Accessibility links

"Ресейге күніміз қарамасын". "Яндекстегі" ақау қазақстандықтарды әбігерге салды

Сасово қаласындағы "Яндекс" орталығына соққы жасалған сәт. 8 қазан 2026 жыл.
Сасово қаласындағы "Яндекс" орталығына соққы жасалған сәт. 8 қазан 2026 жыл.

11 қазанда Қазақстанда "Яндекс" қызметі істен шығып, мыңдаған такси жүргізушісі мен курьер жұмыссыз отырып қалды. Мыңдаған адам жолынан қалып, басқа қызметтерге көше бастады. Такси бағасы шарықтап, желідегі жұрт дүрлігіп кетті. Дүйсенбі, 12 қазандада қазақстандық кейбір қолданушы "Яндекс" қызметі іркіліп істеп тұрғанын айтты. "Яндекстің" істен шыққанына Украина тарабының Ресейдегі дата-орталықтарға шабуылдауы себеп. Жағдайдың жай-жапсарына үңіліп көрдік.

"ЯНДЕКС" ДАТА-ОРТАЛЫҚТАРЫНА ШАБУЫЛДЫҢ ӘСЕРІ

11 қазанға қараған түні Украина әскері Ресейдің Владимир қаласындағы "Яндекс" дата-орталығына шабуыл жасады. Оның алдында Рязань мен Калугадағы осындай орталықтарды да атқылап, ондағы жабдықтарының бір бөлігі істен шыққан. Осылайша қазірге дейін "Яндекстің" Ресейдегі үш ірі дерек сақтау орталығы зақымданды. The Insider басылымының жазуынша, бұл орталықтарда "Яндекстің" жасанды интеллектіні дамытуға пайдаланатын үш суперкомпьютері тұрған. Шабуылдардан кейін кемінде тоғыз елде, соның ішінде Қазақстанда да такси шақыру, тамақ пен тауар жеткізу қызметтері істемей қалды. Қазақстанда демалыс күндері жұрт "Яндекс" жүйесіндегі такси және курьер қызметтерін пайдалана алмады. Компания техникалық ақауды жоюға кірістік деп мәлімдеді, бірақ оның қашан толық қалпына келетінін айтқан жоқ.

Ресейдегі "Яндекс" дата-орталығына шабуыл.
Ресейдегі "Яндекс" дата-орталығына шабуыл.

Қазақстандық IT-маман Аршат Ораз "Яндекспен" болған жағдай бір сервиске сенуге болмайтынын көрсетті деп санайды.

- Қазақстанда "Яндекстің" такси қызметін көп пайдаланады. Бұған қоса, "Яндекс-маркет", файлдарды сақтайтын дискісі, жүк тасымалдайтын қызметі, іздеу жүйесін де қазақстандықтар қолданадық. Сондықтан шабуылдан кейін сервистің көп қызметі істемей қалды. Қазір "Яндекс" Қазақстандағы монополист такси агрегаторы деп айтуға болады. Ал шабуыл мұндай сервистерге балама керегін көрсетті. Алып үлкен сервис құлап қалады деп ешкім ойлаған жоқ, бірақ бір сервиске сенуге болмайтынын аңғартты, - дейді сарапшы Азаттыққа.

Азаттық тілдескен алматылық тұрғындар да Қазақстанға жеке сервис керегін айтады.

"Яндекстегі" ақауға қазақстандықтар не дейді? "Яндекстегі" ақауға қазақстандықтар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

"Енді күніміз Ресейге қарамасын, қазақстандық бір компания ашу керек. Дұрысы, курьерге жақсы төлейтін [компания] болу керек деп есептеймін" дейді алматылық курьер.

Тағы бір тұрғын "Өзіміздің Қазақстанның бір платформасын шығару керек. Оны баяғыда шығару керек еді. Енді шығаратын уақыт келген шығар" деді.

