Accessibility links

Серік Әбдірахманов:Тақ мұрагерлері өздерінің коммерциялық құлқынымен Қазақстанның түбіне жетуі мүмкін


Серік Әбдірахманов Азаттық радиосына сұхбат беріп тұр. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл
Серік Әбдірахманов Азаттық радиосына сұхбат беріп тұр. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл

Aлты мәрте парламент депутаты болған Серік Әбдірахманов президент тағынан үміткерлердің бәрі әділетті сайлауға дайындалуы қажет деп ескертеді. Сонымен бірге ол Назарбаевтың антидемократиялық қадамдарын да құптап отырады.

«ОЛИГАРХТАРДЫҢ ӨЗ ПАРТИЯСЫ БОЛМАУЫ КЕРЕК»

Желтоқсанның басында Астанада Назарбаевтың мықты жақтастарының бірі, президентшіл саясаткер Серік Әбдірахманов саяси партияларды қаржыландыру мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда баяндама жасады. Осыдан кейін Азаттық радиосының тілшісі оған бірнеше сұрақтар қойған еді.

– Серік мырза, әңгімемізді өзіңіз баяндама жасаған конференциядан бастасақ. Сіз одан қызықты не таптыңыз?

– Ең бастысы, дамыған мемлекеттерде үкімет саяси партиялардың барлығына бірдей жағдай жасауға талпынады. Мемлекеттің қырағы көзі партиялардың қаржылай-өндірістік топтарға, олигархтардың ақшасына тәуелді болып қалмауын жіті қадағалап және жасыратыны жоқ, онда бұл туралы сөз болмаса айта кетерлік жағдай, қаржының шетелдік тыңшының қолына түспеуін бақылайды. Біздің мынадай алмағайып заманда мұндай жағдайлардың орын алуы мүмкін, қандай да бір миллиардер сатып алған партиясы арқылы үкіметті қолына алғысы келсе не болмақ.

Мысалды алыстан іздемей- ақ қояйық. Мұрағат материалдары Ресейдегі билікті Владимир Ульянов герман ақшасын пайдалану арқылы басып алғанын дәлелдеп отыр. Мұның ақыры не болғанын біз жақсы білеміз. Қазақстанның жаңа тарихында да шетелдік олигарх қаржыландырып отырған партия болған. Бұл мүлде кешірілмейтін жағдай.

Сондықтан да Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін мұндай мәселеде өте сақ болуы керек. Құдай сақтасын, егер дәл осындай жағдай қайталанса, яғни елдегі билікті төбенің ар жағынан қаржыланып отырған партия иемденсе, бізден мүйіз бен аяқ қана қалмақ. Елді және билікті сатып кете салатын адамдар әрқашан да табылады.

Батыста, атап айтсақ, Ұлыбританияда партияларды жанама қаржыландыратын, яғни теледидардан ақысыз эфирлік уақыт бөлінетін жүйе дамыған. Заңнамалар бағдарламалардың саяси тұрғыдан бейтарап болуын мемлекеттік БАҚ-дан, сол сияқты жекеменшік коммерциялық телерадио компанияларынан да бірдей талап етеді.

Сонымен бірге жекеменшік теле компанияларға саяси партиялар мен ұйымдарды жарнамалағаны үшін ақы алуға тыйым салады. Онда партияның жағдайы сайлау кезінде анықталады. Қажетті дауыс жинап, талап еткен сатылардан өтіп, парламентке келдің, демек сен ауқаттысың, жинай алмадың ба – кешіріңіз, мемлекет жалған парияларды қаржыландырмайды.

Мен бұл өте дұрыс деп есептеймін. Міне, сондықтан да маған жүйесі ерекше ұнаған Ұлыбританияда партиялар демеуші іздеп сенделмейді. Бір қызығы онда ауқатты адамдар өз партияларын құрмайды. Демеушілер сайлау науқандары кезінде ғана партияларға қолдау көрсете алады.

– Серік мырза, конференцияда сіз қай ұйымның атынан шықтыңыз?

– Өзім төрағасының орынбасары болып табылатын «Әділет» партиясынан.

– Конференцияда басқа партиялардың өкілдері болды ма?

– Екі коммунистік партиядан және «Нұр-Отаннан».

– Ал басқа оппозициялық партиялардан болмады ма?


- Сіз қандай партияларды оппозициялық деп санайсыз?

