Accessibility links

Тоқаев Халық кеңесінің құрамын жариялады. Тізімде экс-депутаттар, бизнесмендер және қоғам өкілдері бар

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесінің құрамын жариялады. Ақорда билік пен халық арасында байланыс орнатады деп құрған консультативті органның құрамына кімдер кірді?

ЭКС-ДЕПУТАТТАР МЕН БИЗНЕСМЕНДЕР

Халық кеңесіне мүше болған 126 адамның арасында бұған дейін мәжіліс пен сенатта депутат болған Мұрат Әбенов, Ермұрат Бапи, Аманжол Әлтай, Еділ Жаңбыршин, Нұртөре Жүсіп, Нұртай Сабильянов, Геннадий Шиповских бар.

Бұған қоса, Халық кеңесіне ірі бизнесмендер де енді. Мәселен, "Қармет" компаниясының иесі Андрей Лаврентьев, жас миллиардер әрі құрылыс, энергетика, алтын өндіру саласындағы компаниялардың құрылтайшысы Шахмұрат Мүтәліп, "Зенченко и К" компаниясының директоры Геннадий Зенченко және ірі кәсіпкерлер Гаджи Гаджиев, Жұмабек Жанықұлов та тізімде.

Бұрын цифрлық даму министрі болған, қазір "Қазақтелеком" басшысы Бағдат Мусин, бұрынғы экология министрі Ерлан Нысанбаев та кеңеске енді.

ТІЗІМДЕГІ ЖУРНАЛИСТЕР, СПОРТШЫЛАР МЕН АҚЫНДАР

Халық кеңесі құрамына енгендер қатарында Қазақстан президентінің кеңесшісі, жазушы Бауыржан Омаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын Мерей Қарт бар.

Сондай-ақ Тоқаев жариялаған тізімге "Қазақстан" телеарнасының журналисі әрі Конституция өзгерістерін ашық қолдаған Ерқанат Көпжасарұлы, билік саясатын қолдайтын блогер Алмас Алтай, тележүргізуші Ольга Спирина, "Әділет" партиясы саяси бюросының мүшесі әрі "Қазақ тілі" қоғамдық қорының президенті Рауан Кенжеханұлы енді.

Грек-рим күресінен 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, грек-рим күресінен 2020 жылғы Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, көркем гимнастикадан Азия ойындарының чемпионы әрі жаттықтырушы Әлия Юсупова да Халық кеңесінде болады.

ЭТНОМӘДЕНИ ҰЙЫМ ӨКІЛДЕРІ МЕН ҒАЛЫМДАР

Кеңес құрамында орыс, славян, түрік, дүнген, кәріс, әзербайжан, шешен, неміс, түркімен сияқты түрлі ұлттардың этномәдени орталықтарының өкілдері бар.

Бұған қоса Халық кеңесіне "Мемлекет тарихы институты" директорының орынбасары Еркін Әбіл, Философия және саясат институтының директоры Айгүл Сәдуақасова, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Вячеслав Локшин мен Сұраған Дурвудхан да бар.

Кеңеске кіргендердің қатарында өнер, білім, әлеуметтік қорғау салаларының және аймақтағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бар.

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ ҚАНДАЙ ОРГАН?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда Қызылордадағы Ұлттық құрылтай жиынында Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай таратылып, оның орнына Халық кеңесі құрылатынын жариялаған.

Тоқаев Халық кеңесін "әділетті Қазақстанның іргесін нығайтуда маңызды рөл атқаратын бірегей диалог алаңы" деп атаған. Жаңа Конституцияда "кеңес – халық мүддесін білдіретін жоғарғы орган" болатыны жазылған. Кеңестің 126 мүшесін президент тағайындайды. Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады әрі референдум тағайындау туралы бастама көтереді.

Биліктің жоспары бойынша, бұл орған бұған дейін жұмыс істеген Қазақстан халық ассамблеясының және ұлттық құрылтайдың орнын басатын, қоғамның өзекті мәселелері талқыланатын орын болуы тиіс.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Халық кеңесі президентті қолдайтын құрылым болады. Қоғам үшін аса сезімтал саяси мәселелер, мәселен, өкілетті ұзарту немесе өзге де даулы, өткір тақырыптарды көтеру қажет болса, соларды президенттің атынан қозғайтын бастамашыл құрылым пайда болады. Демек, бұл – тікелей қолдаушы құрылым. Президент кімді тағайындаса, сол оның вертикаліне, оның құрылымына кіріктіріледі" деген еді.

Бұған дейін қаржы министрлігі Халық кеңесінің жұмысына жылына 1,7 млрд теңге бөлінетінін, мүшелеріне жалақы берілетінін айтқан. Бірақ Халық кеңесі мүшелері қанша теңге жалақы алатынын жарияламады.

Халық кеңесінің бірінші сессиясы 2026 жылғы 23-24 қыркүйек күндері Астанада өтеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG