Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоғызыншы жолдауында алдағы жылдары елде ауқымды құрылыс жүргізілетінін, Ұлттық қордан инфрақұрылымға 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді, энергетика тапшылығын 2029 жылға қарай жоюды және мемлекеттік басқаруды түбегейлі реформалауды тапсырды.
Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында экономика, инфрақұрылым, энергетика, цифрландыру және әлеуметтік саясатқа қатысты бастамалар қамтылды. Президенттің негізгі ойы – елдің инфрақұрылымын жаңартып, экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту.
6,5 триллион теңге қайда жұмсалады?
Президент 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөліп, елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырды. Сондай-ақ биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларға 1,5 триллион теңге қарастырылады.
Ауруханалар, перзентханалар, балаларды оңалту орталықтары, білім беру мекемелері, спорт кешендері мен мәдениет нысандары салынбақ. Елді мекендерге газ бен ауыз су тарту да жоспарланған.
Президент бұл бастаманы "Халықтық құрылыс" деп атауды, ал келесі жылды " Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып, отандық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге тиіс.
Энергия тапшылығын 2029 жылға дейін жою
Тоқаев Қазақстанда жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілетінін айтып, бұл көлемді елдің индустриялық және цифрлық дамуына жеткіліксіз деп бағалады. 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу міндеті қойылып отыр.
Қазақстан президенті үкіметке жаңа электр станцияларын салуды, қолданыстағыларын жаңғыртуды, электр желілерін дамытуды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ ол келесі жылы Балқаш АЭС-інің құрылысын бастау мүмкіндігін қарастырып, Мойынқұм АЭС-і бойынша келісімге келу қажеттігін айтты.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңге бола ма?
Президент Үкіметке ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл өзгеріс келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс. Президенттің есебінше, ол 1,8 миллион адамның табысына әсер етеді.
Сонымен қатар учаскелік медициналық қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл 77 мыңнан астам қызметкерді қамтуы мүмкін.
Әлеуметтік көмекке қатысты президент мемлекеттік қолдау шын мұқтаж адамдарға бағытталуы керегін айтты. Ол жаңа тәсілдерді енгізбес бұрын оларды сынақтан өткізіп, тиімділігін тексеруді ұсынды.
Қазақстан логистикалық орталыққа айнала ма?
Президент Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтардың біріне айналу міндетін қойды. Ол теміржол мен автомобиль жолдарының тұтас желісін дамытып, жүк тасымалына қызмет көрсететін отандық компаниялар мен логистикалық орталықтарды қолдауға шақырды.
Жолдауда "Арал – Каспий" күре жолының құрылысы да аталды. Жоба Транскаспий дәлізінің ұзындығын шамамен мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтуға тиіс.
Ауыл шаруашылығын қалай дамытпақ?
Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғыдан жаңғыртып, өнімді терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Фермерлерге ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктері қажет екенін айтты. Сондай-ақ заманауи тракторлар мен комбайндар өндірісін көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдіруді ұсынды.
Президенттің айтуынша, шағын шаруашылықтар да агрологистика орталықтарының қызметін пайдалана алуы керек. Бұл өнімді нарыққа жеткізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Цифрлық экономика және мемлекеттік басқару
Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономиканың барлық саласына енгізуге шақырды. Үкіметке цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін әзірлеу, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін сатуға көмектесетін пилоттық жобаларды іске қосу тапсырылды.
Президент мемлекеттік аппаратты да реформалауды ұсынды. Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі басқару құрылымдарын қайта қарап, қағазбастылықты азайту және қайталанатын міндеттерді жасанды интеллект көмегімен жою қажет деді ол. Мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспары 2027 жылғы 1 маусымға дейін әзірленуге тиіс.
Негізгі мәселе – орындалуы
Жолдауда бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және жаңа Азаматтық кодекс қабылдау міндеттері де айтылды.
Президенттің жоспары ауқымды: инфрақұрылымға инвестиция салу, халықтың табысын арттыру және экономиканы цифрлық дәуірге бейімдеу. Ендігі мәселе – жарияланған бастамалардың белгіленген мерзімде орындалып, азаматтардың тұрмыс сапасына нақты әсер етуі.