Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасында шектен тыс оқиғалар тиылмай отыр


Алматыдағы жекеменшік үйлердің бірінде жұмыс істеп жатқан өзбек мигранты. қыркүйек, 2008 жыл.
Алматыдағы жекеменшік үйлердің бірінде жұмыс істеп жатқан өзбек мигранты. қыркүйек, 2008 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазақ - өзбек шекарасында Өзбекстанның екі азаматы атылған. Билік өкілдері жаңа бақылау-өткізу бекеттерін салтанатты түрде ашып жатса, шекарашылар атуды, ал кеденшілер пара алуды жалғастырып жатыр.

Бейбіт шекара майдан даласындай

«Қазақпарат» агенттігі хабарлағандай, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында екі өзбек азаматы оққа ұшқан. Автомобилдегі екі ер адам заңға сәйкес қазақ-өзбек шекарасында орналасқан «Атакент» кеден бекетінен өтіп бара жатқан. Бірақ Қазақстан территориясына 60 метр кірген кезде машинаға оқ жаудыра бастаған. Автомобильдегі өзбекстандық азаматтың екеуі де жараланып, аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген.

Жапа шеккен азаматтардың сөзіне қарағанда, олардың Қазақстанға сапары бейбіт мақсатта болған – қонаққа бара жатқан. Алайда шекараны кесіп өтуі сол екен, оларға қара түстес екі «БМВ» автомобилі тоқтап, ішінен түскен қарулы адамдар ешқандай ескертусіз және себепсіз оқ жаудыра бастаған. Екеуі де денесінің бірнеше жерінен жарақат алған. Олардың біреуі ес-түссіз жатыр, дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтады. Оқ атқандардың біреуін жәбірленуші таныған. Оларды іздестіру жүргізіліп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова Азаттық тілшісіне айтқан сөзінде жәбірленушінің біреуі оқ атқандардың біреуін бұрыннан танитындығын мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, олардың біреуі танылып қазір оны және басқа да оқ атқан адамдарды іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Баспасөз хатшысы тергеудің барысы туралы былайша мәлімдеді:


- Оқ кек алу мақсатында атылған. Қазір Қылмыстық кодекстің «өлтіруге қастық жасаған» деген бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұдан бір жыл бұрын қазақ-өзбек шекарасында «Қақпақ» бақылау-өткізу бөліміне жақын маңда қазақстандық шекарашылар қолынан өзбекстандық әйел азаматы өлтірілген. Өзбекстанның Наманган облысының 35 жасар әйел азаматы Саида Хасанова Оңтүстік Қазақстанға өз отбасымен жұмыс істеп, ақша табу мақсатында келген. Сол бір қаралы күні өзінің екі баласына тамақ жасап жатқан әйелге 20 жасар шекарашы Жандос Байменовтің атқан оғы тура басына келіп тиген.

Кейін мәлім болғанындай, шекара қызметкері шекаралық аймақтың бейбіт тұрғынына оқ атқан кезде мас күйде болған. «Қақпақ» шекаралық қызметінің өкілі ұзақ жылға бас бостандығынан айырылған.

Жаңа бақылау-өткізу бекеті ашылып жатқанымен, кеденшілердің шектен тыс әрекеттері сол қалпында


Өткен жылы қазақ-өзбек шекаралық және кеден бақылау-өткізу бөлімдері қайта жөндеуден өткізілді. Қарашаның ортасына қарай қайта жөндеуден өткен соң Қазақстан жағынан «Қапланбек», Өзбекстан жағынан «Науаи» шекаралық және кеден бақылау-өткізу бөлімі жұмысын бастады.

«Қапланбек» - «Науаи» бақылау-өткізу бекетінің салтанатты ашылуына Өзбекстанның премьер-министрі Нодирхон Хонов пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Зауытбек Тұрысбеков қатысты. Шараға қатысушылар «Қапланбек» - «Науаи» бақылау-өткізу бекеттері халықаралық деңгейдегі заманауи техникалық құралдармен жабдықталғанын атап өтті.


Екі елдің шекаралық және кеден қызметінің өкілдерінің мәліметіне қарағанда, 2009 жылдың басында тағы Қазақстан жағынан «Жібек жолы» Өзбекстан жағынан «Гишт куприк» бақылау-өткізу бөлімін пайдалануға беру жоспарлануда. Екі елдің ресми өкілдері де елдер арасындағы бақылау-өткізу бекеттері шекарадан өтетін адамдарға барлық қажетті жағдайларды жасайтынын айтудан шаршайтын емес.

Азаттық тілшісінің қазақ-өзбек шекарасындағы «Майский» бақылау-өткізу бекеті орналасқан ауданға жолы түсті. Қазақстанның бір әйелі қазақстандық кеденшілердің бассыздық әрекеттерін айтып шағымданған:


- Бақылау-өткізу бөлімінен ешбір кедергісіз өту мүмкін емес. Тапқан ақшамыздың тең жартысын бақылау-өткізу бекеттері қызметкерлеріне беріп кетеміз. Мен өзім Қазақстан азаматымын, Өзбекстанға туыстарыма барғанмын. Жанымда ақша болғаны жақсы болған екен. Мен қайтар жолда шекарадан еш кедергісіз өту үшін 100 доллар бердім. Әсіресе, қазақстандық кеден бекетінің қызметкелері өздерінің шектен тыс дөрекілігімен ерекшеленеді. Бірде менімен бірге шекарадан егде жастағы қария өтпек болды. Ол дихандықпен алған өнімдерін сатуға Өзбекстанға барған екен. Саудада жолы болмай, үйіне ақшасыз қайтады. Бірақ қазақстандық кеденшілерді мұндай түсініктеме қанағаттандырған жоқ, олар қарияның қалтасындағы бар ақшаны алып қалды. Олардың осы әрекеттері өздерін ата-анадан тумағандай танытты.

Бақылаушылар шекарадағы сыбайлас жемқорлықты бақылау-өткізу бекеттерін қайта жөндеу арқылы ғана жоюға болмайтынын айтады: параны алу пайдасыз және қауіпті болатындай етіп заңнамалық тұрғыдан әрекет ету керек; сыбайлас жемқорлықпен күрес барысында міндетті түрде қоғамдық пікірді ескеру керек, онсыз қандай да шара тиімсіз болар еді.

XS
SM
MD
LG