Accessibility links

Қазақ парламенті Минск метросында қаза болғандарды еске алды


Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары сәрсенбі күнгі жалпы отырысының алдында дүйсенбіде Минск метросында қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Бірнеше адамның өмірін қиған сұмдық әрекет жасалды. Мәжіліс депутаттары Беларусь халқына көңіл айтады. Біз көңіл айтып жеделхат жібердік. Бір минут үнсіздік жариялаймын», - деді мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.

Бүгін Беларусь астанасы да аза тұтып жатыр. Ғимараттарға қара лента тағылған мемлекеттік тулар ілінді, апта соңына дейін қалада ойын-cауық шаралары өткізілмейді.

Құрбандардың кейбірін бүгін жерлейді.

Сәуірдің 11-і күні Минск метросында болған жарылыстан 12 адам қаза тауып, 150-ге жуық адам жараланды. Прокуратура жарылысты "террорлық шабуыл" деп бағалады.

Кеше Беларусь бас прокурорының орынбасары Андрей Шведов метродағы жарылысқа қатысты бірнеше күдікті ұсталды деп мәлімдеді. Бірақ ол туралы басқадай мәлімет берген жоқ.
XS
SM
MD
LG