Accessibility links

Прокурор «Валют-Транзит банктің» бұрынғы басшысын тағы 8,5 жылға кесуді сұрады


Қарағанды прокуратурасы «Валют-Транзит» қаржы-өнеркәсіп ассоциациясының бұрынғы басшысы Айтбақы Біләловтың мүлкін тәркілеп, өзін 8,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Бұл туралы Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында дүйсенбі күні Біләловтың ісі бойынша басталған сот дауы барысында мемлекеттік айыптаушы мәлім етті деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.

Отырыста зардап шегуші жақтан сөз сөйлеген «Валют-Транзит Банк» таратушы комиссиясының өкілі таратушы комиссия сотталушының 30 миллиард теңгеден астам залалдың орнын толтыруды талап ететінін айтты.

Біләловтың адвокаты Серік Алпысов азаматтық шағым бойынша келіспейтінін жеткізді. Сотталушы экс-банкир өз позициясын бүгін өтетін келесі отырыста жарияламақшы.

Бұл іс бойынша сот талқылауы 2010 жылы 28-қырқүйекте басталған.

2008 жылы сот үкімімен Айтбақы Біләлов «Валют-Транзит банктің» басшысы болғанда жасаған қаржылық қылмыстар үшін айыпты деп танылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Оның жаза мерзімі 2010 жылдың тамызында аяқталғанымен жаңа қылмыстық іс қозғалғандықтан Біләлов бостандыққа шыға алмады.
XS
SM
MD
LG