Трамп, Си, Путин кездесуі қалай өтті?

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта), Қытай басшысы Си Цзиньпин (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) кездесуге келген сәт. 19 қараша 2026 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта), Қытай басшысы Си Цзиньпин (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) кездесуге келген сәт. 19 қараша 2026 жыл.

19 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин Қытайда үшжақты кездесу өткізіп, ортақ декларация қабылдады.

"МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУДЕГІ ҮСТІРТІН КЕЛІСІМДЕР"

Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) cаммиті кезінде өткен үшжақты кездесу бір жарым сағатқа созылды. Келіссөз аяқталған соң Кремль, Қытай билігі және Ақ үй үш президенттің ортақ декларациясын жариялады. "Бейбітшілік декларациясы" деп аталатын мәлімдемеде мына жайттар айтылған:

  • Үш президент ядролық қарудың таралуын алдын алу үшін диалог жүргізбек. Олар "Ядролық соғыста ешкім жеңбейді және мұндай соғыс басталмауы керек" дейді.
  • Трамп, Си және Путин БҰҰ-ны реформалауға шақырды.
  • Үшеуі "әлемдегі елдердің игілігі үшін" мұнай өндірісін арттыруды жоспарлайды.
  • Үш президент "Ресми өкілдердің иммунитетіне қол сұғылмауы керек" деп санайды. Олар "Халықаралық қылмыстық сот өз өкілетін асыра пайдаланбауы керек" дейді.
  • Ресей Украинаға басып кірген соң, Халықаралық қылмыстық сот Путинді ұстауға ордер берген еді.
  • Қорытынды мәлімдемеде Украина мен Ирандағы соғыс жайлы ештеңе айтылмаған.

Қазақстандық саясаттанушы Жанат Момынқұлов "үш президент маңызды кездесуде терең келісімге келе алмады, бірақ үстіртін келісімдерге келді" деп санайды.

– Ресей үшін бұл кездесу – легитимизация. Кездесуден соң лидерлер халықаралық қылмыстық сот тарапынан қудаланбасын дегендей белгілі бір келісім шықты. Бұл Путин үшін жеңіс деуге болады. Ал мұнай мен экономикалық мәселелерде АҚШ өз ықпалын сақтап қалды. Себебі АҚШ үшін мұнай бағасының түскені маңызды, ал мұнай өнімдерін нарыққа көптеп шығару бағаны түсіреді. Демек мұнай бойынша келісім – Трамптың жеңісі. Мұнайдың арзандауы Қытайға да тиімді. Қытай БҰҰ-ны реформалау туралы бастамалар көтерген, демек бұл идеяның да айтылуы – Қытайдың жеңісі. Жалпы үш тарап маңызды мәселелер бойынша толық келіспесе де, негізгі контурларын сызып алды, - дейді Момынқұлов Азаттыққа.

ПУТИН СОҒЫС ЖАЙЛЫ НЕ ДЕДІ?

Үшжақты кездесуден соң Трамп ұшаққа отырып, Вашингтонға ұшып кетті. Си Цзиньпин журналистер алдына шыққан жоқ. Ал Путин журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, үшжақты кездесуді "дипломатия тарихының маңызды парағы" деп атады. Оның сөзінше, кездесу "ашық әрі өте пайдалы болған".

Путин Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтауға және Мәскеу мен Вашингтон қарым-қатынасын реттеуге "шынымен тырысып жатыр" дейді. Ол соғысты аяқтау туралы айтқанда "жер мәселесіне келгенде Ресейдің ойын өзгертудің мәні жоқ" деп мәлімдеді.

"Қытай басшысы да, президент Трамп та Украинадағы соғыстың аяқталғанына мүдделі екенін айтты. Ресей де мүдделі. Біздің соғысты жалғастыруға ниетіміз жоқ. Мәселе – Украина тарабында. Егер олар қақтығысты аяқтағысы келсе, Анкориджда ұсынған ұсыныстарымызға келісіп, компромиске келсін" деді ол.

Путин, Си және Трамп кездесуде отыр. 19 қараша 2026 жыл.
Путин, Си және Трамп кездесуде отыр. 19 қараша 2026 жыл.

Мәскеу бұған дейінгі келіссөздерде Украина Донбасс аймағынан толық кетіп, Ресейге беруі керек деген талап қойған. Киев бұған қарсы. Қазір Украинаның шығысындағы Донбасс аймағының бір бөлігін Киев әскері, бір бөлігін Ресей бақылауда ұстап отыр.

Путин Украинаның Қырым көпіріне шабуылына қатысты та пікір білдірді. Ол бұл соққыға жауап болады деп отыр.

"Көпірді міндетті түрде қалпына келтіреміз. Ол жерде екі көпір бар. Бірі – автокөлікке арналған, екіншісінен теміржол өтеді. Автокөлік көпіріне айтарлықтай зақым келген. Теміржолды қалпына келтірген сияқты. Қазіргі заманауи қарулар бар кезде қирату сөз емес. Ендігі мәселе – біздің жауабымыз. Біз бұл шабуылға жауап береміз. Жауабымыз әлдеқайда ауыр болады" деді Путин.

17 қарашада Украина Ресей мен анексияланған Қырым түбегін жалғап жатқан көпірге кемі екі рет шабуылдап, көлік өтетін көпірдің аркасы мен аралығын қиратқан. 18 қарашада көпірдің теміржол өтетін бөлігіне соққы жасалып, пойыз қозғалысы тоқтаған.

​
XS
SM
MD
LG