Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылорда қаласы мен орталықтағы Жезқазғанды жалғайтын автожолды қайта жаңғырту аяқталды. 23 қарашада Ұлытау облысындағы соңғы, 208 шақырымдық учаскеде көлік қозғалысы ашылды. Осымен оңтүстік пен орталық өңірді байланыстыратын, жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық жолды қайта жөндеу аяқталды деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.
Жолды жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге асты. Былтыр Қызылорда облысындағы 192 шақырымдық учаске пайдалануға берілген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін жол қозғалысын ашуды тапсырған.
Ресми мәлімет бойынша, жол салу барысында төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдауға арналған 18 өткел салынған.
Жолды ашу рәсіміне қатысқан Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасованың айтуынша, бұл жол Қызылорда – Ақтөбе, Қарағанды – Жезқазған және Арал – Каспий бағыттарымен бірге Қазақстанның оңтүстік, орталық және батыс өңірлерін байланыстыратын көлік желісінің бір бөлігі саналады.
Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жолдың сапасы нашар екені, соның кесірінен тасымал мен жүріп-тұруға кедергі көп екені бұған дейін көп айтылған. Жолсызда батпаққа батып қалған көліктердің видеолары көп тарайтын. Жүргізушілер 400 шақырым жолға 15 сағат жұмсайтынын жазған. Азаттық осыдан төрт жыл бұрын жаңа құрылған Ұлытау облысынан жасаған репортажда жұрт осы жолдың ашылуынан үміт күтетіні байқалған.
Үкімет жаңғыртудан кейін жол жүру уақыты екі есе қысқарып, өңіраралық қатынас пен жол қауіпсіздігі жақсарады деді.
Жоба Азия даму банкінің қаржыландыруымен жүзеге асырылған, оған жалпы құны 108 млрд теңге жұмсалған.
Биыл қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын бастайтынын жариялап, оны "Халықтық құрылыс" деп атады. Үкімет 2027-2029 жылдары бұл мақсатқа Ұлттық қордан 11,9 трлн теңге алынатынын хабарлады.