Қазақстанға қатысы бар деп айтылған Silent Lynx хакерлер тобы Тәжікстанның мемлекеттік органдары пайдаланатын электрондық құжат айналымы жүйесіне кіріп, екі мыңнан астам құжатты ұрлаған. Олардың арасында қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікке қатысты материалдар да бар. Кибершабуыл кезінде хакерлер жасанды интеллектіні пайдаланған. Бұл жөнінде киберқауіпсіздікпен айналысатын сингапурлық CloudSEK компаниясының 11 қарашада жарияланған зерттеуінде айтылған. Бұған Reuters агенттігі назар аударды.
CloudSEK мәліметінше, хакерлер Hermes деп аталатын автономды жасанды интеллект агенттеріне арналған ашық платформаны пайдаланған. Соның көмегімен шабуылдың көп бөлігін: бастапқы барлау мен жоспарлаудан бастап, ұрланған құжаттарды жинау, сұрыптау және дайындауға дейін автоматтандырған.
Зерттеушілер хакерлердің әрекетін олар интернеттен кез келген адам кіре алатындай етіп ашық қалдырған сервері арқылы анықтаған. CloudSEK сол серверден бұзу құралдарын, ұрланған деректерді және хакер мен жасанды интеллект агенті арасындағы хат алмасуды тапқан.
«Хакер жүйеге кіру командаларын қолмен енгізудің орнына, Hermes-ке не істеу керегін түсіндіріп отырған. Агент шабуылды жоспарлаған, қажетті ережелерді жазған, іске қосқан, жазбалар жүргізіп, есептер дайындаған» деп түсіндірді CloudSEK өкілдері Reuters агенттігіне.
Зерттеуге сәйкес, хакерлер жүйені барлау үшін Hermes-ті тамыз айының ортасында қолдана бастаған. Бірнеше аптадан кейін Тәжікстанның электрондық құжат айналымы жүйесіне кірген. Содан соң жасанды интеллект агенті құжаттарды жүктеп, сұрыптап, ұрлауды жеңілдету үшін бөліктерге бөлетін арнайы бағдарлама жазған.
CloudSEK дерегінше, хакерлер жүйеге Тәжікстан теміржолы қызметкерлерінің бірінің аккаунты арқылы кірген. Оның қарапайым пайдаланушы құқығы болғанымен, бұл басқа мемлекеттік мекемелерге тиесілі құжаттарды жүктеуге жеткілікті болған.
Ұрланған материалдардың ішінде қорғаныс министрлігіне арналған немесе сол ведомство арқылы өткен екі мыңнан астам құжат бар. Сондай-ақ Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысты құжаттар және Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеттің жүздеген хаты табылған.
Құжаттарда әуе кеңістігін пайдалану, әскери қызметшілерді ауыстыру және тағайындау, әскери атташелердің жұмысы, қорғаныс саласындағы сатып алулар, бюджет мәселелері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық және шекара маңындағы құрылыс жұмыстары туралы мәліметтер болған. Кейбір құжаттарға төлқұжаттар мен жеке басты куәландыратын басқа да құжаттардың көшірмелері тіркелген.
Бұдан бөлек, CloudSEK хакерлердің Тәжікстанның мемлекеттік теміржол компаниясының желісіне де кіргенін анықтаған. Зерттеушілердің мәліметінше, шабуылдаушылар аталған желіге тамыз айының ортасынан бастап кемінде 2026 жылғы 10 қазанға дейін кірген. Олар ішкі компьютерлік желілерді зерттеп, бірнеше серверге әкімшілік қол жеткізу құқығын алған. Сондай-ақ жұмыс есептерін, диспетчерлердің мәліметтерін және ішкі хат алмасуды көшіріп алған.
CloudSEK шабуылды Silent Lynx тобымен байланыстырады. Бұған дейін де басқа зерттеушілер бұл топтың Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін екенін айтқан. CloudSEK бұлайша болжам жасауына хакер мен жасанды интеллект агенті арасындағы орыс тіліндегі хат алмасу, Қазақстанның жұмыс уақытына сәйкес келетін белсенділік және қазақстандық интернет-провайдерлердің үй желілері арқылы серверге қосылуы түрткі болған.
Дегенмен компания топтың Қазақстанмен байланысына қатысты тұжырымын орташа сенімділік деңгейінде бағалайды.
Бұған дейін, 14 қазанда Cisco Talos пен Recorded Future компаниялары Silent Lynx тобының әрекетімен байланысты UAT-6275 тобы туралы зерттеу жариялаған. Мамандар оның да Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін деген болжамды орташа сенімділік деңгейінде бағалаған. Хакерлер тобы биыл Ресейдің мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап, сонымен бірге Ресей қалаларының біріндегі әкімшілік жүйесін бұзғаны айтылған еді.
Зерттеушілердің мәліметінше, бұл топ Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Армения және басқа да ТМД елдеріндегі мемлекеттік ұйымдарға шабуыл жасаған.
Reuters хабарлауынша, мақала жарияланған кезде Тәжікстан мен Қазақстан үкіметтерінің өкілдері агенттіктің сұрақтарына жауап бермеген. Silent Lynx тобының өкілдерімен де байланысу мүмкін болмады.