Accessibility links

Бакудегі діни жетекшілер форумы Астанадағы съезден бөлекше өтті


Аллашүкір Пашазаде, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының басшысы. Баку, 15 қыркүйек 2005 ж.
Аллашүкір Пашазаде, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының басшысы. Баку, 15 қыркүйек 2005 ж.

Жақында Әзірбайжанда діни ұйым басшыларының Бүкіләлемдік саммиті өтті. Қазақстандағы діни съездерден айырмашылығы, Әзірбайжандағы әлемдік діндер саммиті жергілікті билік үшін ашық жарнама науқанына айналған жоқ.


ҚАРАБАҚ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАНҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ

Биыл әлемдік дінбасылардың саммиті Орталық Азиядан Кавказға қарай ойысты. Сондықтан да болар, Бакуде өткен саммитте сол өңірге ғана тән өзекті мәселелер алға шықты. Съездің алғашқы күні-ақ, 26 сәуірде, Әзірбайжанның, Арменияның және Ресейдің дінбасылары Таулы Қарабақ бойынша декларацияға қол қойды.

Сол күні Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуде барлық армяндардың католикосы ІІ Гарегинді қабылдады. Сонымен бірге, 2011 жылы осындай саммитті Ереванда да өткізу мәселесі қарастырылып жатқандығы хабарланды.
Бакудегі саммитке әлемнің 33 елінен түрлі конфессиялардың 250-ден астам өкілдері қатысты.

Израиль дінбасылары Баку форумын елемей қойды. Өткен жылғы Астанадағы өткен саммитте мынадай бір жайсыз оқиға болған еді: съездің алғашқы сағаттарында съездің құрметті қонағы, Израиль президенті Шимон Переске сөз берілгенде ирандық делегация мүшелері қыр көрсетіп залдан шығып кеткен. Бұған осы жағдай да себепкер болуы әбден ықтимал.

КРЕМЛЬ ПОЗИЦИЯСЫН ҚАЙТАРЫП АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

2009 жылы Астанада өткен саммиттен айырмашылығы, Баку саммитінде Ресей жағы қатты белсенділік танытты. Әлемдік дінбасылардың әлемдік кездесуіне Мәскеу мен бүкіл Русь Патриархы Кирилл және Кавказ мұсылмандары діни басқармасының басшысы шейх Аллахшүкір Пашазаденің тең төрағалық етуінің өзі біраз жайды аңғартса керек.

Саммитті ТМД-нің дінаралық кеңесі ұйымдастырды. Саммитке қатысушыларға Ресей президенті Дмитрий Медведев сәлем жолдады.
Ресей тарапынынан болып жатқан бұл белсенділіктерді ТМД-ның мұсылман республикаларына қатысты Мәскеудің уыстан шығарып алған позицияларын біртіндеп қайтаруға жасаған әрекеті деп түсіндіруге болады.

Әзірбайжанның президенті Ильхам Әлиев саммит жұмысына қатысты. Бірақ оның бұл саммитті өзіне жарнама жасау үшін пайдалануға ұмтылмағандығы байқалды.

АСТАНА СЪЕЗДЕРІНДЕГІ АСЫРА МАҚТАУЛАР

Қазақстандағы осындай діни съездерді өткізу кезінде президентті жарнамалауға ерекше мән беріледі.

Алғашқы съезд 2003 жылы өтті. Үш жылдан соң екіншісі ұйымдастырылды. Айтпақшы, 2006 жылы Астанада өткен әлемдік дінбасылардың съезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бейбітшілік жолындағы Нобель сыйлығына ұсыну мәселесі әңгіме болды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Съезі.
Астана, 1 шілде 2009 ж.
Соңғы съезд 2009 жылдың шілде айында өтті. Бақылаушылардың пікірінше, бұл кезде қазақстан билігі үшін әлемді кезіп жүрген «Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы болуға лайық емес еді» деген күдікті сейілту өте маңызды болған. Қазақстан әлемдегі ең бір толерантты мемлекеттердің бірі деген мадақтауларды айту үшін шілдеде өткен форум қолайлы мінбер бола кетті.

Осыған байланысты Алматылық Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина әлемдік дін өкілдерінің мұндай саммиттері ел басшылығы үшін ауқымды жарнама науқаны ғана деп атап өтті. Нинель Фокинаның айтуынша, форум Қазақстандағы сөз бостандығы мен ұждан бостандығына оң ықпал тигізе алған жоқ.

Оппозициялық саясаткерлердің бірі Петр Своик те осындай пікірді қуаттайды. «Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезді дегеніңіз кәдімгі ойдан шығарылған дүние, - дейді Петр Своик. - Съезд белгілі бір саяси ұпай жинау үшін қазақстандық саяси технологтардың ойлап тапқаны. Бұл съезд дінаралық, ұлтаралық проблемаларды шешеді деп ойлаудың қажеті де жоқ. Бұл тек діни мәселені жамыла отырып өзін жарнамалау үшін ғана жасалған шара».

Баку съезінде қозғалған тағы бір тақырып әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевті де және оның Қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты да қуанышқа бөлей қоймасы анық. Баку саммитінің декларациясындағы: «Басымдыққа ие болып отырған саяси және экономикалық мәдениетте адам мен халық құндылығы шамадан тыс материалдық байлыққа, жайлылыққа, көңіл-көтерулерге ашкөздікпен ұмтылудың тасасында қалып қойып жатыр», - деген сөйлемдер бар.

Екі мемлекет басшысы мен олардың отбасы мүшелерінің миллиардтаған долларлық байлығы туралы әлемдік баспасөзде тұрақты түрде жарық көріп жатқан хабарлардан соң жоғарыдағы сөздер біртүрлі естіледі екен.
XS
SM
MD
LG