Accessibility links

Өздерінің баспанасы үшін алаңдаған «Красный Трудовик» шағын ауданының тұрғындары таңертеңнен Алатау ауданы әкімшілігінің өкілдері мен үйлерді бұзуға келетін бульдозерлерді күтті.

Бұл жолы қарапайым тұрғындармен кездесуге келген Алатау ауданының әкімі Бағдат Мансұров заңсыз салынған үйлердің бәрібір бұзылатындығын айтты.
«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, аталған ауданның тұрғындары күнде болмаса да, әкімшілік жақтан жайсыз хабар естісе болды, осылайша жиналуды әдетке айналдырған. «Красный Трудовик» шағын ауданына барғанымызда, оның тұрғындары осыдан бірнеше күн бұрын бұзылған үйлердің маңында жиналып тұр екен. Билік бүгін тағы да үйлерді бұзуға келеді екен дегенді естіген осындағы үйлердің ер-азаматтарының барлығы жұмысқа бармай, баспаналарын қорғауға қалыпты.
Тұрғындардың айтуынша, аудан әкімшілігі халықтың қарсылығына тап болмау үшін ең алдымен барлауға тікұшақ жіберіп, соңынан барып бульдозерлерді іске қосады екен. 11-ші тамыз күні таңертеңгі сағат 11-де «Красный Трудовик» шағын ауданының үстінен ұшқан тікұшақ, жерге 30-40 метрге дейінгі қашықтыққа жақындап, елдімекеннің шаңын аспанға көтеріп тұрғанда, батыс жақтан бірнеше бульдозер келіп, 7 үйді қиратып тастапты. Тұрғындар жиналып, қиратылып жатқан үйлердің маңына жеткенше, бульдозерлер кетіп қалған. Қарапайым халық айтып жатқан тікұшақ бүгін де шағын ауданның үстінен бірнеше рет айналып ұшты. Дегенмен, ол көзден таса болған соң, оның артынан ешқандай бульдозерлер келген жоқ.

Билік қиратылған үйдің орнына әкімшілік ғимаратын салмақшы.
«Красный Трудовик» шағын ауданына кіретін жолдардың барлығында полицейлердің жылжымалы пунктері тұр. Тұрғындардың айтуынша, бұл пунктердің қойылғанына екі аптадан асқан. Аталмыш елдімекенді полицейлер күндіз-түні күзетіп тұратындықтан, ол жерге келетін барлық көліктер қатаң тексеруден өтеді екен. Ал жүк көліктері «Красный Трудовик» шағын ауданына мүлдем жіберілмейді. Соның салдарынан қарапайым тұрғындар қысқа дайындық жүргізе алмай, отынды ат-арбамен тасуға мәжбүр.
Көшеге жиналған тұрғындар мен ақпарат құралдарының өкілдері кетіп қалған соң бір сағаттан кейін «Красный Трудовик» шағын ауданына бірнеше жүк көлігі келіп, 11-ші қыркүйек күні қиратылған үйлердің маңына құрылыс материалдарын төгіп кетіпті. Бұл туралы Азаттық радиосына осы ауданның тұрғыны Әлия Тәліпбекова хабарлады. Оның айтуынша, түскі сағат 3 кезінде аталмыш елдімекеннің тұрғындарымен Алатау ауданының әкімі Бағдат Мансұров кездесіп, ол қиратылған үйлердің орнына әкімшілік ғимараты салынатындығын және болашақта «Красный Трудовик» ауылында ары кетсе 119 үй ғана қалуы мүмкін екенін жеткізіпті. Ал тұрғындардың сөзіне сүйенетін болсақ, аталмыш елді мекенде қазір 500-жуық отбасы бар.
Осы жағдайға байланысты Алатау әкімшілігіне хабарласқанымызбен, ол жақтан ақпарат алу мүмкін болмады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG