Accessibility links

Ауған соғысы ардагерлері даудан арылар емес


Ауған соғысы ардагерлері өздеріне тиесілі меншіктерді жеке тұлғалардың заңсыз иемденгісі келетінін, бұған құқық қорғау органдарының көз жұма қарап отырғанын айтып отыр.

1988 жылы құрылған Ауған соғысы ардагерлері ұйымының иелігінде жарты гектарға жуық жер телімі болыпты. Бірақ, 2000 жылы бұл ұйым Ауған ардагерлерінің Одағы болып қайта құрылғанда одақ өзіне тиесілі меншіктерді қайтара алмапты.
- Ұйымның өзіне тиесілі 0,4 га жері және техникалық қызмет көрсету орталығы, жылжымайтын мүліктері бар болатын. Ардагерлер олардың барлығын өз күшімен салды. 2000 жылы болған конференцияда бұрынғы ұйымның меншіктері жаңа одаққа өту керектігі жайында айтылады. Бірақ, бұрынғы төраға ұйымның Жоғарғы Кеңесінің шешімін жоққа шығарып, жер телімінің құжаттарын жоғалтып алғанын хабарлайды. Бұдан соң ол бұрынғы ұйымды сол қалпынша қайта тіркеуден өткізіп, 2001 жылы мүлде бейтаныс адамдарға беріп жібереді,- дейді Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы Ауған ардагерлері одағының төрағасы Орынқажы Баймолданов.
Оның айтуынша, ұйымның жаңа төрағасы соғысқа мүлде қатыспаған, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын көрінеді. Одақ мүшелері бұған дейін аудандық, қалалық прокуратураға шағым жасағанмен, прокуратура бұрынғы ұйымның жұмысын заңды деп тауыпты. Одақтың заңгері Сергей Рудниченко құқық қорғау орындарының заң бұзушылықты қалай байқамай отырғандығына таңқалады:
- Әу баста-ақ олардың қаулысы заңсыз болған. Қоғамдық ұйымның құрамында 10 шақты адам бар. Сондай-ақ, бұрынғы ұйымның тарағаны жөнінде заңды құжаттар жоқ. Ұйымның тағдырын мүлде одан бейхабар адамдар шешеді. Бұл заңды ма?
Рудниченконың айтуынша, құқық қорғау органдары құжаттарды тиянақты тексеріп отырған жоқ. Соған қарағанда соттың да, прокуратураның да, Әділет департаментінің де бұған қатысы бар сияқты деп топшылайды олар.
- «Ебін тапқан екі асайды» демекші, бұл жерде соғыста болғандардың мәртебесін пайдаланып, олардың ұйымына құрылтайшы болғысы келген азаматтар тұр. Олардың жаңадан құрылған одаққа құрылтайшы болмай, қарамағында жер телімі мен жылжымайтын мүлігі бар, жұмысы жүріп тұрған ұйымды не үшін таңдағаны да түсінікті. Сөйтіп, біраз уақыт өткен соң ол адам жер телімін өзінің атына аударып алады. Ал сот, прокуратура, әділет департаментінің өкілдері осылай болуы керек деп санайды. Алғашқы іс қаралып жатқан кезде Алматы қалалық сотына біздің қарсыластарымыз бізді көшіру туралы шағым да жасап қойыпты, - дейді Сергей Рудниченко.
Ауған ардагерлері қазіргі таңда Айдарбековтың атына шағым жасап, қалалық сотқа өткізіп қойғандықтарын, енді шешім күтіп отырғандықтарын айтады.
- Жауаптылардың қатарында Айдарбековпен қатар қалалық Әділет басқармасы, жер қатынастары басқармасы және қалалық әкімшілік бар. Мәселе - ұйым төрағасы қабылдаған шешімдердің барлығын заңсыз деп табу, олардың күшін жою.
Қазіргі таңда ұйымның жаңа төрағасы Айдарбековтың қайда екенін ешкім білмей отыр. Бұл жөнінде аудандық, қалалық прокуратураға телефон шалғанымызбен жауап ала алмадық. Ал ардагерлер болса, егер жерлері мен жылжымайтын мүліктерінен айырылса, мүгедек достары мен соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасылары еш көмексіз қалатындығына да алаңдайды.
Дерек бойынша, Қазақстанда 18 мыңға жуық ауған соғысының ардагерлері бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG