Accessibility links

АҚШ Қазақстанның инвестициялық ахуалын бағалады: инвесторларды не алаңдатады?

АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына баға беріп, кейінгі жылдардағы оң өзгерістер мен әлі шешімін таппай отырған кедергілерді атап өткен. Суретте Қазақстан мен АҚШ басшыларының Вашингтондағы 2025 жылғы кездесуі бейнеленген.
АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына баға беріп, кейінгі жылдардағы оң өзгерістер мен әлі шешімін таппай отырған кедергілерді атап өткен. Суретте Қазақстан мен АҚШ басшыларының Вашингтондағы 2025 жылғы кездесуі бейнеленген.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанды Орталық Азиядағы шетел инвестициясы үшін маңызды нарық деп бағалайды. Бірақ Вашингтонның жаңа есебінде құқық үстемдігі, жемқорлық, мемлекеттік реттеудің тұрақсыздығы және жаңа салық кодексі инвесторлар үшін тәуекел факторы болып отырғаны айтылған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы 2026 жылғы есебін жариялады. Құжатта Қазақстанның нарықтық экономика қалыптастыруда едәуір ілгерілегені және тәуелсіздік алғаннан бері шетел инвестициясын белсенді тартып келе жатқаны айтылады.

АҚШ ведомствосының дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстандағы тікелей шетел инвестициясының жиынтық қоры 170 миллиард долларға жеткен. Оның 35,5 миллиард доллары АҚШ капиталына тиесілі.

Шетелдік инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ және тау-кен салаларына бағытталған. Қазақстанның табиғи ресурстары мен транзиттік әлеуеті инвесторлар үшін негізгі артықшылық болып отыр.

Бірақ инвестиция көлемінің жоғары болуы елдегі бизнес ахуалы барлық жағынан қолайлы дегенді білдірмейді дейді есеп авторлары.

АҚШ Қазақстанмен "Орталық Азия + 1" форматында да жұмыс істейді. 2025 жылғы 6 қарашада Вашингтонда болған кездесу.
АҚШ Қазақстанмен "Орталық Азия + 1" форматында да жұмыс істейді. 2025 жылғы 6 қарашада Вашингтонда болған кездесу.

Инвесторларды не алаңдатады?

АҚШ есебінде шетелдік компаниялар үшін бірнеше проблема аталады. Олардың арасында құқық үстемдігі, жемқорлық, мемлекеттік реттеудің болжамсыздығы, жергілікті компанияларға басымдық беру және мемлекеттің экономикадағы жоғары үлесі бар.

Инвесторлар заңдар мен нормативтік актілердің жиі өзгеретініне алаңдайды. Ұзақ мерзімді жобаға жүздеген миллион доллар салатын компания үшін ережелердің тұрақтылығы аса маңызды дейді мемлекеттік департамент.

Қазақстан үкіметі отандық өндірісті қолдау үшін жергілікті компанияларға артықшылық беретін саясат жүргізеді. АҚШ есебінде мұндай шаралардың шетелдік бизнес үшін нарыққа кіруді қиындатуы мүмкін екені көрсетілген.

Мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың экономикадағы үлесі де проблема ретінде қаралады. Қазақстан билігі жеке бизнестің рөлін арттыруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға уәде бергенімен, бұл бағытта әлі жұмыс көп екені баяндалған.

Жаңа салық кодексі

АҚШ есебінде 2026 жылы күшіне енген жаңа салық кодексі туралы да сөз болған.

Жаңа ережелер бойынша қосылған құн салығының негізгі мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді. Корпоративтік табыс салығы да салаға қарай өзгерді. Мәселен, банк секторы үшін оның мөлшерлемесі 25 пайызға жетеді.

Салық кодексі жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салықтарға да өзгеріс енгізді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті үшін мәселе тек салық мөлшерлемесінде емес. Инвесторлар жаңа ережелердің қалай түсіндіріліп, іс жүзінде қалай қолданылатынына да алаңдайды.

Украинадағы соғыстың әсері

Қазақстанның инвестициялық ахуалына геосаяси өзгерістер де әсер етіп жатыр.

АҚШ есебінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен Батыс санкциялары Қазақстан экономикасына әсер еткені айтылады. Сонымен қатар бұл жағдай Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ашқан.

Қазақстан Ресей мен Батыс арасындағы сауда бағыттарын байланыстыратын ел ретінде Орта дәліздің маңызын арттыруға тырысып отыр.

Есептегі маңызды деректің бірі – 2025 жылы Қытайдың Ресейден озып, Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесіне айналуы.

Қазақстан Ресейдің Украинадағы соғысынан туған теріс факторларды шикізатқа деген тиімді бағанын арқасында еңсере алды дейді авторлар.

Ұлттық қорда $73,8 млрд бар

АҚШ есебінде Қазақстанның Ұлттық қорына да назар аударылған.

2026 жылғы 1 қаңтарда қор активтері 73,8 миллиард доллар болған. Оның 63,9 миллиард доллары шетелдік активтерде сақталған.

Ұлттық қор Қазақстан экономикасының сыртқы күйзелістерге төтеп беруіне мүмкіндік беретін маңызды қаржы қоры саналады. Бірақ үкіметтің қордан бюджетке тұрақты трансферт алып отыруы ел экономикасының мұнай кірістеріне тәуелділігін толық жоймағанын көрсетеді.

Ақша келеді, бірақ тұрақтылық маңызды

АҚШ Мемлекеттік департаментінің есебінен Қазақстанның шетел капиталы үшін тартымдылығы әлі де жоғары екенін көруге болады. Елге инвестиция келіп жатыр, ал Қазақстанның табиғи ресурстары, географиялық орналасуы мен транзиттік әлеуеті инвестор үшін маңызды артықшылық болып қала береді.

Бірақ Вашингтонның есебі инвестиция көлемінен бөлек, инвестордың елде өзін қаншалықты қауіпсіз әрі сенімді сезінетіні маңызды екенін көрсетеді.

Мемлекеттік департаменттің жазуынша, заң үстемдігі, жемқорлықты азайту, салық саясатының тұрақтылығы, адам капиталына мән беру және мемлекеттік компаниялар мен жеке бизнес арасындағы бәсекенің әділ болуы Қазақстанның инвестициялық ахуалы үшін негізгі мәселелер болып отыр.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG