Accessibility links

Нүкісте айыпталып отырғандардың туыстары қазақстандық шекарашыларды сотқа бермекші


Нүкіс сотында айыпталып отырғандардың туыстары облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың қабылдауында. Ақтөбе, 3 маусым 2009 ж.
Нүкіс сотында айыпталып отырғандардың туыстары облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың қабылдауында. Ақтөбе, 3 маусым 2009 ж.

Нүкістегі сотта жауапқа тартылып жатқан 27 ақтөбелік азаматтың туысқандары қазақстандық шекарашыларды сотқа беретіндерін мәлімдеді. Олар боранды күні адасып бара жатқан автокөліктерді ешкім тоқтатпағанын, ал мемлекеттік шекарада не тиісті жолақ, не шекара бағандары байқалмағанын алға тартып, шекарашыларды кінәлайды.

Туған-туыстары Нүкістегі сотта айыпталып отырған Қазақстан азаматтарын Өзбекстан соты 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырып, соттап жібере ме деп алаңдаулы.

Өзбекстанда айыпталған жүргізушілердің бірі Досан Жаңбыршинның әпкесі Гүлнұр Жаңбыршина Нүкіс соты талап еткен анықтамаларды, басқа да құжаттарды өздері жинап апарғандарын, қазақстандық құзырлы мекемелерден ешбір көмек болмағанын алға тартты.

«Олар шекараны қасақана бұзған жоқ, боранды күні адасып барып, басқа елдің аумағына кіріп кеткендіктен, қандай да бір түсінушілік болар деп үміттенгенбіз. Енді жағдайдың қалай болатынын көзге елестету қиын», – дейді Гүлнұр Жаңбыршина.

Сотқа тартылғандардың туыстары Ташкенттен жалдаған 5 қорғаушының бірі – Өзбекстан азаматы Асқар Асанов Қазақстанның Бас прокуратурасы мен басқа да ресми органдарынан Нүкіс сотына өкілдер келмегенін хабарлады.

Өзбекстан аумағында ұсталған ақтөбеліктердің жеке меншігіндегі «КамАЗ» көліктері де Нүкісте қалып қойды. Оны өзбек жағы қайтармай отыр. Туыстарының айтуынша, 25 үлкен жүк көлігінің барлығы да несиеге алынғандықтан, банктер уақтылы төлемдерін талап еткен.

«Мен қазір түнімен ұйықтай алмаймын. Жас ортасынан асып, абақтыда жатқан күйеуімді ойлаймын ба, не айына 150 мың теңге төлеуге тиіс несиемді ойлаймын ба, басым қатып кетті. Біз «КамАЗ» автокөлігі мен қазір тұрып жатқан пәтерімізді кезінде несиеге алдық. Енді екі қарызды қалай төлерімді білмей жүрмін. Өзім базарда саудада істеймін, қалай жүгірсем де айына 150 мың теңге шығара алмаймын» дейді Нүкіс сотында жауапқа тартылып отырған 55 жастағы Батырбек Әбіловтың зайыбы Набат Демесінова.

Туған-туысқандары әлеуметтік жағдайларының қиындығын, көпшілігі несиелерін төлей алмай жүргендерін айтып, облыс әкіміне шағымданған болатын.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова айыпталушыларды қорғауға кіріскен 5 ташкенттік қорғаушының еңбекақысы үшін осыдан бірер күн бұрын Нүкіске Ақтөбе облысы әкімшілігі жергілікті бюджеттен 1 миллион теңге аударылғанын, сот процесіне қатысу үшін Нүкіске жол жүріп кеткен 7 адамның жол қаражаттарын, қонақ үй ақысын төлегендерін мәлімдеді.

«Бұдан басқа қолдан келер көмек жоқ» деді Сара Нұрқатова.

Осы аптаның сәрсенбісінде сот процесі тағы жалғасты. Бұл жолы Қазақстанның ресми өкілдерінен тек Қазақстанның Өзбекстандағы консулы Бабур Дәуренбеков келіп, сырттай бақылаушы ретінде ғана көрініп, кетіп қалған дейді жауапқа тартылып жатқандардың туыстары.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен басқа да ресми орындары өзге елде айыпталып жатқан азаматтарының тағдырына қатысты әзірге тым-тырыс күйде.

Осылайша 27 ақтөбеліктің тағдырын шешу толығымен Нүкіс сотының құзырында қалып отыр.
XS
SM
MD
LG