Accessibility links

Индонезияда қажылық сапары бизнеске айналды


Қажыға барғандар Мекке шаһары маңындағы қасиетті Арафат тауында жиналып тұр. 25 қараша 2009 жыл.
Қажыға барғандар Мекке шаһары маңындағы қасиетті Арафат тауында жиналып тұр. 25 қараша 2009 жыл.

Көп ұзамай қараша айында миилиондаған мұсылмандар қажылыққа аттана бастайды. Ал Индонезияның құқық қорғаушылары қажылық сапарды шенеуніктер үлкен бизнес көзіне айналдырып алған деген пікірде.


ЖЕМҚОР ҮШІН ҚАСИЕТТІ НӘРСЕ ЖОҚ

Әлемдегі ең көп мұсылмандар тұратын Индонезия қажылыққа баратындар жөнінен де алда тұр. Мәселен, «Нью-Йорк таймс» газеті Жакартадан жазған мақаласында өткен жылы қажылыққа барғандардың шамамен оннан бірі индонезиялықтар болды дегенді айтады.

Қазіргі уақытта Индонезияның миллионнан астам тұрғыны Меккеге жету үшін үкімет алдында кезекте тұр. Ал жыл сайын бөлінетін квотаны дәл осынша адамға үлестіру үшін әлі алты жыл керек. Алайда қажыға барудан үміттенетін индонезиялықтардың саны артқан сайын жең ұшынан жалғасатын жемқорлық одан әрі гүлденетін секілді.

Шенеуніктер мен саясаткерлер мемлекеттің қажылық сапары үшін жыл сайын бөлетін қаржысын талан-таражға салуға бейім. Ресми зерттеушілер мен жемқорлықпен күрес жөніндегі ұйымдардың мәліметтеріне қарағанда бұл қаржының жалпы көлемі 2,4 миллиард долларға жеткен.

Құқық қорғау ұйымдарының мағлұматына қарағанда туристік агенттер мен олардың лауазымды қызметкерлері қара басының қамын ойлап, қажылыққа барғысы келетіндерге мемлекет қойып отырған талапқа неше түрлі бюрократиялық кедергі қосып, жұртты діңкелетіп отыр.

Әупірімдеп Сауд Арабиясына аттанғандардың өзі жарым жолға жетпей қиындықтарға тап болады. Қажылық сапарға бастап баратындар былай шыға бере уәделерінен тайқып кетуі оп-оңай. Болашақ қажылардың тамағын да дұрыстап бермейтіндігі өз алдына, Меккеге жеткен соң жататын жерлері де жайсыз, қуықтай тар бөлме көрінеді.

«ҚАЖЫЛЫҚ МАФИЯСЫ»

Қажылық сапар барысында жіберілген олқылықтар мен қиындықтар жайы индонезиялық бұқаралық ақпарат құралдарында қайта-қайта көтеріліп, жауапты орындар аяусыз сынға ұшырады. Тіпті кей депутаттар мен шенеуніктердің 2,8 миллион долларға дейін пара алғандығы сөз болды. Осыдан соң ғана Индонезия парламенті мен Дін істері жөніндегі министрлік биыл қажылық сапардың бағасын реттеген сыңайлы.

Қажылық сапар жөнінде жыл сайын көтерілетін мәселелерді бюрократтар мен заң шығарушылар бас пайдаларына пайдаланып, астыртын «қажылық мафиясын» құрып отыр деп хабарлайды жемқорлықпен күрес жөніндегі ведомстволар мен бұқаралық ақпарат құралдары.

Өткен жылы депутаттыққа сайланған Мұхаммед Бағауи дін істерін қадағалайтын парламенттік комиссияның мүшесі. «Біздің қолымызда
Қажыға барғандар «Жамарат» - шайтанға тас лақтыру діни жоралғысын жасап жатыр. Мекке, 27 қараша 2009 жыл.
дәл қазір «қажылық мафия» жөнінде нақтылы дәлел жоқ. Алайда кейбір күдікті әрекеттерге қарай келе ондай мафияның бар екенін ішіміз сезеді», - дейді ол.

Парламент жетекшілері мен аталған министрліктің шенеуніктері парақорлық жөніндегі айыптарды теріске шығарады. Министрлік басқармасындағы қажылық мәселесі бойынша жоғары лауазымды шенеунік Абдул Ғафур Жауахир жемқорлықпен күрес жөніндегі ведомство министрліктегі процедура мен депозиттегі ақша жөнінде дұрыс түсінік бермей отыр деп мәлімдеді.

Жауахир айып тағушылар Сауд Арабиясына барып-қайту үшін кететін жол шығындарын да дұрыс есептемегендігін айтты. Оның пікірінше Индонезиядағы қажылық сапарды ұйымдастыру ісін Малайзиямен салыстыру әділетсіздік. Кей мәліметтер бойынша Малайзия қажылары азырақ төлеп, жақсырақ қызметпен қамтамасыз етілетін көрінеді.

