Accessibility links

Тоқаев: Қазақстан БТЖ арқылы тасымалданатын мұнай көлемін арттыру жоспарын әзірлеп жатыр

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде (АӨСШК) сөз сөйлеп отыр. Баку, 15 қазан, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде (АӨСШК) сөз сөйлеп отыр. Баку, 15 қазан, 2026 жыл.

Қазақстан Әзербайжанмен бірлесіп Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) құбыры арқылы тасымалданатын қазақ мұнайының көлемін арттыру жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл жөнінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде (АӨСШК) айтты.

Мұнай көлемі қанша артатыны, оның мерзімі туралы нақты мәлімет айтылмады. Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан құбырымен Әзербайжан, Грузия, Түркия жері арқылы Еуропаға жылына шамамен 1,2–1,3 миллион тонна мұнай жөнелтеді. 2026 жылы маусымда Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Аккенженов қысқа мерзім ішінде тасымал көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға жеткізу мүмкіндігі бар екенін мәлімдеген.

"Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие болып отыр", – деген Тоқаев Бакудегі жиында Каспий "бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі" болуы керегін айтқан. Иран, Ресей, Қазақстан мен Түркіменстан арасында жатқан теңізде геосаяси тартыс жиі болып тұрады. Ресей Украина аумағына әуеден шабуыл жасау үшін Каспий айдынын пайдаланатыны да белгілі.

Украинадағы соғыс пен Иран дағдарысынан соң шикізат тасымалының балама бағыттарына көп назар ауа бастаған. Қазақстан мұнайын экспорттайтын, Ресей арқылы өтетін КҚК инфрақұрылымына дрон шабуылы жиілеген тұста елдің мұнай экспорты жолдарын әртараптандыру мәселесі де жиі көтерілген.

Тоқаев Әзербайжан мен Арменияның бітімге келгенін қолдап, Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" инфрақұрылым жобасы, Солтүстік – Оңтүстік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасы сияқты көлік-тасымал жобаларын қамтитын "трансшекаралық көлік байланысы стратегиясын" әзірлеуді ұсынды.

Саммит аясында Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу жайын да талқылаған. Бұл желі Еуропа мен Азия арасын жалғайтын цифрлық дәліз болады, Қазақстанның цифрлық тұрғыда Ресейге тәуелділігін азайтады деген болжам бар.

  • Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) Азия құрлығының 28 елі, соның ішінде Қазақстан да мүше. Арасында Израиль мен Палестина, Үндістан мен Пәкістан, Иран мен Сауд Арабиясы сияқты дүрдараз елдер де бар. Оған мүше елдер Азия аумағы мен халқының шамамен 90 пайызын қамтиды. Ұйым 1992 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.
​
XS
SM
MD
LG