"Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясының басшылары жемқорлық күдігіне іліккен соң Қазақстан президенті үкіметке он күннің ішінде парақорлықты барынша азайту үшін ұсыныс беруді тапсырды. Тоқаев жемқорлық шуынан кейін 13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, Тоқаев "жағдай қаншалықты күрделі болса да" "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ, басқа да мемлекеттік компаниялардың жұмысы жалғаса беретінін айтты. Азаттық кейінгі уақыттағы ең ірі жемқорлық күдігі жайлы сарапшылардың пікірін ұсынады.
11 қарашада "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ ұлттық компаниясының төрағасы Елжас Отыншиев жемқорлық күдігімен ұсталды. Олардың ұсталғаны 12 қарашада белгілі болды.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары пара алды ма, әлде ақша жымқырды ма, ол жағы белгісіз. ҰҚК тергеу құпиясына сілтеп, басқа ақпарат берілмейтінін айтқан. 12 қарашада екі басшы ұсталғаны жайлы ақпарат тарағанда желіде Астанада "Атлант" тұрғын үй кешені маңында доллар купюралары шашылып, чемодан жатқан видео тарады. Маңайынды күштік құрылым өкілдері мен полиция көрінеді. Жергілікті басылымдар мұны осы оқиғамен байланыстырған еді. Журналист Михаил Козачков дереккөздеріне сүйеніп "күдіктілердің бірінің әйелі үйінің есігі қағылғанда 6 млн доллар ақшаны балконнан лақтырып жіберген" деп жазды. Ресми органдар бұл ақпараттарға қатысты мәлімдеме жасамады.
13 қарашадағы жиында Тоқаев мемлекеттік компания басшыларының ұсталуын "күрделі жағдай" деп атап, осы саладағы мәселенің бәрін халыққа ашық айтатын боламыз деп мәлімдеді.
Ал заңгер Ержан Есімханов "ұлттық компания басшыларының ұсталуы жайлы ресми ақпарат аз болғанын" айтса, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев "ұсталғандар – Тоқаев тағайындаған кадрлар" екеніне назар аударады.
"ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГҚА НЕГІЗДЕЛУІ КЕРЕК"
Заңгер Ержан Есімхановтың желіде жариялаған пікірі: Біздегі жемқорлықпен күрес – түн ішінде аяқ астынан бірдеңе ауламақ болған мысықтың қимылындай бейберекет нәрсе. "Самұрық-Қазынаның" тым үлкейіп кеткен, тиімсіз ұйым екеніне осы жылдар бойы ешкім күмәнданбады ма? Күмәнданғандар аз болған жоқ, мұны ашық айтып та жүрді. Мұны кез келген адам емес, президенттің өзі де айтты. Соған қарамастан, ұйым жылдар бойы қандай күйде болса, сол қалпында қалды да, енді оның басшысын қызметтен алып, ұстап отыр. Орнына басқа адамды тағайындайды. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Ал ҚТЖ-ның жылдар бойы реформаланбай келе жатқанына ешкімнің көзі жетпеді ме?.. Сыбайлас жемқорлықпен күрес халықпен ашық диалогқа негізделуі керек. Жұрт бұл күреске сенуі үшін билік бар шындықты жасырмай айтуы қажет. Ал бізде не болып жатыр? Телеграм-арналарда түрлі қауесет тарайды. Содан кейін мемлекеттік органдар амалсыздан мардымсыз ғана ресми ақпарат берумен шектеледі.
"ҰСТАЛҒАНДАР – ТОҚАЕВТЫҢ КАДРЛАРЫ"
Дипломат Қазбек Бейсебаевтың Азаттыққа берген пікірі: Бір сөзбен айтқанда, елдің ақшасының біраз бөлігі "Самұрық-Қазынаның" қолында. ҚТЖ-да да көп ақша. Сондықтан мұндай жемқорлық істері елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл – бір. Екіншіден, күдікке ілінгендер – қазіргі президенттің кадрлары. Бұрынғыдай экс-президент Назарбаевтан қалған кадрлар, "Назарбаевтың мұрасы" деп айта алмаймыз. Жақында жаңа Конституция қабылдадық. Осыдан соң бұрынғы супер президенттік жүйе қазір тіпті күшейді. Өте маңызды кадрларды, тіпті вице-президентті де президент өзі тағайындайды. Бұл нені көрсетеді? Бәрі президентке есеп береді. Өйткені бүкіл билік бір адамның қолында. Ешқандай бейтарап әрі тәуелсіз бақылау органдары жоқ. Тапсырманы да бір адам береді, есепті де сол адам алады. Демек, жауапкершілік те бір адамда. Бар билік бір адамның қолында болса иерархия бойынша төмендегілер "бәрі жаұсы" деп есеп беріп отырады. Ал бейтарап бақылау жоқ. Мәселе осында.
"КЕЗ-КЕЛГЕН МАФИЯНЫ ТАЗАРТУҒА БОЛАДЫ, БІРАҚ..."
Экономист Олжас Құдайбергеновтің әлеуметтік желідегі пікірі: ҚТЖ-дағы жемқорлықты түбегейлі жойсақ, алдағы бес жылда жүк тасымалы тарифтерін қымбаттатпауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар модернизацияны қарыз көлемін ұлғайтпай-ақ жүзеге асыруға болады. Мәселе ҚТЖ-да үш-төрт адамның ұсталғаны жемқорлықты жоюға жеткілікті ме, әлде сол жүйені өзгертуге қабілетті жаңа басшылардың келуіне жол аша ма? Онда тұтас бір мафия бар-мыс деген әңгіме айтылады. Ол басшылықтың бұйрықтарын орындауға кедергі келтіріп қана қоймай, тіпті адал басшыны қызметінен кетіру үшін жанжал туғызу мақсатында ішінде адамы бар пойызды рельстен шығарып жіберуі де мүмкін. Әрине, кез келген мафияны тазартуға болады. Бірақ мұндай соққыны мойнына алып, жемқорлықпен күресті соңына дейін жеткізе алатын адамдар бар ма? "Самұрық-Қазынаны" таратуы екіталай. Оның үстіне, мәселе мұнда емес. Тіпті таратқан күннің өзінде одан кейін міндетті түрде жаңа холдинг құрылады. Мемлекеттік басқару жүйесінің логикасы – активтерді бір орталыққа шоғырландыру. Сондықтан басқа шешім қабылдаған дұрыс. "Самұрық-Қазынаны" қанша рет қайта құрып, жұмысын өзгертуге тырысқанымен, мұның бәрі холдингтің еншілес компаниялардың күнделікті қызметіне араласуымен аяқталады. Сол себепті холдинг олардың жұмысына шектен тыс араласуынан бас тартуы қажет
"ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕС КЕРЕК"
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің Азаттыққа берген пікірі: Әңгіме "Самұрық-Қазына" туралы болып отыр. Бұл – Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 30–40 пайызына тең үлесі бар, аса ірі әрі стратегиялық маңызы үлкен актив. Бұл қаражаттың жобалардан жымқырылған ақша емес, пара екені анықталса, инвесторлар бұған соншалықты алаңдай қоймайды. Олар мұндай жағдайға, жалпы алғанда, бейтарап қарайды.
Сыбайлас жемқорлық – түптеп келгенде, мәдени құбылыс. Ол жекелеген адамдардан гөрі қоғамның қалыптасқан мәдениетіне көбірек байланысты. Мысалы, біз квазимемлекеттік секторға немесе үкіметке әдейі тек жемқор адамдарды таңдап алмаймыз ғой. Мәселе әлдеқайда тереңде. Бұл – басқару жүйесінің құрылымына, нақтырақ айтқанда, шешім қабылдау тетіктеріне және қоғамның қалыптасқан құндылықтарына қатысты нәрсе. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу керек. Оны азайтуға да, оның ауқымын шектеуге де болады. Бірақ одан біржола құтылу іс жүзінде мүмкін емес деуге болады. Ал жемқорлықпен үкімет деңгейінде ғана емес, тұтас қоғам болып күресу қажет.