«Мұның барлығы да бізде аса үлкен жемқорлық бар деген қоғамдық пікір туғызып отыр» деген Абдул Ғафур Жауахир, «шындығында ешқандай да мафия жоқ, министрліктің қолы таза» деп қосып қойды.

БИЗНЕСТІҢ ҮЛКЕНІ

Биыл қараша айында болатын қажылық сапардың құны Индонезияда адам басына шаққанда 3342 долларды құрайды, яғни былтырғымен салыстырғанда 80 долларға арзанырақ. Алайда жемқорлықпен күрес жөніндегі ведомство парақорлық болмаса қажылықтың құны мұнан әлдеқайда арзан болар еді дейді.

Қажылыққа бөлінген қаржыны талан-таражға салғаны және министрлік есебін тексеретін аудиторларды сатып алғаны үшін 2006 жылы
Мұсылмандар мешітте намазға жығылды. Сурабая қаласы, Шығыс Ява, Индонезия. 31 тамыз 2008 жыл.
министрмен бірқатар лауазымды қызметкерлер сотқа тартылды. Бірақ, бұған қарамастан жағдай пәлендей өзгере қоймады дейді жемқорлықпен күрестің белсенділері.

«Біз осынау ақшаның, яғни қажылыққа деп бөлінген мемлекет ақшасының қайда жұмсалып жатқанын ешқашан білген емеспіз», - дейді Индонезиядағы жемқорлықпен күрес жөніндегі ұйымның жетекші маманы Аде Ираван.

Индонезияның Жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттігінің айтуынша қажылыққа бөлінетін ақша жөнінде министрлік пен парламент арасындағы келіссөздер барысында депутаттар өздері мен туған-туыстарына қолындағы билігін пайдаланып квота бөлдіретін жайттар жиі кездеседі. Саяси лоббистік мүмкіндіктері бар туристік агенттіктер мен өзге де кәсіпорындар қажылыққа баратындарды азық-түлікпен және көлікпен қамтамасыз ету жөніндегі келісім-шарттарға елден бұрын қол жеткізеді.

Биыл Сауд Арабиясы Индонезияға 211 мың қажылық квотасын бөлді. Оның 17 мыңы мемлекет субсидиясынсыз Меккеге өз қаражатымен баратындар. Көпшілігі 3342 долларға жететін жол шығынын табу үшін өмір бойы жинаған мал-мүлкін сатуға мәжбүр.

Құқық қорғаушылардың пікірінше бұл елден баратын қажылық сапар кейбір шенеуніктер үшін нағыз бизнес көзіне айналды. Бұл пікірді қарапайым индонезиялықтар да қолдайды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Биыл Сауд Арабиясы Меккеге қажылық сапарға шығатын Қазақстан мұсылмандарына арнап төрт мың квота бөлді. Ал қажылыққа апарып-алып келетін жеке фирмалар бір емес бірнешеу.

Азаттық радиосының репортерімен арада болған әңгімеде Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков Меккеге аттанатын адамдарды рәсімдеумен шұғылданатын шенеуніктер арасындағы жемқорлық жөнінде айтып берді.

- Бұл салада жемқорлық бар. Осыдан он жыл бұрын мұндай жемқорлыққа біздің еліміздегі Сауд Арабиясының қызметкерлері де
Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков. Алматы, 21 шілде 2008 жыл.
шатысқаны белгілі болған еді. Қазақстандық қажыларды апаратын түріктің туристік фирмасын да әшкереледік. Сөйтіп Қазақстандағы Түркия елшілігіне шағымдандық.. Бірақ, жемқорлыққа байланысты ірі жанжалдар Қазақстанда бола қойған жоқ. Соңғы жылдары жағдайдың біршама түзеліп келе жатқаны байқалады, - дейді Мұрат Телібеков

Биыл қазақстандық қажыларға қажылық сапардың орта есеппен үш жарым мың долларға түсетіні белгілі болып отыр. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Азаттық радиосына Сауд Арабиясына жасалатын қажылық сапарды фирмалардың әртүрлі рәсімдейтінін хабарлады.

- Бағалардағы айырмалар қажыларымыз түсетін қонақ үйдің деңгейіне тәуелді. Кейбіреулер бес жұлдызды қонақ үйге жатқысы келсе, кейбіреулері қарапайым қонақ үйді қанағат қылады. Әрине, күніне жейтін тамағы да әсер етпей қалмайды. Кей жерлер күніне екі рет, кейбірі үш рет, тіпті одан да көбірек тамақтандыруы мүмкін, - деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек..

Ал Қазақстанның таяу көршілерінің бірі Тәжікстанда қажылыққа баратындарға бірқатар шектеу қойылмақшы. Дін істері жөніндегі комитет 18 жасқа толмаған Тәжікстан азаматтары қажылыққа бару құқынан айырылады деп мәлімдеді. Сонымен қатар билік орындары келешек қажылардан Меккеге баратын қаржыны қайдан алғанынын көрсетуді талап етпек.
XS
SM
MD
LG