Accessibility links

Шикізат сату және инновация. Орталық Азияның экономикасы шынайы дамуы үшін не қажет?

Орталық Азия елдерінің экономикасы қарқынды өсіп жатқанын мемлекет басшылары мақтан қылады. Алайда ЖІӨ-нің ұлғаюы әрдайым халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ете бермейді, жақсырақ өмір сүруіне септеспейді. Бұл өсімді тұрақты әрі қоғамға пайдалы етудің бір жолы – инновация. Ол жерді суарудың тың әдістерінен бастап, инсульттің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтайтын технологияларға дейінгі аралықты қамтиды. Инновациялық кәсіпкерлік дегеніміз не және ол Орталық Азияда бар ма?

Өсім мен дамудың айырмашылығы неде?

Көбірек табыс таба бастаған адамды мысалға алайық: бұрын оның шотына ай сайын 500 доллар түссе, енді 800 доллар түсе бастаған. Бәлкім, ол жаңа жұмыс тапқан шығар, мүмкін көбірек тауар өндіре бастаған болар немесе жай ғана оған шетелден ақша аударылған шығар. Бір анық жайт – ақшасы көбейді. Міне, бұл – экономикалық өсім.

Ал егер адам жаңа нәрсені меңгеріп, біліктілігін арттыруының арқасында көбірек табыс таба бастаса ше? Онда бұл – экономикалық даму.

Осы қисын мемлекет экономикасына да қатысты. Ел экономикасы биыл мұнай мен алтын қымбаттап, соларды көбірек сату есебінен, немесе шетелден инвестиция келе бастағандықтан я туристер легі көбейгендіктен өсуі мүмкін. Алайда мұндай өсім тұрақсыз әрі сенімсіз: шикізат бағасы құбылып отырады, инвестиция кез келген сәтте сап тыйылуы мүмкін, ал әлемді кезекті пандемия жайлап, шекаралар тас жабылуы да ғажап емес.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның нақты ЖІӨ көрсеткіші 4,1%, Қырғызстандыкі – 11,9%, ал Өзбекстандыкі – 8,5% өскен.

Ал 2026 жылдың тамызында британдық Legatum институты жаңа Жаһандық әл-ауқат индексінде тек экономиканы емес, оған қоса денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік пен өмір сапасының өзге де көрсеткіштерін бағалаған. Осы рейтингтегі көрініс мүлде басқаша: Қазақстан 161 елдің ішінде 66-орында, Қырғызстан – 87-орында, Өзбекстан – 94-орында, ал Тәжікстан – 129-орында тұр. Яғни, Орталық Азия елдері ЖІӨ өсімі бойынша көрсеткіші жақсы болғанымен, халықтың шынайы әл-ауқаты жағынан әлемдік рейтингтің ортасында немесе ең соңында келеді.

Өзбекстандық экономист Юлий Юсуповтың айтуынша, ЖІӨ сандары әрдайым халықтың өмірі жақсарғанын білдіре бермейді.

Юлий Юсупов
Юлий Юсупов

"ЖІӨ өсімі көбірек танк шығара бастағаныңызбен байланысты да болуы мүмкін. Бірақ танк саны көбейгеннен халықтың тұрмыс деңгейі жақсарып кетпейді, әрине. Немесе ЖІӨ-ге инвестициялар кіреді, ал инвестиция әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, салаларға салынғанымен кейін ешқандай қайтарымы болмай, құрдымға жұтылғандай болып кеткен мемлекеттік қаржылар сияқты. Бірақ соған қарамастан олар да ЖІӨ-ге кіреді де, формалды түрде ЖІӨ ұлғайған болып саналады" дейді Юлий Юсупов.

Инвестиция – Орталық Азия экономикаларының маңызды бөлігі. Бірақ өңірге ортақ бір нәрсе бар – шикізат экспорты (мұнай, газ, металл немесе алтын) елеулі рөл ойнайды. Мұндай елдер "голланд ауруы" деп аталатын құбылысқа бейім келеді: экспорттан түскен орасан кіріс ұлттық валютаны нығайтады, ал бұл өз кезегінде жергілікті өндірушілердің импорт өнімдермен бәсекеге төтеп беруін және өз өнімін шетелге сатуын қиындатады. Салдарынан шикізаттық емес салалар дамымай, тоқырайды.

Инновациялық кәсіпкерлік деген не?

Сондықтан ЖІӨ қаншалықты өскеніне ғана емес, ол ненің есебінен өскеніне мән беру маңызды. Осы тұста келесі сұрақ туындайды: өсімнің жаңа көздерін қалыптастыратын не? Массачусетс технология институтының Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту орталығының зерттеу жөніндегі директоры Шәміл Ибрагимов өсімнен түскен игілікті бүкіл қоғамға тиімді бөлетін басты тетіктердің бірі – инновациялық кәсіпкерлік дейді.

Инновация дегеніміз міндетті түрде әлемдік деңгейдегі жаңалық ашу деген сөз емес. Кейде оған бар нәрсені жылдамырақ, арзанырақ немесе сапалырақ жасаудың тың тәсілі жатады. Белгілі мысалдардың бірі – автокөлік өндірісіне конвейерді енгізген америкалық Ford корпорациясы. Бұл тәсіл автокөлікті миллиондаған адамның қолы жететін көпшілік тауарға айналдыруға септесті. Немесе штрих-код ойлап табуды алайық – бұл тауар емес, бірақ бүкіл бөлшек сауда саласының жұмысын өзгерткен қарапайым шешім болды. Бүгінде Орталық Азияда кең таралған QR-код арқылы төлем жасау да осылардың қатарынан.

Шәміл Ибрагимов
Шәміл Ибрагимов

"Егер сіз тігін машиналарын жасауды үйренсеңіз – бұл әуелі тігін өндірісінен табыс тауып, тігін машиналарын сатып ала бастағаныңыздың, кейін оларды жөндеуді меңгеріп, ішкі құрылысын түсініп, өзіңіз құрастырып әрі сата бастағаныңыздың нәтижесі. Бұл білім сізге жай ғана тігін машинасын жасап қоймай, оларға жаңа функциялар қосуға, компьютерге жалғауға және тағы басқаларды енгізуге жол ашады" деп түсіндірді Шәміл Ибрагимов.

Бұл тіпті ең дәстүрлі салаларға да қатысты. Юлий Юсупов мысал ретінде әлемде мұнай қоры жағынан көш бастап тұрса да, экономикасы терең дағдарысқа ұшыраған Венесуэланы атайды. Батыс елдері салған санкциялар салдарынан Каракас қазіргі заманғы технологияларға қол жеткізе алмады, ал онсыз ел өз мұнайын толымды өндіруге және өңдеуге қауқарсыз болып шықты.

"Ол елдің мұнайы ауыр, оны өндіру де, өңдеу де қиын (...) Ол мұнайды жер қойнауынан шығарып, өңдеу үшін тіпті мұнай саласының өзіне инновация керек. Ал кеңірек айтқанда, инновациялық сектор өндіруші өнеркәсіптің баламасы дегенге келсек, оның мынадай сыры бар: ол балама емес, ол – қазіргі постиндустриалды экономиканың өзегі" дейді Юсупов.

"Ондаған миллион доллардың бәсекесі"

Орталық Азияда мүлдем жаңа технологияларды жасап шығарған мысалдар қазірдің өзінде бар. Олардың кейбірін венчурлық инвестор әрі қазақстандық MOST холдингінің бас директоры (CEO) Павел Коктышев айтып берді.

Павел Коктышев
Павел Коктышев

""Мәселен, Dolon – жер қойнауын пайдалану, бұрғылау процестері мен ескі экономиканы цифрландыру төңірегінде инновациялар ұсынатын компания. Көпшілікке танымал Cerebra жобасы бар – инсультті жедел анықтайтын және тиісті емдеу әдісін жетілдіретін жүйе. Бұл – өз сегментінде әлемдегі ең үздік өнімдердің бірі" дейді Коктышев.

Бұл технологияларды Орталық Азиядан шыққан мамандар жасаған. Алайда олардың компанияларының көбі АҚШ-та немесе Батыстың өзге де елдерінде шоғырланған: себебі өңірде мұндай жобалардың ауқымды дамуына инвестициялар, зертханалар мен қолайлы жағдай жетіспейді.

Вакциналарды сақтау мен тасымалдау жүйесін түбегейлі өзгерте алатын озық технология ойлап тапқан қырғызстандық Әсел Сартбаева да осыған ұқсас жайтты бастан өткерген. Оның компаниясы Ұлыбританияда орналасқан, сондықтан ол жобаны тек қырғыздыкі деп атауға келмейді.

"Бұл бір-екі миллион доллардың емес, ондаған миллион доллардың бәсекесі. Қазақстанның жылдық қосымша қаржыландыру қажеттілігі шамамен 50 миллион доллар төңірегінде. Өзбекстандағы көрсеткіш те осы шамалас" дейді Коктышев.

"Ғылымды коммерцияландыру ешқашан қолымыздан келмеген"

Шәміл Ибрагимовтың айтуынша, АҚШ ғылым мен зерттеулерге ЖІӨ-нің 3,4%, ал Израиль – 6% жуығын жұмсайды. Орталық Азияда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен: Массачусетс технология институтының дерегінше, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бағытталған шығындар Қырғызстанда ЖІӨ-нің 0,08%, Қазақстанда – 0,13%, ал Өзбекстанда – 0,16% қана екен.

Өңір елдері арасындағы алшақтық та шамалы – бәрінде де қаражат аз бөлінеді. Соның салдарынан тұйық шеңберден шыға алмайды: ғылымға ақша тапшы, ал ғалымдар ашқан азын-аулақ жаңалықты нақты бизнеске айналдыратын ешкім жоқ.

"Біз бәрібір бұрынғы Совет одағының бір бөлігіміз, бізде әрқашан өте жақсы, мықты ғылыми база болды. Бірақ сонау совет заманынан бері ғылымды коммерцияландыру ешқашан қолымыздан келмеген. Өйткені бізде орталықтандырылған, жоспарлы экономика болды әрі ғылыми зерттеулердің жалғыз тұтынушысы мемлекет еді, ал бұл процеске нарық мүлдем қатыспайтын. Бізде коммерцияландыру тетігі әлі күнге дейін қалыптасқан жоқ" дейді Ибрагимов.

Идеяны әзірлеп шыққан соң нақты бизнеске дейін жеткізуге септесетін құралдардың бірі – венчурлық капитал. Бұл жағынан Қазақстан көршілерінен айтарлықтай алда тұр. Массачусетс технология институтының зерттеу дерегіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстандағы венчурлық мәмілелердің жалпы көлемі 80 миллион долларға жетсе, Қырғызстанда бұл көрсеткіш – 1,1 миллион, ал Өзбекстанда 6,3 миллион доллар болған.

Қырғызстанда венчурлық нарық әлі жоқтың қасы, ал Өзбекстанда ол енді ғана қалыптасып келеді, Қазақстанда тәуекелге баруды қажет ететін стартаптарға қаржы құюға дайын жаңа қорлар бірінен соң бірі бой көтеріп жатыр. Коктышев өңірдегі ахуалға оптимистік көзқараспен қарайды.

"Инвестиция Орталық Азияның барлық елінде дерлік бар. Тәжікстандағы арақатынас мені таңғалдырды: абсолюттік мәнде Өзбекстан мен Қазақстанға қарағанда аз болғанымен, сапалы жобалардың үлесі әлдеқайда жоғары. Қырғызстанда да жағдай осыған ұқсас – жалғыз айырмашылық экономика көлемінде және мемлекеттің бұл бағытқа жеткілікті ресурстарды қайта бөле алу қабілетінде" дейді инвестор.

Шәміл Ибрагимовтың айтуынша, инновациялық кәсіпкерлік қарқынды дамуы үшін аймақ елдері мемлекет, корпоративтік сектор, академиялық институттар, кәсіпкерлер мен инвесторлар бір-бірімен оңтайлы әрі тығыз байланыста әрекет ететіндей дұрыс экожүйе құруы шарт. Ал Павел Коктышев бұған қоса Орталық Азияға басқарушы қорлар нарығы қажет деп есептейді.

"Басқарушылардың рөлі – жай ғана ақша бөліп, оны ұмытып кету емес, олай істеу, түптеп келгенде, мемлекеттің де қолынан келеді. Бүгін кім министр болып отырғанына қарамастан, жыл сайын қор қоржынын жүйелі түрде дамытып, инвесторларға кіріс, ал кәсіпкерлерге даму құралын ұсыну қажет. Бұл бағытта, өкінішке қарай, бізде істелер шаруа әлі өте көп" дейді Коктышев.

Басты құндылық – сенім

Тағы бір фактор бар – ол институттарға деген сенім және алдын ала болжауға келетіндей "ойын ережелерінің" болуы. Технологиялық компанияның құрылуына 10 не 15 жыл уақыт кетуі мүмкін. Инвесторға сол кезеңде өзінің меншік құқығы қорғалатындай, шарттар күшінде қалатындай және бизнес жүргізу ережелері кенет өзгеріп кетпейтіндей болғаны аса маңызды. Онсыз уақыт қажет ететінін компанияға қаржы салғаннан гөрі, капиталды жылдам шығарып алуға болатын жобалар әлдеқайда тартымдырақ көріне бастайды.

"Қырғызстанда, өкінішке қарай, бизнесіңді ешкім тартып алмайтынына сенім жоқ. Кейінгі екі жылда 30 жыл бойы құрылған бизнесті әлдекімдердің, мысалы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен (ҰҚМК) келіп, тартып алғанын көрдік. Сен қомақты қаржы саласың, бірақ ақырында айырылмайтыныңа ешқандай кепілдік жоқ, өзіңді еш қорғай алмайсың. Міне, осылай "құстыру" біздің экономикамыздың даму қарқынына өте ауыр соққы болып тиді" дейді Шәміл Ибрагимов.

Өсімнен кейін не қалады?

Орталық Азия елдерінің экономикасы расында да жоғары қарқынмен өсіп келеді. Алайда ЖІӨ көрсеткіші ең басты сауалға жауап бермейді: бұл өсімнен кейін не қалады? Жаңа технология ма? Халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті компания ма? Жұмыс істейтін жері бар инженерлер мен ғалымдар ма? Әлде бұл шикізат бағасы өзгерген кез келген сәтте қоса жоқ болып кететін жай ғана қосымша кіріс пе?

Шынайы даму мұнайды, газды немесе алтынды тиімді бағамен көбірек сатқан жерде емес, жаңа дүние – технология, өнім немесе нақты бір мәселені шешудің тың жолы пайда болған жерде басталады. Орталық Азияда тың идеялар бар. Мәселе оларды ары қарай не күтіп тұр: сұранысқа ие бола ма, нақты іске аса ма және түбінде осы өңірдің өзінде қала ма деген сауалға тіреледі.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG