АҚШ-тың Мичиган штатында Демократиялық партия атынан сайланған конгрессмен Хейли Стивенс сенат сайлауында республикашыл кандидат Майк Роджерсті қолдайтынын мәлімдеді. Бұл шешім Демократиялық партия ішінде алауыздық туғызып, республикашылдардың позициясын күшейтуі мүмкін. Бұл қадам АҚШ-та аралық сайлауға екі күн қалғанда жасалды.
Стивенс бұған дейін сенат сайлауына түспек болып, Демократиялық партияның праймеризінде Абдул әл-Сайедтен жеңілген. Жексенбіде ол Роджерспен бірге Детройттағы шіркеуге барып, оны қолдайтынын жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Стивенстің шешімін құптап, оны Республикалық партияға қосылуға шақырды. Трамп әл-Сайедті "елімізді құртады" деп сынады. Трамп пен республикашылдар бұған дейін де Демократиялық партия кандидаты Абдул әл-Сайедті "жиһадшы" деп айыптаған. Бұл мәлімдемелер мұсылмандар мен араб текті америкалықтарға қарсы бағытталған риториканың бір бөлігі ретінде бағаланып отыр.
Стивенстің мәлімдемесі Демократиялық партиядағы алауыздықты тереңдетуі мүмкін. Ол жексенбіде әл-Сайедпен бірге партияның бірлігін көрсетуге тиіс шараға қатысуы керек болған. Алайда Стивенс әл-Сайедтен Израильді азық-түлік бағасының өсуіне кінәлаған жарнаманы айыптауды талап еткен соң, кездесу өтпей қалды.
Сенаттағы демократтар лидері, Нью-Йорк штатынан сайланған Чак Шумер мәлімдеме жасап, Хейли Стивенстің қадамын "жиіркенішті сатқындық" деп атады.
Дей тұрғанмен сауалнамалар бұл жағдай Демократиялық партия кандидатының позициясына айтарлықтай әсер етпегенін көрсетіп отыр. The New York Times пен Siena College жүргізген сауалнамада ол Роджерстен алда келеді (әл-Сайедте 53 пайыз, Роджерсте 42 пайыз).
Әл-Сайедтің штабы Стивенс Роджерсті қолдайтынын жариялағаннан кейінгі төрт сағатта науқан қорына 1,2 миллион доллар түскенін хабарлады.
АҚШ-та 3 қарашада Конгресс сайлауы өтеді. Сайлаушылар Сенаттың 35 мүшесін және Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесін анықтайды. Қазір екі палатада да республикашылдардың басымдығы бар. Сауалнамалар Демократиялық партияның Өкілдер палатасында көпшілікке ие болу мүмкіндігі жоғары екенін көрсетеді. Ал Сенат үшін күрес санаулы штатта, соның ішінде Мичиган мен Аляскада шешілуі мүмкін.