Accessibility links

"Жетістіктер еленбейді, қызметте өсу қиын". Ғалым әйелдердің ғылымдағы өмірі

Қазақстандық ғалым әйел Айым Дүйсен Каспий теңізінде итбалық өлімінің себебін зерттеп жүр.
Қазақстандық ғалым әйел Айым Дүйсен Каспий теңізінде итбалық өлімінің себебін зерттеп жүр.

11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні (International Day of Women and Girls in Science). Ғылымды таңдаған қазақстандық әйелдер жаңалық ашады, марапат алады және зерттеулерін беделді журналдарға жариялайды, бірақ сөйте тұра мансап жолында түрлі кедергілерге тап болатынын айтады. Азаттық Азия редакциясы олармен жұмысы жайлы сөйлесіп көрді.

ПАРКИНСОН АУРУЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ

Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің докторанты Айжан Ахмади 2024 жылғы наурызда өз командасымен бірге DJ-1 ақуызы жөніндегі зерттеуінде жетістікке жетті. Осы ақуыздың функциясын жоюға әкелетін гендік мутациялар Паркинсон ауруының тұқым қуалайтын түрлерін тудырады. Бұл – ауыр нейродегенеративті дерт.

– Бұл ақуыздың қызметі шамамен 20 жыл бойы зерттелді, бірақ оның не үшін қажет екені және адам ағзасы үшін маңызы қандай екені түсініксіз болып келді. Ақырында бұл ақуыз гликолиз (жасушаның глюкозаны ыдырату арқылы энергия өндіру тәсілі – ред.) кезінде пайда болатын уытты затты жоятын "тазалаушы" рөл атқаратыны анықталды. Бізге дейін маңызды бір жаңалық ашылған: бельгиялық ғалымдар жаңа функцияның алғашқы дәлелдерін тапқан. Бірақ олар оны толық дәлелдей алмаған. Ал біздің зертханада дайын генетикалық құрылымдар, жасушалар, реагенттер және жабдықтар болды. Бізде тыныш жұмыс істеуге және тәжірибе жүргізуге мүмкіндік берген қаржыландыру да бар еді. Ғылымда әдетте 99 талпыныста ештеңе шықпайды да, нәтиже жүзінші талпыныста болады. Бізде де дәл солай болды, – дейді Ахмади.

Айжан Ахмади
Айжан Ахмади

Зерттеу нәтижелері Scopus рейтингі бойынша көпсалалы үздік журналдардың қатарына кіретін Nature Communications журналында жарияланып, "осы саладағы кейінгі 20 жылдың ең маңызды нәтижелерінің бірі" деп бағаланған.

– Ғалым үшін мақаласының беделді ғылыми журналда жариялануы – ең жоғары деңгейдегі мойындау. Бұл дегеніңіз – осы саланың мамандары зерттеуіңізді маңызды деп танып, оны мақұлдады деген сөз. Журнал неғұрлым беделді болса, зерттеуді оқитын ғалымдар саны да соғұрлым көп болады. Мысалы, Nature Communications журналына жолданған мақалалардың тек 7-8 пайызы ғана қабылданады, — дейді зерттеуші.

Айжан Ахмади – Назарбаев университеті мен сол университетке қарасты National Laboratory Astana мекемесінің ғылыми қызметкері. Ол ғылым саласында шамамен он жыл еңбек етіп келеді. Батыс Қазақстан облысында туып-өскен зерттеуші білімін Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алған. Кейін "Болашақ" стипендиялық бағдарламасы арқылы Манчестер университетіне "Биотехнология" мамандығы бойынша оқуға түскен. Шетелде білім алған соң елге оралып, жұмысын Қазақстанда жалғастырған.

Айжан Ахмади Қазақстандағы ғылымның дамуына материалдық базаның әлсіздігі кедергі екенін айтады. Оның сөзінше, ғылыми тәжірибеге қажет реагенттерді сатып алудың өзі өте қиын.

– Қазақстанда мұндай реагенттер өндірілмейді, біз оларды шетелден сатып аламыз. Ал сатып алу процесі бірнеше айға созылады. Сондықтан бір жыл бұрын жоспар жасап, тізім құруға мәжбүрміз. Бірақ эксперименттік ғылым бұлай жұмыс істемейді. Сол себепті кейде барлық реагенттерді бірден алуға тура келеді. Ал оған қомақты қаражатты керек. Мұндай шығынды жобалардың бәрі бірдей көтере бермейді. Реагенттерді күтіп отырған кезде тапсырманы балама жолмен қалай шешуге болатынын ойластырамыз. Ғылыми мақсаттағы реагенттерді елге әкелу тәртібі жеңілдетілсе екен, – дейді ол.

Ғалым ғылыми ортадағы жалақының төмендігі мен әлеуметтік жеңілдіктердің жоқтығын да маңызды мәселе санайды. Оның пікірінше, лайықты еңбекақы ғалымдарға саланы ауыстыру туралы ойламай, өз жұмысына толықтай көңіл бөлуге мүмкіндік берер еді.

– Қазір студенттермен бірге жоба жүргізіп жатырмын. Алдағы мақсатым — жастарды ғылымға қызықтыру және жаңалық ашу. Болашақта шетелде жұмыс істеп, тәжірибе жинағым келеді, — дейді Айжан Ахмади.

Айжан Ахмади
Айжан Ахмади

2015 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 70/212 қарарын қабылдап, 11 ақпанды Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні деп жариялады. Бұл күн әйелдерге технология, инженерия және математика (STEM) салаларында жұмыс істеуге тең мүмкіндік беру мақсатында белгіленген. БҰҰ деректеріне сәйкес, ғылымдағы әйелдер саны барлық зерттеушінің үштен біріне де жетпейді.

СУ ӘЛЕМІН ЗЕРТТЕЙТІН ҒАЛЫМ

25 жастағы Айым Дүйсен сыртқы факторлардың су флорасы мен фаунасына әсерін зерттейді. Ол Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылуын және Қытайдан бастау алатын Іле өзеніне химиялық қалдықтардың төгілуі салдарынан балықтарда пайда болған патологияларды зерттеп жүр. Сондай-ақ ол Арал теңізіндегі қалдық көлдер жүйесінің ахуалын да талдаған.

Айым Дүйсен
Айым Дүйсен

– Ғылымға алтыншы сыныптан бастап қызықтым. Қонаев қаласындағы мектебімде ғылыми жобалар мен байқауларға қатыстым. Сол жобалар арқылы ақпарат жинауды, талдауды және сұрыптауды үйрендім. Осының бәрі ҚазҰУ-да "Биология" мамандығы бойынша оқығанда көп көмегін тигізді. Бакалавриат кезінде профессор Тамара Шалахметованың зертханасында жұмыс істедім. Магистратурада профессор Натали Бартенева мен доктор Дмитрий Малашенковтың жетекшілігімен диссертация жазып жүргенде микробалдырлар мен су айдындарын зерттеуге қызығушылығым артты. Кейін Португалия мен Испанияда халықаралық тәжірибеден өтіп, жасанды су қоймаларын, нутриенттерді, судың тұздылығын және қоршаған ортаның балдырларға әсерін зерттедім, – дейді Айым.

Оның айтуынша, ғылымды қаржыландыру жүйесінің күрделілігі зерттеушілерді қатаң шектеулерге байлап отыр.

– Ғылыми жобаларға берілетін мемлекеттік гранттарды алу талаптары күшейтілді: бір жобаны аяқтамайынша, екіншісі берілмейді. Ал жоба мақұлданбаса, не қаралуы созылып кетсе немесе қаржы таусылса, ғылыми қызметкерлер ұзақ уақыт жалақысыз қалуы мүмкін. Осылайша жобалар жалғасын таппай, дамымай қалады. Тіпті жоба мақұлданған жағдайда да кейбірінде грант қаржысы кешігіп беріліп, бұл тағы да жалақының кешігуіне әкеліп жүрді. Грант шарттарына сәйкес, мақаланы белгіленген мерзімде тапсырмағаны үшін айыппұл салынып, ол грант алған ғалымның жалақысынан ұсталады, – дейді Айым.

Айым Дүйсен зерттеулерді баяулататын бюрократиялық рәсімдерге де шағынып отыр. Оның сөзіне қарағанда, шетелден келген тапсырыстар кеденде ұзақ тұрып қалады, ал сақтау мен температура режимі әрдайым сақтала бермейді. Ел ішіндегі логистикада да қиындықтар бар.

– Мысалы, Каспий теңізіндегі токсиндерді зерттеу үшін біз мамыр айында ИФА-китке (иммуноферменттік талдауға арналған реагенттер жиынтығы – ред.) тапсырыс бердік. Ол тек қазан айында ғана келді. Содан кейін ғана жұмысқа кірістік. Эксперименттер кешіктірілсе, нәтижелер де, мақалалар да кеш шығады. Каспий теңізінің су үлгілерін тасымалдау кезінде рұқсат қағаздары болғанына қарамастан бізді ұшаққа мінгізбей қойды, тасымалдауға тыйым салды. Нәтижесінде өзіммен бірге тек 50 миллилитрлік пробирканы ғана ала алдым, қалған бөтелкелерді алып қойды. Сондықтан ғылыммен айналысатындар үшін биологиялық үлгілерді тасымалдау жеңілдеткені абзал, — дейді Айым.

Айым Дүйсен
Айым Дүйсен

Қазір Айым Дүйсен профессор Натали Бартеневаның Barteneva Lab зертханасында жұмыс істейді. Сондай-ақ ол Назарбаев Университетіндегі жобаларын аяқтап жатыр және Каспий теңізі бойынша зерттеулерін жалғастырып отыр.

Болашақта ол шетелде оқуын жалғастырып, алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанда қолдануды жоспарлайды.

– Мен елімізде ғылымды кеңінен насихаттауды армандаймын. Кейбір елдерде ғылым туралы кез келген адаммен еркін сөйлесуге болады. Қазақстандықтардың да ғылымға қызыққанын қалаймын. Қазір алғашқы қадамдарды жасап жүрмін: әлеуметтік желілерде қандай жобамен айналысып жатқанымды, оның біз үшін қаншалықты маңызды әрі пайдалы екенін айтып отырамын, – дейді Айым.

Қазақстан ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елде шамамен 24 мың ғалым бар. Ғылыми қауымдастықтың 54 пайызы – әйелдер. Қазақстанда әйел ғалымдар ең көп шоғырланған салалар – медицина, биология және гуманитарлық ғылымдар.

ӘЙЕЛ ҒАЛЫМДАР ҮШІН ҚАУІПСІЗ ОРТАНЫҢ МАҢЫЗЫ

Нидерландыдағы Лейден университетінің PhD-зерттеушісі Кәмила Смағұлованың ғылыми бағыты – әлеуметтік қозғалыстар. Ол Астанадағы Назарбаев университетінде "Саясаттану және халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша бакалавриат бөлімін тәмамдаған. Магистратураны сол университеттегі Мемлекеттік саясат мектебінде оқып, кейін Варшава университетінде және үкіметтік емес ұйымдарда тағылымдамадан өткен.

Магистратураны аяқтаған Кәмила Қазақстандағы PaperLab тәуелсіз зерттеу орталығында жұмыс істеді. Ол онда бірқатар зерттеуге қатысып, сарапшылардың жария талқысын үйлестірді. Сондай-ақ, ол Берлиндегі Еуропа саясаты институтының қолдауымен Covid індетінің Қазақстандағы азаматтық белсенділікке әсерін зерттеген.

Кәмила Смағұлова
Кәмила Смағұлова

Қазір Кәмила Нидерландыда оқиды. Оның сөзінше, Лейден университеті ғылыми қызметке жағдай жасап, оқу түсу кезіндегі үйлестіру жұмыстарын өз мойнына алады: визаны рәсімдейді, "жоғары білікті мигрант" мәртебесін береді. Бірақ ғалымның мансап жолында тұрақсыздық факторы үнемі ілесіп жүреді дейді ол.

– Ғылыми прекариат деген мәселе бар. Бір мезетте бірнеше жобада жұмыс істеуге, қатарынан түрлі сараптамалық пікірталастарға қатысуға тура келеді. Мысалы, менің PhD бағдарламам жүріп жатқанда қаржылық тұрғыда қауіпсіз жағдайдамын. Бірақ ол аяқталған соң, әрине, жаңа қызмет іздеуге тура келеді. Бұл тек мен айналысатын әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарға ғана емес, жалпы ғылымның барлық саласына тән, – дейді Кәмила.

Зерттеушінің айтуынша, шетелдегі академиялық орталарда горизонталды нетворкингке сүйенетін менторлық бағдарламалар жұмыс істейді. Оны Орталық Азиядан шыққан академиктер ұйымдастырады.