"ЯНДЕКС" ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ БІРНЕШЕ АЙ КЕТЕДІ"

Сарапшылар "Яндекстің" бүлінген дата-орталықтарының жұмысын қалпына келтіру үшін бірнеше ай керек дейді. Мәселен, Mobile Research Group компаниясының сарапшысы Эльдар Муртазин "дата-орталықты қалпына келтіруге қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу үлкен мәселе болады" деп топшылайды.

"Егер дата-орталықтар толық жойылған болса, оларды қалпына келтіруге екі-екі жарым жыл кетеді. Бұл өте қиын. Өйткені Ресейге санкция салынған, ал қажет жабдықтар өте қымбат тұрады. Бұл жағдай үшінші шабуылдан кейін "Яндекстің" қосымша қуаты таусылып, қызметін төтенше режимде жалғастыруға мәжбүр болғанын көрсетті. Бұл — нашар белгі. Мәселе мұнымен бітпейді, қиындықтар үйіле береді. Бұл экономикаға үлкен шығын әкеледі. Өйткені кәсіпорындар жұмыс істей алмай, табысынан айырылып жатыр. Тағы бір үлкен мәселе — қажет жабдықтардың жоқтығы. Кейінгі бірнеше күнде Ресейде серверлер мен деректерді өңдеуге арналған жабдықтардың бағасы 10–15 пайызға өсті. Бірақ олар сатылымда өте аз. Шетелден алдыру үшін екі-үш ай қажет" дейді Муртазин.

Ал ресейлік "Комменсант" басылымына сұхбат берген сарапшылар "инфрақұрылымды қалпына келтіру, қауіпсіздік шараларына кететін шығын көбейіп, бұл "Яндекс" қызметінің қымбаттауына әкелуі мүмкін" деп отыр.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев "Қазақпарат" агенттігіне "елде екі-үш күннен кейін "Яндекс" толыққанды жұмыс істейді деп үміттенеміз" деген.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Яндекс" қызметінде ақау шыққанымен, қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері қауіпсіз деп мәлімдеді. Ведомство "Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын "Яндекс" серверлері ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр" дейді.

2023 жылы Қазақстан билігі "Яндекстен" қазақстандықтардың жеке деректерін ел ішінде сақтауды талап еткен. Сол жылдың желтоқсанында компания yandex.kz сайтына қызмет көрсететін серверлерді Қазақстанға толық көшіргенін хабарлады.

"ЯНДЕКСТІҢ" ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ?

"Яндекс Такси" Қазақстанға 10 жыл бұрын, 2016 жылы кірді. Әуелде тек Алматыда жұмыс істеген компания қазір елдің 25 қаласында қызмет көрсетеді. Қазір елдегі такси қызметі нарығының шамамен 90 пайызы "Яндекстің" үлесінде. Бұл туралы былтыр елдің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі айтқан. Компания дерегіне сәйкес, былтыр "Яндекс Таксиді" 8,5 миллионға жуық адам пайдаланған. Ал 2024 жылы платформа арқылы 845 мыңнан қолданушы такси мен курьер ретінде тапсырыс орындаған.

Қазақстанда "Яндекс" сервисі біраз жылдан бері қызмет көрсетеді.
Қазақстанда "Яндекс" сервисі біраз жылдан бері қызмет көрсетеді.

Компанияның мәліметінше, кейінгі екі жарым жылда 400 мыңға жуық такси жүргізушісі табысын ресми тіркейтін жүйеге қосылған. Енді олардың тапқан ақшасынан салық пен әлеуметтік төлемдер ұсталып, мемлекетке аударылады. Олардың табысынан мемлекетке аударылған салық пен әлеуметтік төлемдер шамамен 15 миллиард теңгеге жеткен. "Яндекс" компаниясының қызметі бұған дейін бірнеше рет монополияға қарсы органның тексеруіне іліккен. Былтыр мемлекеттік органдар "Яндекстің" жолақы есептейтін алгоритмін тексеріп, баға белгілеуге қатысты бірнеше мәселе анықтаған. Соның нәтижесінде компанияға комиссияны көтеру жиілігі мен жолақының қымбаттауына қатысты шектеулер қойылды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG