ауқымды етіп көрсету. Алайда толықтай жаңа жобаны жасау мүмкін емес деуге болады, өйткені оны толтырғанға адам жоқ. Сол себепті қаптама құрып, артынша ресурсы, бюрократиясы, инфрақұрылымы және медиасы бар "Нұр Отанмен" бірігу туралы мәлімдеме жасау айқын шешім болды" дейді сарапшы.
Сайлаудың социологиясы
DATAMetrics компаниясы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 8 мың адам арасында сайлау алдындағы көңіл күй жайлы сауалнама жүргізген.
Төменнен жоғарыға жүргенде нәтижесі былай болған: "Байтақ" – 1,1 пайыз, Қазақстан халық партиясы – 2,1 пайыз, ЖСДП – 2,4 пайыз, Respublica – 3,4 пайыз, "Ақ жол" – 4,6 пайыз, "Ауыл" – 7,3 пайыз. Респонденттердің 2,3 пайызы барлық партияға қарсы дауыс беретінін айтса, 22,6 пайызы әлі өз таңдауын жасамаған. Партиялар арасында бірінші орынды 54,2 пайызбен "Әділет" алған. Сайлауға респонденттердің 75,6 пайызы қатысатынын айтқан.
Тәуелсіз зерттеу орталықтары сауалнама жүргізбеді. DATAMetrics-тен бөлек сауалнама және экзитпол жүргізу құқығы Еуразиялық интеграция институтына және Қоғамдық саясат институтына берілген.
"Әділеттің" әкімшілік ресурсы мол екені анық байқалады. Оны партия құрамынан да көруге болады. Партияны кеше ғана президент әкімшілігіне жетекшілік еткен адам басқарады. Басшылық құрамында одан бөлек президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, бұрынғы министр, "Қазақтелеком" мемлекеттік компаниясының басшысы және балалар омбудсмені бар.
Астанада өткен сайлауалды съезі партияда қаражат тапшылығы жоқ екенін аңғартты. Тәуелсіздік сарайында өткен іс-шара арасында шоуға ұқсап кетті: сахнаға кәсіби бишілер шығып, үлкен монитордан партия жарнамасы көрсетілді. Съездің өзі тікелей эфирде тарады.
Бір қызығы, әзірге "Әділеттің" мемлекеттен қаржы алуға ресми құқығы жоқ. Заң бойынша парламентке өткен партиялар ғана бюджеттен қаржы алады. 2026 жылы партияларды мемлекеттік қаржыландырудың жалпы көлемі 17,7 миллиард теңгені (шамамен 37 миллион доллар) құрайды. Қаржы 2023 жылғы мәжіліс сайлауында алынған әр дауыс үшін 0,65 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы – 2 811,25 теңге) мөлшерінде есептеліп, ай сайын төленеді.
Бұл қаржыны бұрынғы парламентте өкілдігі болған алты партия ғана алады: "Аманат», "Ақ жол», "Ауыл», Respublica, Қазақстан халық партиясы және ЖСДП. 2026 жылы "Аманат» партиясы 2023 жылғы сайлауда алған 3,4 миллион дауыс үшін 9,6 миллиард теңге алды. Бұл – партияларға бөлінетін жалпы бюджет қаржысының шамамен 54 пайызы.
"Әділеттің» "Аманатты» өз құрамына қосып алуы бұл қаржы бірден жаңа партияға өтеді дегенді білдірмейді. Екі партияның съездері бірігу туралы шешімді тек 12–14 маусымда мақұлдады. Ал бірігудің заңдық рәсімі, жаңа партияны құрушылардың бірі Рауан Кенжеханұлының бағалауынша, тағы бес-алты айға созылуы мүмкін, яғни шамамен 2026 жылдың соңына дейін аяқталмайды. Осы рәсім аяқталғанша "Аманат» жеке заңды тұлға ретінде өмір сүре береді және миллиардтаған теңгенің ресми алушысы болып қала береді.
"Әділет" партиясы бірігу процедурасы аяқталған соң "өткізу құжаттарында көрсетілген құқықтар мен міндеттерді" өз мойнына алатынын мәлімдеген. Бірақ оның ішінде бюджеттен қаржы алу бар-жоғы айтылмаған. Алайда "Әділет" қазірдің өзін "Аманаттың" көп жыл бойы қалыптасқан инфрақұрылымын, аппаратын, аймақтағы кеңселерін және медиаресурстарын өз қолына алып отыр.
Бұған сайлау науқанына арналған қорды да қосуға болады. 2026 жылы бұл қордың шекті көлемі үш есе ұлғайтылып, ең көп дегенде 3,8 млрд теңге болып бекіді. Жеке тұлға бір партияға көп дегенде 25,5 млн теңге, заңды тұлға 127,5 млн теңге бере алады. Формалды түрде бұл шектер барлық жеті партияға ортақ. Бірақ іс-жүзінде жоғарғы шекке ірі бизнестің қолдауына ие күштер ғана жете алады. "Әділеттің" құрамына қарағанда, партияда ондай қолдау бар деуге болады. Өйткені мүшелерінің қатарында Qarmet-тің тең иесі мен өзге де ірі кәсіпкерлер бар.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қазақстандағы партияларды мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігіне күмәнмен қарайды.
"Авторитарлық жүйеде партиялар қоғаммен байланыс орнатпайды, олардың міндеті басқа. Сондықтан олардың пайдасы аз, ал шығыны көп. Бізде партияларды мемлекеттік қаржыландыру бар, олар бұл қаржыны өз қалауынша жұмсай алады. Бұл – қаржыландыруды алып тастау керек деген сөз емес. Ол саяси бәсеке бар елдердегі партияларға пайдалы, өйткені олардың дамуына көмектеседі. Ал "Аманат" пен "Әділет" қатарындағы қарапайым мемлекеттік қызметкерлер – жай ғана көпшілік. Партия үшін маңыздысы – парламентке, әкімдіктер мен мәслихаттарға кімдердің жіберілетінін бақылау» дейді ол.
Әлжановтың пікірінше, бұл жерде шынайы сайлаушы үшін күрес жүріп жатқан жоқ.
"Қазақстандағы режим партиялық авторитаризм емес, ол – авторитарлық әрі персоналистік режим. Президент партиясының өз бетінше әрекет ету мүмкіндігі жоқ. Ол билік үшін күресу үшін емес, президенттің патронаждық желісін қалыптастыру үшін құрылған. Партия арқылы депутаттар мен бюрократия бақылауда ұсталады. Партия басшыларының билігі сыртқа емес, ішке бағытталған: тәртіпті сақтау, режимге адал әрі пайдалы адамдарды ілгерілету. Мұндай партиялардың үстемдігі саяси бәсекеге немесе бейімделуге емес, президент бөліп беретін ресурстарға негізделеді. Сондықтан олар үлкен болуы мүмкін, бірақ ықпалды болмайды. Әдетте мұндай партиялар режиммен бірге күйрейді" дейді ол.
"Әділет" партиясы "Нұр Отан» жолын қайталай ма?
Қазіргі құрылымның қаншалықты жаңа екенін түсіну үшін бәрі неден басталғанын еске түсірген жөн. "Отан» партиясы 1999 жылғы 12 ақпанда оны басқарған Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау алдындағы штабы негізінде тіркелді. 2000 жылдардың ортасында басқа партиялармен (соның ішінде оның қызы Дариға Назарбаеваның "Асар» партиясы да бар) бірнеше рет біріккеннен кейін партия "Нұр Отан» болып өзгертілді. Назарбаев шамамен 23 жыл бойы оның төрағасы болып 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл қызметтен кетті. Сол күні партияның жаңа саяси кеңесінің құрамынан Дариға Назарбаева шығарылды. Партияны Тоқаев басқаратын болды. Сол жылы күзде оның атауы "Аманат" болып өзгерді.
Президентке жақындығы бойынша, бұл екі партия бір-біріне ұқсас. Алайда Назарбаев "Нұр Отанды" өзі басқарса, Тоқаев формалды түрде басшылық құрамына кірді. Алайда жаңа партияны Тоқаев әкімшілігінің жетекшісі болған адам басқарады.
Саясаттанушы Димаш Әлжановтың айтуына қарағанда, партиядағы негізгі тұлға болу үшін оған басшы болу міндетті емес.
"Персоналистік режимдерде сізге формалды түрде партия көшбасшысы болу міндетті емес. Біздің жағдайда президент лауазымы мен биліктің шоғырлануы партиядағы үстемдік үшін шешуші мәнге ие. Партияны персонализациялау оны өзіңізге ұқсас есіммен атағанда ғана болмайды. Бұл президент өзінің қажеттіліктері үшін партиялық жүйені консолидациялап, өзімен байланысты, өзіне адал адамдардан тұратын және өзінің мүдделерін ілгерілететін негізгі басым күшті құрған кезде болады. Қазір біз мұны "Әділет" партиясы мысалынан көріп отырмыз" дейді ол.
Қалған партиялар осыған дейін де, қазір де билік партияларынан әлсіздеу. Оппозициялық болсын, билікшіл болсын, ешбір өзге партия "Нұр Отанның" немесе "Аманаттың" парламенттегі үстемдігіне жақындаған емес.
Қазақстанның құқық қорғау және медиа ұйымдары жергілікті жерлерде мұғалімдерді, дәрігерлерді және басқа да бюджеттік ұйым қызметкерлерін билік партиясына кіруге мәжбүрленетінін немесе оларды үгіт-насихат шараларына күштеп қатыстыратынын бұрыннан айтып келеді. Мұны қазақстандық баспасөз құралдары да бірталай мәрте көрсеткен. Алайда құқықтық тұрғыда мәжбүрлеу барын дәлелдеу мүмкін болмай келеді.
Биыл шілдеде әлеуметтік желіде мұғалімдерді "Әділетке" күштеп кіргізіп жатқаны жайлы ақпарат тарады. "Әділет" бұл ақпарат "фейк" деп мәлімдеді.
"Әділет» пен "Нұр Отан» арасында ұқсастық көп екенін басқа да қазақстандық сарапшылар айтып отыр. Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева "Әділет» уақыт өте келе Тоқаевқа Назарбаевтан мұраға қалған "Аманат» партиясын толығымен ығыстыру үшін құрылуы мүмкін дейді.
Халықаралық байқаушылар бағасы қандай?
2026 жылғы 10 шілдеде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) Астанада сайлауды бақылау миссиясын ашты. Бюро өзінің алдын ала есебінде сайлау "саяси қатысудың жалпы шектеулері жағдайында» өтетінін, оның ішінде бірлесу, бейбіт жиындар мен пікір білдіру бостандығы шектеліп отырғанын, тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсу мүмкіндігі түбегейлі жойылғанын атап өткен. Миссияның мәлімдеуінше , ДИАҚБ-ның бұрынғы ұсыныстары ескерілмеген.
Сайлауалды науқан қарсаңында "Еркіндік қанаты" қоры Құрылтай сайлауын бақыламайтынын мәлімдеді . Олар 2016 жылдан бері сайлау учаскелеріне байқаушы жіберіп, құқықбұзушылықтарды тіркеп отыратын. Қор бұл шешімін түсіндірерде 2019-2022 жылғы реформалар кері кеткенін, бір мандатты округ кандидаттары жоқ екенін, азаматтық қоғамға және баспасөз құралдарына қысым күшейіп кеткенін мәлімдеген. Қор сондай-ақ өз қызметкерлері мен еріктілерінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, оған мысал ретінде бұған дейінгі оқиғаларды атап өткен. Нақтырақ айтқанда, "Еркіндік қанатының" мәлімдеуінше, 2024 жылы қор кеңсесінде интернет өшірілген, ал 2026 жылы салық органдары қордың 2020-2021 жылғы есебін тексерген, 2023 жылы күш құрылымдары ұйымға өз адамын кіргізбек болған.
Биылғы сайлауға мемлекет үкімет резервінен 34,3 млрд доллар жұмсамақ . Оның ширек бөлігі бүкіл ел аумағындағы сайлау комиссияларының 71 мың мүшесіне жалақы күйінде төленбек.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов жаңа партияның құрылуы алдағы сайлаудың нәтижесіне әсер етпейтінін айтады.
"Сайлау жұмыс істемейді. Елде бәсеке жоқ. Сол себепті нәтижесінде атауы жаңа негізгі президенттік партия басым түседі" дейді ол.