– Менің докторантурадағы нәтижем — әріптес-академиктердің жылдар бойғы қолдауының жемісі. Олар маған ұсыным хаттар жазды, бағдарламаларды ұсынды, кеңес берді, өз тәжірибесімен бөлісті. Соның арқасында мен кірген академиялық ортаны жақсы түсіне бастадым. Олар воркшоптар ұйымдастырады, журналдар мен кітаптарға қалай жариялану керектігі туралы дәрістер оқиды. Мұның бәрі көбіне ерікті түрде жасалады, ешкім оларға ол үшін ақы төлемейді. Мен үшін мұндай қолдау жүйесінің бар екенін білу өте маңызды, әсіресе оның басым бөлігі әйелдер қауымдастығы екені қуантты, – дейді ол.

Кәмила Смағұлова Қазақстандағы әйелдердің ғылымға өте күрделі жағдайларда үлес қосып жүргенін айтады. Әйел ғалымдар, жалпы әйелдер тап болатын маңызды мәселелердің бірі ретінде ол харассментті атайды.

– Харассмент бар, бұл – факт. Ол әйел ғалымдарды ғылымнан алыстатады. Мысалы, мен жас әйел ретінде ер адамдардан тұратын ұжымда жұмыс істеу қаншалықты қауіпсіз деген сұраққа ой жүгірттім. Мұндай жағдайға Қазақстандағы зерттеу ортасында өзім де тап болдым. Бірақ бұл тек Қазақстанға тән емес, гендерлік теңдік деңгейі жоғары елдердің өзінде де бар екеніне сенімдімін. Сондықтан мен үшін басқаруы көлденең, яғни иерархиясы әлсіз ұйымдарда немесе әйелдер көп жұмыс істейтін, не азаматтық және моральдық құндылықтары маған жақын ортада еңбек ету маңызды, – дейді ол мұндай орта табу оңай емесін айтып.

Кәмила Смағұлова
Кәмила Смағұлова

Кәмила ғылыми ортада әйелдер үшін қауіпсіз орта аса қажет екенін айтады.

– Тәуелсіз үкіметтік емес ұйымда жұмыс істеп, достық пейілдегі бейбіт ортада жүрдім. Патриархалды иерархияға жолай бермейтінмін. Бірақ мұны барлық жерге ортақ қалыпты жағдай деуге болмайды. Бірақ солай болса екен деймін, әйелдер үшін қауіпсіз орта болып, олар заң қорғауында екеніне сенімді болғанын қалаймын. Қазір бұл жоқ. Бұл тек ғылымда емес, барлық салада солай, – дейді ол.

ОКСФОРД УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ҚАЗАҚ ДОКТОРАНТЫ

24 жастағы Меруерт Бижанова былтырдан бері Оксфорд университетінде докторантурада оқиды. Ол Қазақстандағы университеттерді реформалау процесін зерттеп жүр.

Ақтаудан шыққан Меруерт Астанадағы Назарбаев университетін үздік нәтижемен аяқтап, содан соң Пенсильвания университетінде білім алған. Ол жерде биология бойынша магистратура бөлімін тәмамдаған. 2025 жылы Меруерт сонда жүріп Penn Global Student Citizenship Award сыйлығын алған. Бұл – жыл сайын үздік екі түлекке берілетін марапат: біреуін бакалавриат бөліміндегі студентке, біреуін магистратура және докторантура бөлімінде оқушыға береді. Ал университетте 20 мыңға тарта студент оқиды. Меруерт – университеттің 284 жылдық тарихында бұл марапатты алған алғаш қазақстандық студент.

Меруерт Бижанова
Меруерт Бижанова

– Мен өзім ғана емес, бүкіл Қазақстанның атынан жүргенімді сезіндім. Сондықтан еліміздің мәдениетін, тарихын және әлеуетін барынша жақсы жағынан көрсетуге тырыстым, – дейді ол Азаттық Азияға берген сұхбатында. Ол бұл марапатты «өте маңызды оқиға және халықаралық студенттердің үні университет қауымдастығына және жаһандық аудиторияға ықпал ете алатынының дәлелі деп санайды.

Пенсильвания университетінде Меруерт Graduate and Professional Student Assembly (GAPSA) дейтін кәсіби студенттер мен аспиранттар ұйымының президенті болған. Сол қызметте жүріп студенттер тап болатын қиындықтар, соның ішінде виза мәселесін қозғаған.

