Accessibility links

Сталин және Ресей – Сталин және Қазақстан


Актерлар Нұржұман Ықтымбаев пен Дәнел Шынтеміров. "Сталинге сыйлық" фильмін түсіру кезінде
Актерлар Нұржұман Ықтымбаев пен Дәнел Шынтеміров. "Сталинге сыйлық" фильмін түсіру кезінде

Севастопольде «Бірігіп жеңдік» деген жалпы ұранмен өткен халықаралық телерадиофестиваль аяқталып, бас жүлдені «Сталинге сыйлық» атты қазақ кинотуындысы жеңіп алды. Ал, Қазақстанда сталинизмнің өзі қайта оянып келеді.

ФЕСТИВАЛЬ ҰРАНЫ ПРИБАЛТТЫҚТАРДЫҢ ЕНШІСІ

Фестивальдің бас жүлдесі – Гран-приді Қазақстанда жақсы танымал режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақфильмде» түсірген «Сталинге сыйлық» атты фильмі алды.

Фильмге соғыстан кейінгі 1949 жылы болған оқиғалар, Совет өкіметі, нақтылап айтқанда Джугашвили өкіметі Одақ бойынша қуғын-сүргіннің жаңа толқынын бастаған кезең өзек болады.

Бірақ басты жазалаушының өзі кезекті қанды қасаптың құрбанына айналды. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, оның өзі де миына қан кетіп, ақыл-есіне келе алмай, азаптанып, 1953 жылдың 5 наурызында күлге айналды. Оны өзінің жанындағы әріптестері өлтірген деген де болжам бар.

Диктатордың жылдар бойғы қанды шеңгелінен мезі болған ел ол өлген соң дүр сілкініп, ғажайып дүние жасауы керек-тін. Қайтадан туғандай болып, Джугашвили мен оның айналасындағылар дүниеге әкелген барлық зұлымдықты түбірімен жұлып тастауы тиіс еді.

Сталиннен кейінгі алғашқы жылдарда мұндай ізгі үміт болған. Бұл жылдар бекерден бекер «жылымық кезеңі» деп аталған жоқ. КПСС-тің атышулы ХХ-сьезінде бүкілхалықтық жендет туралы шындық ашық айтыла бастады.

Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Әлдебір сайтанның құдіреті қоғамның қайтадан тазару үрдісін тоқтатып, сталинизм ауруы әр жерлерде сақталып қалды.

«Сталин» деп аспандатқан адам іргесін бекіткен мемлекеттің күл-паршасы шыққаннан кейін де бұл дерттен айығу мүмкін болмады.

Энергияның сақталу заңы бұрынғы қираған жүйенің орнында пайда болған постсоветтік мемлекеттерде көрініс тапты. Бірақ, барлығында бірдей емес.

Оккупанттың ең соңғы құрбандары прибалттықтар өздерін бұрынғы режимнен барынша алысырақ ұстауға тырысты. Олар Германияда денацификация деп аталған үрдісті жаппай жүзеге асырды.

Тиісінше, литвалықтар, эстондықтар және латыштар барлығы бірге және әр халық өзінше бөлек-бөлек сталинсіздендіруді соншама тәптіштеп жүргізді.

Севастополь кинофестивалінің «Бірігіп жеңдік» деген ұранын прибалттықтардың иемденуіне толық құқылары бар. Олар бүгінде Джугашвили орнатып кеткен советтіктің ең негізгі өзегіне тойтарыс беріп отыр.

Бұлай деп тек Балтық елдері туралы ғана айтуға болар. Украина да осыларға теңескісі келеді. Бірақ оған прибалттарды қуып жету қайда.

БІРЖОЛАТА БАҒЫНУ – БӨЛІНІП ШЫҚҚАН РЕЖИМДЕРДІҢ БАСТЫ ПОСТУЛАТЫ

Мінеки, бар болғаны осы. Күйреген империяның қалған мемлекеттерінде өткеннің жаңғырығы қалып қойған. Қалып қана қойған жоқ. Бұл мемлекеттер сол кезеңнің жіті назарында, қамқорлығында өмір сүріп жатқандай.

Тіпті бұл көрініс садомазахистік дәрежеге шейін жетілдірілді. Өйткені Астанадағы режим Қазақстанда «Сталинге сыйлық» атты фильмнің түсірілуіне кедергі жасаған жоқ қой.

Атынан ат үркетін чекистік ұйымдарды ФСБ, ҰҚК, СБУ деген аттардың артына жасырғансып, келмеске кетті делінген көптеген принципті схемалардың бүгінге айна-қатесіз көшірілгені алтыншы-жетінші сыныптың оқушыларына да түсінікті болар

Бұл келтірілген тізімдерді аяқтауға әлі ерте, өйткені, қазіргі барлық жүйе өткеннің мүлтіксіз бағыну постулатына құрылған. Қалай болғанда да туған совет елінен бөлініп шыққан мемлекеттердің барлығына жуық режимдер осыған ұмтылып жатыр.

Нағыз Сталиндік ағынан ақтарылудың соңғы мысалдарының бірі мынау. Жапонияға бара жатып Ресей премьер-министрі Владимир Путин жапон ақпарат құралдарына сұхбат берді.

Ол осы жерде алғаш рет Ресей президенті болуға шешім қабылдауға жақын екенін мәлімдеді. Әрине сөзін сәл жұмсартыңқырап айтты.

Ол 2012 жылғы Ресейдегі президент сайлауына оның немесе Дмитрий Медведевтің түсетіні әлі толықтай шешілген жоқ екенін айтты. Жұмсақтық деп осыны айт!

Әрі қарай ол, бәлкім кейін жергілікті мемлекеттің шығармашылық тарихына енуі мүмкін сөздерді қосты. Владимир Путин былай деді:«Біздің жұмысымыздың қаншалықты тиімді болуына байланысты президент Медведев және мен болашақта не істейтініміз туралы шешім қабылдаймыз. Ол және мен».

Мінеки елдің болашағы қандай! Бақсақ, сайлау Ресейде емес, жекелеген екі адамның арасында болады екен.

ӘЗІРШЕ ЖЕҢІС ДИКТАТОРЛАРДА

Кешіріңіз, сонда тап сол 2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев не істеуі керек? Ол кіммен кеңеседі? Оның өзінің қазақы Дмитрий Медведеві жоқ қой.

Ал Өзбекстандағы Ислам Каримов пен Түркменстандағы Гурбангулы Бердімұхамедовқа не істе деп бұйырасыз? Олар саналы түрде өздерін ауыстыратын адам іздемейді ғой. Бәрі керісінше болады.

Олар тап болған ахуал барлығын биліктерін сақтап қалуға мәжбүрлейді. Жеке дара билеу схемасының өзі оларды аяқ-қолдарынан байлап, өз билігінің ең тәуелді құрбанына айналдырады.

Мінеки, Джугашвили оларға қандай мұра тастап кетті. Ол тек билеушілерді ғана емес, олардың қол астындағы миллиондаған адамдарды қандай тығырыққа тіреді. Сталинизмнің жұқпалы дерті сонау жоғарыдан басталып, вирус сияқты төменге жайыла бастайды.

Шынында соғыста бірігіп жеңдік. Диктаторға қарамастан жеңдік. Бірақ әзірге өмірде ол жеңіске жетіп отыр.
XS
SM
MD
LG