Accessibility links

Ел оппозициясының шақыруымен бара жатқан екі қазақстандықты қырғыз шекарашылары кері қайтарды


Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы "Ақ жол - Қордай" шекара бекеті.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы "Ақ жол - Қордай" шекара бекеті.

Қырғызстан шекарашылары журналист Виктор Ковтуновский мен Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Марина Сәбитованы өз елінің аумағына кіргізбей қойды. Қырғыз еліндегі оппозициялық партиялардың шақыртуымен жолға шыққан бұл екеуі мамырдың 4-і күні қазақ-қырғыз шекарасынан кері қайтуға мәжбүр болған.

Тәуелсіз журналист Виктор Ковтуновскийдің мамырдың 7-і күні Азаттық радиосына хабарлауынша, дүйсенбі күні оларды қырғыз шекаралық бекетінің қызметкерлері тоқтатып, қазақстандық екі азаматқа 2019 жылға дейін Қырғызстан аумағына кіруге рұқсат жоқ екендігін мәлімдеген.

– Олар бізге жоғарыдан бір телефонограмма келіп түскендігін айтты. Бірақ, бекет қызметкерлері бұл телефонограммада не жазылғандығын, сондай-ақ оның нөмірін атаудан бас тартты, – деді журналист.

Бұдан бөлек, шекаралық бекеттің қызметкерлері «екі азаматтың ел аумағына жіберілмеуі «Сыртқы миграция туралы» заңның негізінде жүзеге асып отыр» деп түсіндірген. Алайда қазақстандықтар аталған заңның қай бабын бұзғандығын олардан сұрап біле алмаған.

Бар болғаны «бұл жағын кері қайтып Қазақстаннан анықтап алыңдар» деп жауап беріпті шекарашылар.

Виктор Ковтуновский, қазақстандық журналист (жеке мұрағатындағы сурет)
– Айта кетерлік жайт, біздің сұрақтарымызға жауап берген қызметкер өзінің жұмыс тәжірибесінде телефонограмма негізінде ел аумағына кіргізбей қою фактісі бірінші мәрте болып отырғандығын мойындады. Бұдан бөлек, қылмыскерлерді ұстайтын «қызыл жалауша» деген ұғым бар. Бірақ, біз олардың санатынан емеспіз, әрине, – деді Виктор Ковтуновский Азаттық радиосына.

Сонымен қатар, постсоветтік мемлекеттерде революциялар тарихын зерттеуші тәуелсіз журналист Виктор Ковтуновский қырғыз елінің 2019 жылға дейін созылатын, яғни 10 жыл мерзімдік тыйымын қандай дәйекпен түсіндіретіндігін білмейді. Оның пікірінше, бұл бәз біреулердің негізсіз айта салған мерзімі.

– Менің ойымша, олар осындай түсініксіз мерзімді белгілеу арқылы бұл жағдайдың 2009 жылғы шілденің 23-імен байланысы жоқ екендігін көрсетуге тырысқан секілді. Бірақ, шетелдік журналистер мен саяси партиялардың өкілдерін ел аумағына кіргізуге ауызша түрде салынған тыйым биылғы жаздағы президент сайлауынан кейін күшін жоятындығына күмәнім жоқ. Яғни, бізді Қырғызстанға кіргізбеу фактісі бұл елде президенттік сайлау алдындағы науқан басталғандығын білдіреді, – деді Виктор Ковтуновский.

Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Марина Сәбитова да қазақ-қырғыз шекарасындағы бұл жағдайдың саяси астары бар деп санайды. Сондай-ақ, ол қырғыз еліне сондағы оппозициялық партиялардың шақыртуымен бармақ болғанын айтады.

– Сапардың мақсаты – оппозиция лидерлерінің екіжақты пікір алмасуы болатын. Бұған дейін мен қырғыздың бірлескен оппозициясының құрылтайына қатысқан едім. Бұл жерде оппозиция атынан сайлауға түсетін үміткер анықталды, алда болатын сайлауға болжамдар жасалынды және биыл күзде Орталық Азиядағы социал-демократтардың бірлескен конференциясын өткізу мәселесі талқыланды. Осында айтылған ойларды әрі қарай дамыту үшін мені олар өзара пікір алмасу үшін шақыртқан еді, – деді «Орталық Азияда қарсылық көрсету табиғаты» тақырыбын зерттеуші Марина Сәбитова.

Сонымен қатар, партия өкілі Марина Сәбитова қазақ-қырғыз шекарасында өзі кезіккен жағдайға байланысты Қазақстандағы Қырғыз елшілігіне өтініш түсіретіндігін жеткізді.

Осы оқиғаға байланысты Қырғызстанның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігінен қандай да бір түсінік алуға тырысқан Азаттық тілшісіне елшіліктен жауап алу мүмкін болмады.

Бұл уақытта қырғыздың оппозициялық «Ата-Мекен» партиясы, сәрсенбі күні таратылған арнайы мәлімдемесінде, екі қазақ азаматының ел аумағына жіберілмеуін «биліктің әкімшілік ресурстарды қолдану арқылы оппозициялық партияларды оқшаулап әлсірету әрекетінен туындаған» деп бағалады.
XS
SM
MD
LG