– Күрделі тіпті қолайсыздау болатын тақырыптарды қозғаудан, тіке сұрақ қоюдан және халықаралық студенттердің құқықтарын қорғаудан қорықпадым. Белсенділігім университеттің маңызды халықаралық бастамаларына қатысуға да ұласып, мәдени көпір орнатуға, инклюзия мен өзара құрмет құндылықтарын ілгерілетуге мүмкіндік берді, – дейді ол.

Пенсильвания университетінен кейін Меруерт Оксфорд университетіне докторантураға түскен. Оның айтуынша, бұл оқу орнында ғылыми зерттеу үшін жағдай жасалған: әлемдік академиялық ресурстарды, заманауи зертханаларды пайдалануға және белсенді ғылыми қауымдастықпен араласуға мүмкіндік бар. Университетте әйелдерге арналған арнайы қауымдастықтар (Women in STEM, Women’s Business School) да бар. Ол қауымдастықтар ғылым мен бизнестегі әйелдерді қолдайды.

Меруерт Бижанова
Меруерт Бижанова

– Бұл академиялық өмірдің табиғи бір бөлігі ретінде қабылданады. Менің машиналық оқыту, компьютерлік ғылымдар сияқты күрделі салаларда PhD оқып жүрген көптеген құрбыларым бар және олардың жетістігі ешкімді таңғалдырмайды. Барлығы әйелдердің мұндай нәтижелерге қабілетті екенін түсінеді. Ең ұнайтыны – маған ешқашан "әйел адамға ғылыммен айналысу қиын емес пе?" деген сұрақ қоймады. Өйткені әйелдердің қолынан келетінін бәрі біледі, – дейді ол.

Ғылыми және технологиялық салаларда әйелдердің үлесі еркектердің үлесіне қарағанда әлі де төмен. Халықаралық ұйымдардың айтуынша, бұған әлеуметтік кедергілер себеп. Оның ішінде әйелде үй шаруасында болуы керек деген түсінік, еңбек нарығындағы дискриминация секілді мәселелер бар. Бұл жағдай көбіне кенже дамыған елдерге тән.

Меруерт болашақта Қазақстанда жұмыс істеуді жоспарлайды және ғылымдағы менторлық пен әйел көшбасшылығын дамыту бағытында Батыстағы қолдау құрылымдарының тәжірибесін елде енгізу қажет деп санайды.

– Тәжірибе алмасуға арналған алаңдар құру және кәсіби өсуге мүмкіндік беру маңызды. Бұл ретте еліміздің ұлттық ерекшеліктері мен мәдени контексті де ескерілуі қажет, – дейді ол.

Меруерттің айтуынша, постсоветтік елдерде ғылыми-зерттеу саласында әйелдер тап болатын қиындықтар көп. Оның сөзіне қарағанда, бұрыннан қалыптасқан патриархалды стереотиптер мен институттық теңсіздік әйелдердің ғылымдағы рөліне әлі де теріс әсер етіп отыр. Оған қоса төмен жалақы мен еңбек нарығындағы тұрақсыздық бар дейді ол.

Меруерт Бижанова
Меруерт Бижанова

– Ең басты мәселелердің бірі – еңбекақының төмендігі мен зерттеулерді қаржыландырудағы шектеулер. Бұл әсіресе әйел ғалымдарға ауыр тиеді. Көбіне олардың кәсіби жетістіктері жеткілікті деңгейде бағаланбайды, ал қызметте өсу ер адамдармен салыстырғанда қиынырақ. Бұл тек экономикалық себептерге емес, әйелдердің дәстүрлі рөлі туралы ескірген көзқарастарға да байланысты. Сонымен қатар көптеген ғалымдар мансап пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге мәжбүр, ал мұндай икемділікті ғылыми ұйымдардың бәрі бірдей ұсына бермейді, – дейді Меруерт Бижанова.

Меруерт жақында Оксфорд университетінде зерттеуші мәртебесі бар оқытушы атанды. Ол постсоветтік елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы жоғарғы оқу жүйесін зерттеуді жалғастырмақ.

– Арманым – ғылыми жаңалықтар мен инновациялар қоғамның қозғаушы күші болатын, әйелдер мен ерлерде ғылымдағы әлеуетін қолдануға тең мүмкіндік берілетін Қазақстанды көру, – дейді қазақстандық докторант.

XS
SM
MD
LG