Accessibility links

Рұқсаты бар 7 институт, шектелген бір сұрақ. Референдум қарсаңында қоғам пікірін кім анықтайды?

2022 жылы Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумнан түсірілген сурет.
2022 жылы Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумнан түсірілген сурет.

15 наурызда қазақстандықтар сайлау учаскелеріне барып, Конституцияны жаңарту мәселесіне дауыс береді. Референдум қарсаңында қоғам пікірін анықтау қатаң реттеліп, желіде "референдумға барасыз ба?" деп пост жазғандар да, блиц-сауалнама жүргізген журналистер де, "референдумды бақылайсыз ба?" деп сұраған белсенділер де айыппұл арқалап жатыр. Орталық референдум комиссиясы "Сайлау туралы" заңға сәйкес хабарлама жіберіп, рұқсат алған заңды тұлға ғана бұл іспен айналыса алатынын айтады. Азаттық "әлеуметтік сауалнама деген не, оны қалай жүргізеді?", "қоғамдық пікірдің маңызы неде?" және "сайлау не референдум қарсаңында қоғам пікірін анықтайтын институттар бейтараптығы неге маңызды?" деген сұрақтарға жауап іздеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӘРТІП ҚАЛАЙ?

Референдум күні Орталық референдум комиссиясы жария мәлімдеген "2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын қабылдайсыз ба?" сұрағы бюллетендерге шығарылады. Ал ел азаматтары "иә, қабылдаймын" немесе "жоқ, қабылдамаймын" деген екі жауаптың бірін таңдай алады. Референдумға шығарылған мәселе қабылдануы үшін дауыс беруге құқылы азаматтардың жартысынан көбі келуі керек және келген халықтың 50 пайыздан көбі қолдау білдіруі қажет.

Ал Орталық референдум комиссиясы 23 ақпанда өткен жиынында Қазақстанда жасы 18-ден асқан 12 461 796 азамат дауыс беруге құқылы екенін хабарлады.

Қазақстанда "Сайлау туралы" заңға сай, елде тіркелген, кемінде кейінгі бес жыл әлеуметтік сауалнама жүргізген заңды тұлға өткізе алады. Сауал салғысы келген институт Референдум кезінде "Орталық референдум комиссиясы" деп аталады. ұйым туралы және сауаланаманы өткізуге қатысатын мамандардың біліктілігін растайтын құжаттарды, сауалнама өтетін өңірлер мен қолданылатын талдау әдістерін жазып жіберуі керек.

"Сайлау туралы" заңның 28-бабы 9-тармағында сауалнама жүргізгісі келетін ұйым "Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы" делінген. Дегенмен Орталық сайлау комиссиясының әлеуметтік ұйымдардан құжаттарды қабылдап, соның негізінде рұқсат беру не кері қайтару құзыреті бар.

Сондай-ақ "Республикалық референдум туралы" заңның 8-бабының 3-тармағында шетелдік ұйымдар елдегі референдумға қатысты шараларды, соның ішінде қоғамдық пікірге сауал салу процесін жүргізуге тыйым салынатыны жазылған. Орталық сайлау комиссиясы дәл осы тармаққа сілтеп, MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанында құрылған Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросына сауал салуға рұқсат бермеген. Demoscope бюросы шешіммен келіспейтінін жазған.

Demoscope 2014 жылдан бері Қазақстандағы түрлі мәселелер мен саяси шешімдерге қатысты қазақстандықтардың көзқарасын анықтап келеді. Мысалы, қоғамның ақшаның құнсыздануына, орта білім беру жүйесіне, президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге, журналистерге, қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуіне, Украинадағы соғысқа және АЭС құрылысына қатысты көзқарасын анықтаған.