- Жармақан Тұяқбайдың – ОСДП-ы, Болат Әбіловтің – «Азаты»


- Бұдан бес жыл бұрын Ұлыбритания лорды Спрингтің қазақстандық партиялардың бағыты туралы қойған осындай сұрағына мен былай жауап берген едім: «Спринг мырза, ол партиялардың қайсысы - шынайы, ал қайсысы - президент аппаратының сценарийі бойынша құрылғанын білмедім».

Сондықтан да біреулер оларды оппозициялық партиялар дейді, ал енді басқалары оларды биліктің жоспарланған сценарийімен демократияның, қарқынды саяси қызметтің боямасы ретінде, халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін құрылған дейді. Бұл жөнінде соңғы уақытта бұқаралық құралдары ойлану үшін біраз материалдар ұсынды.

БАЛЫҚШЫ БАЛЫҚШЫНЫ АЛЫСТАН ТАНИДЫ

- Серік мырза, сіздің баяндамаңызға оралсақ. 1999 жылғы парламент сайлауын еске ала отырып, сіз бұл жеңістің ауыр күрестің нәтижесінде келгенін айттыңыз. Алайда кейбір сараптамашылар егер Әбдірахманов сайлау өте салысымен оппозиция көсемі Әкежан Қажыгелдинге қарсы мәлімдеме жасамағанда, парламентке өтуі екіталай еді дейді. Оның үстіне, сіздің билікке айтқан екіұшты оппозициялық мәлімдемелеріңіз бар. Сіз бұған не айтасыз?

– Біріншіден, мен өзімнің сайлаушыларымнан толық қолдау таптым. Бұл менің тарапымнан бірнеше рет дәлелденді. Екіншіден, менің оппозициялығыма келетін болсақ: мен ешқашан оппозиционер болғаным жоқ. Мен әрқашан өз қалпымда қалдым.

Бір кездері мен Нұрсұлтан Назарбаевты мойындадым, қаласаң –өзіндік есебіммен, қаласаң – жастық шақтың екпінімен. Дегенмен, мен оның соңынан саналы түрде ердім. Мен оның кемшіліксіз емес екенін білемін. Қазақтарда мынадай: «Жаманды жасырып, жақсыны асыру керек» деген мақал бар. Мен сізден нағыз көсемді атаңыз десем, ондай адамды тауып, атай алар ма едіңіз?

– Батыс елдерін бойлай жүрсек...

– Мен Батыста өмір сүрмеймін, сондықтан да өзімде бармен таразылаймын. Біз қашанда екі қоқыстың аздауын таңдаймыз. Солай емес пе? Міне, мен осылайша Нұрсұлтан Назарбаевты таңдадым. Сонымен бірге шынын айтуым керек, мен Назарбаевтан портфель сұрап жағымпазданып, жарамсақтанғаным жоқ. Бірде мен оның бетіне тіке айттым: «Нұреке, сіздің артыңыздан аңдып, ештеңені иемденгенім жоқ, ешнәрсе ұрлағаным жоқ ».

Әкежан Қажыгелдинге келсек, Әбдірахмановтың Қажыгелдинге бағытталған шұғыл мәлімдемелері 1994 жылы, 1995 жылы да айтылды, мен оны қазынаны тонағаны үшін, алаяқтығы мен баукеспелігі үшін айыптаған едім. Сол уақытта ол мемлекеттегі екінші адам еді ғой: алдымен вице-премьер, одан кейін премьер болды. Осыдан кейін, бұйрық берілгендай, маған қарай биліктегі түрлі құрылымдар шабуылдай бастады.

Мен онда «Елім-ай» қорын басқардым. Мен ешқайда қашып кеткенім жоқ. Мені және менің қорымды төрт жыл бойына микроскоппен тексеріп келді. Менімен бірге әйеліме де: қорлайтын тергеу сұрақтары, тіміскілеу, аңдулар зәбір шеккізді. Қысым менің туыстарыма ғана емес, тіпті фамилиямыз кездейсоқ бірдей адамдарға да жасалды.

Сондықтан да мен 1999 жылғы Қажыгелдинге айтылған мәлімдемемді, алдыңғы жылдарға қарағанда жұмсақтау айтылған деп есептеймін. Ал сізді менің Қажыгелдинге деген қазіргі көзқарасым қызықтырса, айтайын, ол мынадай. Мен жақында бір газеттен оның Қазақстандағы біреумен байланыс жүргізіп жатқанын және оны ақшалы магнаттар қолдап тұрғанын, олар Қазақстанға онымен бірге елді көтеру үшін келуге дайын екенін оқыдым.

Менде сұрақ бар: ол кіммен келіссөз жүргізеді? Оған он жылды арқалатып отырған Жоғарғы сотпен бе? Егер солай болса, онда маған ең қызықтысы, олар барлығын қалай артқа айналдырар екен? Мүмкін ол заңнан да жоғары тұрған бедел иелері ме? Оны қайтару қалай жүзеге аспақ? Мүмкін мерзімінің жартысын өтегісі келетін шығар және амнистия алғысы келер? Олай болса, қош келдіңіз, Қажыгелдин мырза!

1994 жылғы сайлау науқаны кезінде мен сайлаушылар алдында Қажыгелдинге қатты сын айтып тастадым. Сонда 80 жастардағы бір ақсақал маған былай деп еді: «Балам, абыржыма. Мына заманда кім ұрламай жатыр? Бәрі ұрлап жатыр»

Кейде сол құрметті ақсақалды есіме алып, ойланамын, мүмкін біздің елге шынында тәжірибелі ұры керек шығар, халықтың көзін жеткізіп, халықты кәсіби «қалта ұрыларына» айналдыруға уәде беріп, өзінің тонаушылық бағдарламасын ұсынар.

– Серік мырза, халықты өзінің тонаушылық қызметінің «дұрысытғына» көзін жеткізетін адам табылды делік. Олай болса, сіз оны қолдар ма едіңіз?

– Жоқ. Мен қашанда ондай алаяқтарға қарсы болғанмын, атап айтар болсақ, Қажыгелдинге ҚАРСЫМЫН. Себебі мен оның ұсақ, алып-сатарлық шынайы қалпын білгенмін. Егер Қажыгелдиннің жеке басына келсек, ашық та әділ күресте ол ешқашан жеңіске жете алмайды.

– Демек сіз Қажыгелдиннің билікке келуге мүмкіндігі аз деп ойлайсыз ба? Ендеше ондай мүмкіндік кімде бар?

– Сіз білесіз бе, тақ мұрагері мәселесі бүгінде көп адамдарды ойландыруда. Назарбаев – мәңгілік емес. Қалай болғанда да құдай оның деніне саулық және ұзақ өмір берсін. Ерте ме, кеш пе ауысу болатыны белгілі. Оның айналасындағылардың кейбірі келесі президент ретінде өз адамын көргісі келеді. Ондайлар халықты, демократияны, «жаңа», «бүлінбеген» адамды маңдайы жеті қарыс болса да елемейді де.

Оларды бір-ақ нәрсе мазалайды–яғни, қарпып қалғандарынан айырылып қалмау. Яғни олар өз байлықтарын, өз жағдайларын ел тағдырынан да артық көреді. Бұл көп нәрсеге мүмкіндігі бар, өте қауіпті, жыртқыш күш. Әкежан Қажыгелдин осындай адамдармен келіссөз жүргізіп жатқан болар деп ойлаймын. Балықшының өз әріптесін алыстан көретіні айтылатын мәтелдегідей. Алайда олар басқа «балықшылардың» «артельдері» де ұйықтап жатпағанын және олардың өз «сорпасын» дайындап жатқанын түсінуі керек.

МАНСАП ҚҰНЫНА ТЕҢ БОЛҒАН АҚШ САПАРЫ

– Серік мырза, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов өз ортасында Қазақстанның келесі президенті мен боламын деп айтыпты дегенге не айтасыз? Бұл жөнініде өзінің «Свобода слова» газетінде Гүлжан Ерғалиева толық жазған еді.

– Мен өзім ондай әңгіменің куәсі болғаным жоқ, бір нәрсені ғана айта аламын: президенттік лауазымды армандаған кім болса да, оны халықтың қолынан алуы керек. Басқа қандай жолы болса да, ол қауіпті. Тарих бұл ақиқатты бірнеше рет дәлелдеген.

Біздің жерімізде ежелден ақ өз отандастарына қысым жасап немесе аяусыз қырып жүрген адамдар емес, халық дала дәстүрімен ақ киізге орап, хан көтерген хандар ғана зор құрметке ие болған. Бүгінде біздің халықты бір қатарға тұрғызу қиын, тіпті, мүмкін емес.Мұндай қарапайым ақиқатты түсіну үшін, әділ сайлау өткізу керек. Және мұны мәслихаттардан бастау қажет.

