Accessibility links

Тойдың да тойдан айырмашылығы бар


Талай тойда болдым. Той, той болудан қалып бара жатқан сияқты көрінеді маған. «Тойда болдым» десем, «қалай болды» деп сұрайды таныстар, не деп жауап берерімді білмей сәл кідіріп қаламын. «Жақсы болды» деп құтылған боламын.

Иә, той деген қуаныш қой, барлық той жақсы өтеді, қызық өтеді, қуанышқа толы өтеді, сөз жоқ. Бірақ сонда да, ішімде бір нәрсе жетпей тұрғандай.

Өткен апта соңы студенттік досымның тойына барып қайттым. Той Орал қаласында болды. Той болатын күн жақындағанда Орал қаласын су басып қалды деген жаңалықтар бірінен соң бірі келе бастады. Су қаланың сыртқы жағындағы ауыл аймақты, өзендердің ортасына жайлы жайғасқан “Рублевканы” басып қалған екен. Президенттің резиденциясы да, әкімнің үйі де кеткен екен суға.

Ауылдық жердегі адамдардың барлығы қаладағы қонақ үйлерге орналастырыпты.

Тойға оралайық. Орал қаласына тойға үш сағат қалғанда жеттім. Як-48 ұшағымен пыр-пырлап әрең жеттік. Әуеде қалықтап келе жатқанда ақ, қаланың жан жағындағы көлшіктерді, суда қалған үйлерді көруге болады.

Орал жақтың бір жақсы жері, халқы уақытқа сый құрметі бар екен. Айтқан уақытында жиналып, тойханаға кіріп кетті. Той болғаннан кейін, ән болады, ән болған жерде би болады. Менің ойым осы билерде қалып қойды.

Халықтың ассимилияцаға ұшырайтыны осы би ме екен деп қалдым. Мысалға Шымкент жақтын тойына барсаң өзбекше билеп қайтасыз.

Ал Орал халқы “пляска” билейді екен. Әндерінің бәрі сол “пляска” билеуге арналған екен. Қызық.

Енді жалпы той мәселесіне келер болсақ. Барлық той бірыңғайда өтеді. Ауылға барсаңда сол, басқа қалаға барсаң да сол. Ел жұрт жиналады, асаба шығады, халықты ортаға шақырады, тост айтқызады, сосын ән қояды, би билетеді. Келесі топ шығады, тағы да ән айтылады, тағы да би, осылай соңына дейін жалғасады. Сосын той деген міндетті түрде түнде болуы керек. Күндіз болса бір түрлі болады ғой деймін.

Кешегі тойда қиялдап кеттім. Қазақтың нағыз тойларын істеуге болмайды емес қой, болады. Бірақ бір қосымша машақат сияқты емес пе?

Алматы жақта киіз үй ауылдары көп. Жайлау. Қаладан алыста емес, сол жерлерде істеуге болады. 150-200 адам сиып-ақ кетеді. Сосын дәстүрлі әндер болса, қазандарда былқылдап ет пісіп жатса, самаурын қайнап жатса. Әр келген қонақ топтары бір- бір қазақ үйге орналасса. Тамақтанып алғаннан кейін сыртқа шығып, тиын ілу, күрес, айтыс сынды ойын қызықтарды тамашаласа. Және ең бастысы той күндіз болса, түске қарай басталып, кешке жақын бітсе.

Қиын ба, бұндай той істеуге болмайды ма екен? Көп адам “тойдың алдында ерекше болса екен деп талпындық, бәрібір бірдей болып кетеді” дейді. Себебі той индустриясы соған қарай бейімделген.

Ал сәл ойланып қарасаң, бұның бәрі бізді қазақтығымыздан ұзақтатып барады екен.

Білмеймін, әйтеуір бұл тенденция маған ұнамай жүр соңғы кездер.

http://bekjan.dosym.kz
XS
SM
MD
LG