Алдағы республикалық референдумға қатысты қоғамдық пікірді әзірге 7 институт анықтай алады. Орталық референдум комиссиясы 18 ақпанда 4 институттан сауалнама жүргізу хабарламасы келгенін мәлімдеді. Екі күннен кейін тағы екі институт тізімге енсе, 22 ақпанда олардың саны жетеуге жеткені белгілі болды. Тізімде мына жеті институт бар:

  • Бұрынғы "Нұр Отан", қазіргі "AMANAT" партиясының Қоғамдық саяси институты;
  • Ақпарат және мәдениет министрлігі жанындағы "Қазақстандық қоғамдық даму институты";
  • "Демократия институты" ғылыми-зерттеу ассоциациясы" қоғамдық бірлестігі;
  • "Қоғамдық пікір" зерттеу институты;
  • Еуразиялық интеграция институты;
  • "DATAmetrics" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері;
  • "СОЦИС-А" жеке қорының "Астана" кешенді әлеуметтік зерттеулер институты (ИКСИ-Астана).


ШЕКТЕЛГЕН БІР СҰРАҚ

17 ақпанда Алматы соты Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызын Х әлеуметтік желісіндегі жеке парағына Қазақстанда 15 наурыздағы референдум жөнінде сауалнама жариялағаны үшін әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салды. "Уральская неделя" басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумды 15 наурызға белгіленетінін мәлімдеген күні Telegram-арнасында жаңалық жариялап, соңына "Референдумға барасыз ба?" деген сұрақты қоса кеткені үшін айыппұл алды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы "Жария" тәуелсіз байқаушылар бірлестігінің жетекшісі Бекнұр Сыражанов ұйымның Facebook парақшасына "15 наурыз күнгі референдумды бақылау керек пе?" деп пост жазғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Облыстық прокуратура оны "сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізді" деп 65 мың теңге айыппұл салған. Сыражанов Азаттыққа пост жазу арқылы тәуелсіз байқаушы болғысы келгендерді тапқысы келгенін айтты.

Одан бөлек, Жолдасбек Темірғалиев есімді азамат Threads әлеуметтік желісінің қолданушылары арасында сауалнама жүргізгені үшін әкімшілік жазаға тартылған. Кейінгі екі аптада осыған ұқсас тағы бірнеше жағдай болды.

Азаттық тілшісі 23 ақпанда өткен Орталық референдум комиссиясының жиынына қатысып, журналистер мен қарапайым азаматтардың желіде референдумға қатысты жазған сұрағы неге әлеуметтік сауалнамаға теңестіріліп отырғанын, журналистер қоятын "Референдумға барасыз ба?" немесе "Референдумға қатысты не дейсіз?" деген сұрақтар мен қоғамдық пікірді анықтауды көздейтін әлеуметтік сауалнаманың айырмашылығын түсіндіріп беруді сұрады. Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік "Республикалық референдум туралы" және "Сайлау туралы" конституциялық заңдарға сілтеп, жеке тұлғалар қоғамдық пікірге сауал сала алмайтынын айтты.

Қоғамдық институттардың референдум күні жүргізген сауалнама қорытындысы учаскелер жабылған соң бір-екі сағатта шығады.
Қоғамдық институттардың референдум күні жүргізген сауалнама қорытындысы учаскелер жабылған соң бір-екі сағатта шығады.

"Заң бойынша жеке тұлғалардың қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу қолданыстағы заңдағы нормаларда көзделмеген" деді Сүйіндік 23 ақпанда өткен жиында.

Мәжіліс кулуарында депутат Ермұрат Бапи Азаттық тілшісінің "бұл құзырлы органдардың билігін асыра пайдалануы емес пе?" деген сұрағына "жаңа Конституцияға қатысты өз пікірін білдіріп жатқан азаматтарға қысым көрсету заңға қайшы" десе, тағы бір депутат Никита Шаталов бұл қоғамдық пікірдің желілерде бұрмаланып кетпеуі үшін жасалып отырғанын айтты.

САУАЛНАМА СТАНДАРТЫ ҚАНДАЙ?

Республикалық референдум өтпей тұрып, Қазақстанның барлық азаматының жаңа Конституцияға қатысты көзқарасын анықтау қиын. Әйтпесе де Қазақстандағы дауыс беруші 12,5 миллион адамның абоненттік нөмірлерінің дерекқорынан 1000-1500 адамды алып, жалпы халықтың репрезентативті салмағы ретінде деп, сауалнама арқылы қоғамдық пікірді анықтауға болады.

Миллиондаған дауыс берушінің белгілі бір процеске көзқарасы сол таңдап алынған репрезентативті азаматтардың жауаптарына негізделеді. Сондықтан қоғамдық пікір бұрмаланбауы үшін ықтимал іріктеу қатесіз жүргізілуі керек, әрбір азаматтың бұл топқа іріктелуіне тең мүмкіндігі болуға тиіс.

Ықтимал іріктеу деп зерттеуге қатысушыларды таңдаудың кездейсоқ әдісін айтады. Дауыс берушілердің абноненттік нөмірлерін компьютермен кездейсоқ таңдай салу техникалық тұрғыдан қате саналады. Ғалымдар азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша алдымен облысқа, сосын қала мен ауылға бөледі. Әр облыстан халық санын ескере отырып, кездейсоқ елдімекендер таңдалады. Таңдап алынған қала не ауылдағы көшелер мен үйлер де кездейсоқ таңдау әдісімен іріктеледі. Тең репрезентациялау арқылы алынған топ кейін елдегі демокрафиялық көрсеткіштерге сәйкестендіріледі. Мысалы, Қазақстандағы кәмелетке толған әйелдер 52-53 пайыз төңірегінде болғандықтан, сауалнамаға қатысатын әйелдердің үлесі де сол шамада болуы керек.

Мәселен, америкалық Pew зерттеу орталығы елдегі барлық телефон нөмірлерінің комбинациясын жасап, соның ішінен жоғарыдағы әдіспен ықтимал іріктеу арқылы сауалнама жүргізеді. Ал Gallup институты азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша іріктейді. Екінші іріктеу әдісі телефонсыз не интернетсіз отырған өңірлерді қамтуға мүмкіндік береді.

2022 жылғы референдумдағы дауыс санау процесі.
2022 жылғы референдумдағы дауыс санау процесі.

Pew зерттеу орталығы таңдап алынған респондент телефонын көтермесе, кейінгі 4 апта ішінде тағы 7 рет қайта хабарласады. Респондент жауап беруден бас тартса, оның орнына басқа біреу алынбайды, сауалнама дерегінде "жауап бермегендер" санатына қосылады.

Әлеуметтанушылар "жауап бермегендер" санатынының үлкейгені қоғамдық пікір анықтығына әсер ететінін айтады. Сондықтан респондент бас тартқанда, зерттеу институтының өкілі оған бірнеше күн не апта уақыт береді. Сосын ең тәжірибелі, арнайы дайындықтан өткен маман сол адамға қайта хабарласып, зерттеудің маңыздылығын түсіндіреді, бірақ мәжбүрлемейді. Кейде респонденттің уақытын өтеу үшін кішігірім ақшалай сыйақы ұсынылады.

Қоғамдық пікірді анықтайтын институт, әдетте зерттеуге сенімді арттыру үшін сауалнама әдістерін көрсетіп, қолданған деректер қорын және ықтимал іріктеуді қалай жүргізгенін ашық түсіндіреді. Мұның бәрі институт сайтында және әр зерттеу есебінде анық жазылады.

ТІРКЕЛГЕН ИНСТИТУТТАРДЫҢ САУАЛНАМАСЫ

Референдум күні жақындаған тұста Орталық референдум комиссиясының қоғамдық пікірге сауал салуға берген рұқсаты бар үш институт қазақстандықтардың конституциялық реформаға қатысты пікірін анықтап, жариялап үлгерді.

22 ақпанда Астанада тіркелген "Қоғамдық пікір" зерттеу институты Қазақстан бойынша жасы 18-ден асқан 1200 азаматты іріктеп, сауалнама жүргізген. Институт зерттеушілері респондентердің 78 пайызы жаңа Конституция жобасын қолдайтынын анықтағанын мәлімдеді. Сауалнамаға қатысқандардың небәрі 22,5 пайызы жаңа заң жобасымен танысып үлгермегенін айтқан. Институт ресми есебінде жауап бергендердің 65 пайызы ұсынылып отырған өзгерістер олардың жеке өмірі мен тұрмыс деңгейіне оң әсер ететінін білдіргені жазылған. Сауалнама ұялы байланыс абоненттері арасында жүргізілгені және Қазақстанның барлық өңірін қамтығаны да айтылған. Статистикалық ауытқу, яғни қателесу коэффициенті 2,8 пайыз деп көрсетілген.

Есепте респонденттер "репрезентативті" деп жазылғанымен, олардың қалай таңдалғаны анық түсіндірілмеген. Одан бөлек, мобильді байланысы нашар өңірлерді қамту қалай жүзеге асырылғаны, респонденттердің нешеуі жауап беруден бас тартқаны белгісіз.

Қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі дүниежүзілік қауымдастығы (WAPOR) дайындаған сауалнама жүргізу кодексі мен нұсқаулығында сұрақтар респонденттерді жаңылыстырмауы, бір ұстанымға бағыттамауы қажет делінген, яғни сұрақ екі жақты да қамтитын симметриялы болуға тиіс.

"Қоғамдық пікір" зерттеу институтының есебінде сауалнамаға қатысқандарға "Сіздің ойыңызша, Президенттің Ұлттық құрылтайда ұсынған саяси реформалары қаншалықты уақтылы?" және "Президент Конституцияға енгізілетін алдағы өзгерістердің көлемді екенін атап өтті. Сіз конституциялық реформаны қаншалықты қолдайсыз?" деген негізгі екі сұрақ қойылғаны жазылған. Одан өзге сұрақтар қойылған-қойылмағаны есепте жеке көрсетілмеген.

Мысалы, жоғарыда аталған бірінші сұрақтың соңы "қаншалықты уақытылы" емес, "уақытылы ма әлде жоқ па?" болса, WAPOR нұсқаулығындағы бейтараптық мүмкіндігінше сақталады. Қоғамдық пікір бұрмаланбауы үшін екінші сұрақ та "қаншалықты қолдайсыз?" деп емес, "қолдайсыз ба әлде қарсысыз ба?" деп аяқталуы керек.

Одан бөлек, америкалық қоғамдық пікірді зерттеу қауымдастығының нұсқаулығына сәйкес, сұрақтарда респонденттердің бір жақты жауап беруіне итермелейтін сөздер не кіріспе жазылмауы керек. Мысалы, "Қоғамдық пікір" институтының екінші сұрағында президенттің бұл өзгерістердің "көлемді" екенін айтқаны туралы ақпарат берілген. Бұл әлеуметтану ғылымында "контекст арқылы бағыттау" (framing effect) деп аталады және сауалнама анық әрі бейтарап жүргізілуі үшін оған жол берілмеуі керек.

Осыған ұқсас социологиялық шешімдер "AMANAT" партиясының тапсырысымен оның жанындағы Қоғамдық саяси институт дайындаған сауалнама сұрақтарында да бар. 25 ақпанда жарияланған есепте жаңа Конституция жобасын респонденттердің 86,5 пайызы қолдағаны жазылған. Зерттеуде көрсетілген төрт сұрақтың біреуі екі жақты қамтитын симметриялы, ал қалғандары респонденттерді позитивті жауап беруге итермелейді. Мысалы, "Сіз бұл жобаны қолдайсыз ба?" сауалы тек қолдау туралы сұрайды. Жоғарыда айтылған халықаралық стандарттарға сәйкес, сұрақ "Сіз жобаны қолдайсыз ба әлде қарсысыз ба?" деп құрылғанда, бейтараптық қамтамасыз етілер еді.

Сондай-ақ 86,5 пайыз көрсеткіші екі түрлі жауап берген топты қосу арқылы алынған. Атап айтқанда, ұсынылған өзгерістерді "толық қолдайтындар" (48,4%) және "жекелеген баптарды мақұлдайтындар" (38,1%) дерегі біріктірілген. Демек "жекелеген баптарды мақұлдау" жобаны толық қолдауды білдірмейді. Есепте респонденттердің сол 38,1 пайызы қай баптарды мақұлдамайтыны көрсетілмеген.

Екі жақты тең ұсынбайтын сұрақ нұсқасы 4 наурызда жарияланған Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама есебінде де бар. Институт 12-20 ақпан аралығында 1200 қазақстандыққа телефон арқылы сауал салған, респонденттерге қойылған негізгі сұрақтардың бірі "Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қатысуды жоспарлап отырсыз ба?" болған. Бұл да WAPOR институтының нұсқаулығындағы екі жақты да қамтитын симметриялы сұрақ стандартына сәйкеспейді. Десе де институт бейтарап сұрақтар қойған болуы мүмкін. Тек ол есепте көрсетілмеген.

Қазақстандық қоғамдық даму институты сауалнаманы Ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырысымен жүргізгенін жазған. Мекеме ашықтық талаптарына сай институттың басқару құрылымы, зерттеушілер ұжымы, мемлекеттік сатып алулар мен қаржы есебін жариялап қойған. Дегенмен институт сайтында кейінгі жылдары өткен сайлау не референдумға қатысты жүргізген қоғамдық сауалнама есебі жарияланбаған. 4 наурызда жариялаған есебі мекеменің Telegram-аккаунтында шыққан.

Орталық референдум комиссиясынан рұқсат алған Еуразия интеграция институтының ресми сайтында оның құрылымы, басшылығы және қаржыландыру көзі көрсетілмеген. Зерттеулері жариялануға тиіс парақшасы мақала шыққанға дейін "әзірленіп жатқаны" жазылып тұрды. Әйтсе де ашық деректерде институттың мамандары саяси жиындар өткізіп, медиаға пікір білдіріп жүргені көрінеді.

Рұқсат алған тағы бір институт DATAmetrics сайтында да ақпарат аз, кейінгі жылдары жүргізген сауалнамалар туралы мәлімет жоқ. Институт зерттеушілері жөнінде ақпарат бар, бірақ құрылтайшылары, құрылымы не қаржыландыру көзі туралы жазылмаған.

Дәл осындай мәселе "СОЦИС-А" жеке қорына қарайтын "Астана" кешенді әлеуметтік зерттеулер институтына да қатысты. Сайтында институт жұмысы мен ұсынатын қызмет түрлері және зерттеу әдістері туралы мәлімет бар. Әйтсе де, институт жетекшілері мен құрамы, қаржыландыру көзі туралы ақпарат жазылмаған.

"Демократия институты" ғылыми-зерттеу ассоциациясының ресми сайты осы мақала жарияланғанға дейін істемей тұрды. Ашық деректерде 2022 жылғы конституциялық референдум мен 2023 жылы өткен парламент сайлауы кезінде қоғамдық пікірге сауал салғаны туралы мәлімет бар. Мемлекеттік сатып алу сайтында институт жетекшісі ретінде Айжан Қалкен есімді азамат көрсетілген.

Орталық референдум комиссиясының сайтындағы мәліметке сәйкес, рұқсат алған институттар респонденттерге телефон соғу арқылы және референдум күні дауыс беріп шыққан азаматтардан "бетпе-бет" сұхбат алу арқылы қоғамдық пікірді анықтайды. Халықаралық сауалнама жүргізу стандарттарына сәйкес, "бетпе-бет" сұхбат алу әдісі сауалнама жүргізудің ең ұтымды тәсілі саналады.

  • 16x9 Image

    Жолдас ӨРІСБАЙ

    Азаттық тілшісі, пропаганда және биліктің қоғамдық пікірді бақылауға талпынуына қатысты зерттеулер жасайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр дәрежесін алған. АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінде журналистика бойынша магистратураны тәмамдаған. Мақалалары халықаралық Eurasianet, The Diplomat басылымдарында және АҚШ-тың Мичиган штатындағы жергілікті газеттерде жарық көрді.

    «Тәуелсіз журналист биліктің жасырғысы келгенін әшкере етеді. Бірақ шындықты іздеу миссиясы қоғамдық мүддеге сай болмаса, оның да астарына үңілу керек. Себебі журналист үшін қоғамдық мүдде бәрінен жоғары. Әйтпесе, жақсы қоғам құру мүмкін емес».

    Email: OrisbayevZ@rferl.org

XS
SM
MD
LG