Халық өзі сайлаған депутаттарды, өздерін жартылай құдай көретін әкімдер мен әкімсымақтарды жерге кіргізіп жібереді немесе халықтың ондай әкімдерге деген наразылығы жылдан жылға өсе береді. Жергілікті патшасымақтардың ашқарақтығы мен ұждансыздығы шектен шығып барады.

Биліктің беделі қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен ғана сақталып тұр. Алайда біз мұның да бір күндері сарқылатынын түсінуіміз керек.

– Серік мырза, сіз тақ мұрагері туралы әңгімені бастаған екенсіз мынадай бір аңыз есіме түсіп отыр. Бұл да тақ мұрагерлеріне байланысты. 15 жыл бұрынғы жағдайға оралайықшы. 1994 жылы Серік Әбдрахманов ат үстінде болатын. Ол - парламент депутаты, ең ірі қоғамдық «Елім-ай» қорының президенті және Назарбаевтың сүйкімдісі. Сол кезеңде елдің көбі келесі президент Әбдірахманов болады деген еді. Бірақ бірде Әбдірахманов делегацияны бастап Америкаға барады. Онда оны өте жоғары деңгейде күтіп алады. Міне сол сәтте, Әбдірахманов саясат үшін кешірілмес, қатерлі қателікке жол береді. Сіз американдықтарға болашақ президентпен кездесу құрметіне ие болып отырсыздар деп айтқан екенсіз. Әрине сол сөздер дереу біреулердің құлағына тиіп, Әбдірахмановтың тасы содан кейін-ақ төмен қарай құлдырай бастады. Осылай болып па еді?

– Сапар болған. АҚШ қа Назарбаевпен және премьер-министрмен келісе отырып, американдық іскерлер тобына «Елім-ай» қорының жоспарымен таныстыру үшін барғанмын.Сол кездері мен басқарған«Елім-ай» қоры халықаралық аудиторлық «Прайс Уотерхаус» компаниясының алғашқы әріптесі ретінде, компаниямен бірлесе отырып Қазақстанның экономикалық даму жоспарын әзірледі. АҚШ -та мен экономика министрімен бірге 22 жобамен таныстырдым.

–Бұл қай жылы болып еді.

– 1993 жылы. Бұл жоспарды мәні «Маршалл жоспарының» қазақстандық нұсқасын әзірлеу болған еді. АҚШ тың сыртқы істер министрі Джордж Маршалл өзінің ғаламат бағдарламасымен қысқа мерзім ішінде соғыстың зардабынан тұйыққа тірелген, құлдыраған, күлдің астында қалған Батыс Еуропаны қалпына келтірді. Біздің жоспар- жобамызды біз сол кезеңдегі жас дарынды экономистермен, «Прайс Уотерхаус» компаниясының қатысуымен әзірледік. Біздің жобаны президент Нұрсұлтан Назарбаев толық мақұлдады.

Осындай кездесулердің бірінде менімен бірге жүрген әріптестерімнің бірі жағымпазданып, республикандықтардың сенаттағы көсемі Боб Доулуге мені таныстырып жатып артығырақ сөйлеп кетті. Бар болғаны осы. Менің аузымнан өзімді мақтаған немесе Қазақстанның болашақ президенті боламын деген мәлімдеме мүлдем шыққан жоқ. Білсеңіз, менде көкірек керіп, өзін- өзі көсем жасайтын қасиет ешқашан болмаған.

Дәл 20 минут бұрын өзіңіз де менің бұрынғы үй құрылысы комбинатындағы әріптестеріммен өткен кездесудің куәсі болдыңыз. Байқасаңыз, қарапайым құрылысшылар, жұмысшылар мені құшақтап, өздеріне шақырып ұзақ уақыт жібергісі келмей тұрып алды. Желтоқсан оқиғасынан соң, 1987 жылы республикалық комсомол ұйымының бірінші хатшысы қызметінен кейін, мен мұнда келгенде мансапқорлық аурудан толық айықтым.

– Ал ол меңдеген кесел ме еді?


– Әрине, жасыратын несі бар? Мен де елдің комсомолдарының көсемі болдым ғой – жігерлі де жас едім. Иә мен ұйықтап жатып өзімді обкомның бірінші хатшысы ретінде, тек обком емес одан да жоғары деңгейден көретінмін. Бұл сол кез үшін қалыпты құбылыс, қалыпты амбиция еді. Мен билікті көкседім, бұйрық беріп, елді басқарғым, мемлекет саясатына ықпал еткім келді.

Құрылысқа келіп басқа да өмір бар екенін көрдім. Портфельсіз, жоғары орынсыз өмір, адамдармен болған қарапайым қарым - қатынас қымбатырақ екенін сезіндім.

– Бұрынғы комсомол көсемі құрылыста неше жыл істеді?


– Үш жыл. Мен комбинаттың бас құрылысшысы болсам да, үнемі жұмысшылардың ортасында болдым, құрылыстың қалтарыстарының бәрін білуге тырыстым және көбіне өз қолыммен істедім. Қарапайым жұмысшы жігіттердің арасында өз адамы болу үшін, қалалық кәсіби техникалық училищеге оқуға түстім де электрдәнекерлеуші кәсібін меңгеріп алдым. Менен жаман электрдәнекерлеуші шыққан жоқ.

Бұдан кейін барлығының құрметіне ие бола бастадым. Мен дәнекерлегеннен кейін оның сапасын тексермесе де болатын еді. Мен оларды өте шеберлікпен істейтінмін. Мені мақтанып отыр деп ойлайтын шығарсыз? Жоқ мен сол жылдарды зор мақтанышпен еске аламын. Мұның бәрін менің бұрынғы әріптестерім дәлелдейді.

«ЕЛІМ -АЙ» ҚОРЫНЫҢ ЖОҒАЛҒАН АҚШАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙҒА МӘЛІМ

– Демек, АҚШ тың Республикандық партиясының көсеміне мадақтап таныстырамын деп сізді «ұстап берді» ғой. Мүмкін сіздердің араңызда бәрін ескеріп, белгілеп отыру міндетіне кіретін елшіліктің қызметкерлері болған шығар?

– Бәрі дәл солай болған. Маған айтылған мадақтаулардың бәрін әлдекімдер тез арада біреулердің құлағына жеткізуге тырысқан. Мен мұны Қазақстанға келе салысымен білдім. Әрине маған қастық ойлағандар болған істі президентке бұрмалап, өңін айналдырып жеткізген, осылай Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында менің абыройымды төкпек болды.

– Серік мырза, сіз президентке болған жайды айтып, ашық сөйлесуге тырыстыңыз ба?


– Олай етпеске бола ма? Мен бір нәрсе болғанын сезіп солай істедім. Мен Назарбаевқа: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз мені бұрыннан білесіз. Егер мен шынында мансапқор болсам, сіздің маған деген қарым- қатынасыңызды пайдаланып о баста ақ әкімнің бе, министрдің бе орнын сұрап алушы едім ғой » дедім. Нұрекең күліп: «Серік қане, кез келген қызметті сұра, мен оны саған беремін » деді. Мен: «Жоқ, мен сұрамаймын» дедім.

Осыдан кейін мен өзімді сол кездегі ең ірі саяси бірлестік – Қазақстан халықтары бірлігі одағының төрағасы міндетінен босату туралы өтініш жаздым. Әрине, бұдан кейін «Елім-ай» қорының жұмысы кідіріп қалды.

– Серік мырза, осы ретте сұрауға рұқсат етіңізші: «Елім-ай» қорының миллиондағын сомдары қайда ұшып кетті?


– Менде әлі күнге дейін қолымды қойып, соманы жазып шетелдік банктерге жіберген төлем қағаздары сақтаулы. Алаяқтар менің жазуымды түсіруге қатты тырысқанмен, сараптама ол менікі емес екенін дәлелдеді.Сондықтан мен өзім де«Елім-ай» қорының ақшасы қашан және қайда жасырынып үлгергенін білмеймін.

Ұзақ қаржылай тексерістен кейін менен айып алынды. Егер сіз бұған толыққанды жауап алғыңыз келсе, оппозиция көсемі, сол кездегі бас прокурор Жармахан Тұяқбайдан сұраңыз дер едім. Ол кезде менің соңымнан нағыз аңшылық жүргізілді. Көп жыл өтсе де, маған әлі түсініксіз жайттар бар. Маған қарсы деректерді өте мұқият жинады. Ештеңе таба алмады: себебі мен дүниеқоңыз емеспін ғой. Менің Алматыдағы пәтерімде әлі күнге комсомол кезеңінен қалған, румындық 1970 жылғы жиһаз тұр.

Мені «аулауға шыққан» сол «артельдің» мүшелері қазір бірінің етін бірі жеп жатыр. Олардың өзіне бүгінде қарсы материалдардың жиналғаны соншалық, әрқайсысын 10 жылдан бірнеше рет түрмеге отырғызуға жетеді. Олардың тонаушылық «ерліктерін» оппозициялық баспасөз жариялап жатыр, ал олардың болса мұртын да балта шаппайды.

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЯСЫНДА «НҰР-ОТАН » КӨМЕСКІЛЕНІП ҚАЛАДЫ


– Серік мырза, басты тақырыбымызға оралсақ. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ- на төрағалық етеді. Мерзімі жақындаған сайын халықаралық ұйымдардан бірпартиялық парламентімен Қазақстан ЕҚЫҰ-ын басқаруы дұрыс емес деген сын көп айтылуда. Көптеген сарапшылар 2009 жылы кезектен тыс парламент сайлауы болады дегенді болжауда. Сонымен бірге парламенттегі екінші партия сіз орынбасары, Мақсұт Нәрікбаев төрағасы болып табылатын «Әділет» болады деген де сөз бар. Ал оның Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелгі досы екені белгілі. Былайша айтқанда, сарапшылар демократияның кезекті бір ойынын күтіп отыр. Сіз бұған не дейсіз?

– Жеке өзімнің атымнан айтарым: мен ешқашан ойнағаным жоқ. Назарбаевты қолдаған тұста да, үкіметтің теріс бағытын сынағанда да ойнаған емеспін. Кез келген талдаушы немесе саясаттанушы менің бүкіл жылдардағы баяндамаларды қарап көрсе, үнемі жүйелі сөйлегеніме көзі жетеді. Мен ешқашан жалғандыққа барған емеспін.

Парламенттің екіпартиялығы мен кезектен тыс сайлауға келсек, егер Қазақстанда сайлау ашық та әділ өтсе, ал қорытындысын сталиндік тәсілмен немесе «балиевашылап » санамаса, мен бірнеше партияның паламентке өтетініне сенімдімін. Сондықтан қоспартиялық туралы емес, әділ сайлау туралы айту қажет.

Бұл пікірімді мен соңғы парламент сайлауының алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқанмын. Мен оған: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің рейтингіңіз өте жоғары, халықтың кем дегенде 70 пайызы сізді қолдайды» дедім. Мен оған кейбір жағымпаздар сияқты 91 пайызы қолдайды дегенім жоқ.

Мен президентке парламент сайлауында халықтың 70 пайызы өзін қолдайтын депутаттарға дауыс береді, бірақ олар халық үшін қажет болса, көкірегін тосатын нағыз депутаттар болатынын айттым. Өкінішке қарай, президент маңындағылар, орталық сайлау комиссиясы, әкімдер сайлауға тапсырылған нәтижелерімен келді.

Соңғы сайлау қоғамда «қыжыл» туғызды. Егер сайлау әділ болса қай партия көш бастайды, сіздің пікіріңіз қандай?

– Әрине, президенттік «Нұр-Отан» емес пе?

– Қателесесіз. «Нұр-Отанның» мұндай мүмкіндігі жоқ. Бүкіл интеллигенция «Нұр-Отанға» қарсы болып отыр. Ал олар болса негізгі фактор. Адамдар «нұр-аяқ киім» «нұр-көже» «нұр-ботқа» деп күле бастады. «Нұр» қосымшасын барлық жерге тыға береді. Шынында күлкілі емес пе? Нағыз цирк болды!

Сондықтан да мен сенімді және нақты түрде бірінші болып «Әділет» партиясы өтеді дер едім. Оған күманданбаңыз да.

– Мүлдем күтпеген мәлімдеме. Яғни Әбдірахманов сол үшін «Әділетке» келді деп айтуға болады ғой сонда.

– Бәрі керісінше. Мен бұл партиядан жетекші партия жасау үшін келдім. Мен ешқашан дауыс ұрлағаным жоқ немесе шенеуніктерден дауысты маған қоса салуын сұраған емеспін.Мен үнемі ашық та балама күресте жеңіске жетіп жүргенмін. Дәл осылай «Әділет» партиясы көтеріледі. Мен жақтастарымның мені қолдап, елдің бүкіл интеллектуалды қаймақтары жиналған «Әділет» партиясына дауыс беретініне сенімдімін.

Ал сайлаудың мерзіміне келсек, ол келесі жылы өтеді деп ойлаймын. Сонда «Әділет» партиясы Нұрсұлтан Назарбаев сүйенер күшке айналады. Ал «Нұр-Отан» көлеңкеде қалады. ҰҚК аппаратының сценарийі бойынша құрылған париялардың барлығы тарихтың қоқысына төгілуі керек. Кімнің кім екенін халық әділ және еркін сайлауда өзі анықтайтын болады.

– Егер мен қателеспесем, Серік мырза, сіз жақында ғана өзіңіз қатал сынға алып отырған президенттік «Нұр-Отанның» белсенді мүшесі емес пе едіңіз?

–Иә, мен алдында «Отан», «ПНЕК», «СНЕК», «ФНЕК» болған, 1987 - 1988 жылдары Алматы үй құрылысы комбинатында туған бұл партияда болдым. Мен жаныммен президенттік партияны қолдағаным рас. Ал күндедің күнінде менің сол партияның мүшесі екенімді дәлелдейтін шешімнің де жоқ екені анықталды.

– Сіз бұған ренжідіңіз де кетіп қалдыңыз?

– Тіпті де олай емес. Сіз менің ренжіп қалатындардың санатынан емес екенімді, әсіресе мынандай ұсақ- түйекке бола ренжімейтінімді білуіңіз керек еді. Мен бұл тұста тағы да парияның бағдарламасы әдемі жасалғанмен, шын мәнінде президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің нұсқауымен жүретініне көзім жетті.

Аппараттық көсемсымақтар, бүгінгі жас Черненколар, оқ- дәрінің исін де сезбейтіндер, кешірерсіз, өткен кеңестік СОКП шайнап бергенді жұтып отыр. Нұротандықтардың мақсаты біреу - мемлекет басшысы болған жерлерде партияның нобайын жасау. Адамдар өздері құрметтейтін президентпен кездесіп сөйлескісі келеді, солайша өздерін нұротандық деп есептейді: әкімшілік дайындап берген ұрандарды, эмблемаларды көтеріп қолдарын бұлғайды.

Ал мен ондай көзбояушылықпен айналысып дағдыланбағанмын. Адамдарға от беретіндей, жаның жадырайтындай етіп жұмыс істеу керек.

– Серік мырза, шыныңызды айтыңызшы, сізге «Нұр-Отаннан» жоғары бір лауазым мен депутаттық орынды қосып берсе келісер ме едіңіз?

–Жоқ, мүлдем ешнәрсеге келіспес едім. Мұндай ұсыныстар болған. Мен бас тарттым. Себебі менің ойларым мен мақсаттарым олардың жұмыс тәсілімен үйлеспейді.

НАЗАРБАЕВ ТӨҢİРЕГİНДЕГİЛЕРДЕН ҚҰТЫЛМАСА, ҚОНАЕВТЫҢ ТАҒДЫРЫН ҚҰШУЫ МҮМКІН.

– Серік мырза, әңгімемізді қорытындылай келіп мынаны айтқым келеді. Сіз де, Нұрсұлтан Назарбаев та демократия туралы жақсы айтасыздар. Ал шындығына келгенде Қазақстанның жағдайы қалай? Назарбаев билік басында 20 жылдай отыр, Конституцияны ол үш -төрт рет өзгертті, президенттік басқарудың мерзімін ұзартты, парламентті бірпартиялық жасады, әскерде бір күн де болмаған жас туыстарына, күйеу балаларына генералдық зерлі погондарды сыйға бере салады, осылайша нағыз офицерлердің намысын қорлады. Сіз қалай ойлайсыз, осының бәрі демократияға жата ма?

–Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікте 20 жыл отырғанына келсек, қарапайым ғана мысал. Ұлы Ли Куан Ю Сингапурды 40 жылдай басқарған. Оны бүкіл әлем реформатор әрі демократ ретінде мойындайды. Ол кедей елді қабылдап алып, оны бай және дамыған мемлекетке айналдырды. Ол әр жолы бір рет қабылданған ережелермен 60 пайыз дауыс жинап билікке қайта келіп отырған.

Дәл сол ережелермен оның ізбасарлары ол орында көп отыра алмады. Жүз елу жыл бойына АҚШ та президенттік мерзімде шектеу болмаған, бірақ екі президенттің ғана екі реттен көбірек президенттік тақта отыруға мүмкіндігі болды.

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік орында отыру мерзімін ұзарту туралы референдум өтсе, халықтың көпшілігі әкімдерсіз-ақ, Орталық сайлау комиссиясыз-ақ оны қолдайды. Президент төңірегіндегілердің осы идеяны жүзеге асыруға ақылы жетпеді, сондықтан да сынауға сылтау табылды.

Әкімдердің «Нұр-Отанға» дауыс жинау жөніндегі сайыстары баспасөз хабарлағанындай демократиялық идеялардың құнын кетірді және сайлаушылардың басым бөлігінде күмән туғызды. Аппарат министрлер мен биліктің қаймақтарына ыңғайсыз сұрақтар қоятын депутаттарды болмауына қол жеткізді.

Олар варварлықпен мемлекет сеніп тапсырған байлықты тонап, өздеріне бүгінгі жағдайдағы қауіпсіз «жабайы капитализмді» жасап алды. Олар «аквариумдағы» тыныш өмірдің ерте ме, кеш пе аяқталып, «алтын балықтардың» болашақта «мұхитқа» оралуына тура келетінін түсінбейді. Бұдан қаша алмайсың.

Бірпартиялылықтағы ең күлкілісі, бүгінде көкірегін керіп, өздерінің шын берілгендігін айтып «Нұр-Отанның» сойылын соғушылар ертең-ақ билік өзгере қалса, барлығы да ештеңе болмағандай жеңімпаз партияға өтіп алады. Адамдардың мұндай құбылмалылығына мен өмірде көп куә болғанмын.

2001жылы парламенттің төменгі палатасында, бірінші президент туралы заңның жобасы дайындалып жатқанда мен өз әріптестеріме « Назарбаевтан уақытынан бұрын Брежнев жасамаңдар» деген едім. 1986 жылдың басында компартияның 16-шы съезінде Дінмұхамед Қонаевты ду қол шапалақтап ОК- тің бірінші хатшысы етіп сайлағанын, бірнеше адамның ғана қарсы болғанын еске салдым. Содан кейін бірнеше айдан соң, Дінмұхамед Қонаевты қызметінен босатқан кезде бірен-саран адамның ғана оған барып амандасуға батылы барды. Олар одан індеттен қашқандай алшақ жүрді. Осылайша «Х» уақыты қазіргі бірпартиялылыққа өз бағасын береді.

Президенттің туыстарына келсек, өзімнің жеке, ерекше пікірімді мен олармен кездескенде айтқанмын. 90-шы жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевқа да айтқанмын. Президенттің туыстары Қазақстанның кез келген азаматы ретінде, Конституцияға сәйкес, бәрімен бірдей құқыққа ие. Оларды қоғамның жіті көздері қадағалап отыратыны басқа мәселе. Оларға өлшем басқа. Олардан сұрау жоғары. Олардың көзіне түскен кішкентай қиқым әлемдік деңгейдегі мәселеге айналуы мүмкін. Бұл бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Егер осының бәрін біздің мемлекет басшымыздың туыстары түсінер болса, оларға мадақ пен құрмет.

Елдегі сыбайлас жемқорлық туралы біз көп айтамыз. Ол біздің мемлекеттілігімізді жегідей жеп құртып барады. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық ең кірісі мол бизнес көзіне айналып отыр. Аймақтарда не болып жатқанын қараңызшы – сыбайлас жемқорлықпен «күресушілердің» қандай зәулім сарайларда тұрып жатқанын көресіз. Мен мұндай дертті жеңуге болады деп ойлаймын. Біздің партия бұл туралы да нақты бағдарлама әзірлеген. Билікке «Әділет» партиясының келуі әділеттілік пен заңдылықтың салтанат қүрғанын білдіреді. Бұған сізді сендіре аламын.

Қорыта келіп, мынаны айтқым келеді, Қазақстанда бәрібір басқа Орталық Азия елдеріне қарағанда, демократия жолына қарай игі жылжулар бар. Әрине, 17 жыл ішінде біз бұдан көп нәрсеге қол жеткізуімізге болар еді деп ойлаймын.

–Серік мырза, сұхбатыңызға рахмет.


XS
SM
MD
LG