Accessibility links

Бүлікшіл Қожа және советтік жүйе


Жазушы Бердібек Соқпақбаев. 1974 ж. Жазушы Еркін Жаппасұлының жеке мұрағатындағы сурет.
Жазушы Бердібек Соқпақбаев. 1974 ж. Жазушы Еркін Жаппасұлының жеке мұрағатындағы сурет.

Тұлымымды күн сүйіп, тұсауымды жел кескен балалық шағым есіме түссе, менің ойыма жазушы Бердібек Соқпақбаев пен оның қаламынан туған шығармалары орала береді. Иненің жасуындай да жасандылық жоқ, сәбидің көз жасындай пәк, шынайылығы тұнығы лайланбаған мөлдір бұлақтан да таза Бердібек шығармалары жазушылық жолды таңдауыма ерекше әсер еткен тұтас бір әлем болды.


БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ

Егер де мектепте оқып жүргенде мені біреу түн ортасында, шырт ұйқыда жатқан жерімнен оятып алып «Менің атым Қожа» повестіндегі баяндалатын кез-келген оқиғаның тарихын сұраса, мүдірместен жауап бере алатыныма күмәніңіз болмасын. Себебі мен бұл повесті бала кезімде жүз қайтара оқыған шығармын. Әжемнің Бердібек Соқпақбаевтың кітабын сатып әперуі – балалық өмірімдегі ең ірі оқиға болды.

Екінші сыныпты тәмамдайтын жылы әжеме еріп аудан орталығы Торғайға келдім. Көктемнің жазға ұласар шағы, күн аса ыстық емес, қағу еді. Ол жылдары не бір жақсы киім-кешек пен дүние-мүліктердің бәрі аудан орталығында сатылатындықтан, жаз шыға салысымен ауыл жұрты қалаға ағылатын.

Әжем зейнетақысынан жырымдап жинаған ақшасына маған күзде мектепке киіп баратын судай жаңа киім-кешек сатып әперді. Оған риза болудың орнына, әбден әжеме еркелеп, айтқанымды істетуді үйреніп алған мен оның ұстап келе жатқан қолын кітап дүкеніне қарай тарта бастадым. Өйткені сырты шынымен қапталған кітап дүкенінің жанынан өте бергенімізде, мұқабасы әдемі безендірілген балаларға арналған неше түрлі кітаптар көзіме оттай басылып еді.

Енді әжеме қыңқылдап, ұнатқан кітабымды алғызбайынша көңілім көншір емес. Кітап дүкеніне кіргенімізде:

– Туу, осы кітап құрғырға соншама әуес болып қайтесің. Үйде анау Бақтыбайдың (әкемнің туған ағасы) бөлмесінде осы кітаптардың неше түрі самсап тұрған жоқ па, – деді әжем кейіп.

Менің көзіме мөлтілдеген жас келді. Осы кезде әжем мені аяп кетіп, сатушы әйелден, немересіне сатып әперуге тұратын қандай жақсы кітаптардың бар екенін сұрады. Әжемнің кітап сатып алмақ ойы бар екеніне қуанып кеткен ол:

– Немереңізге мына кітапты сатып алсаңыз өкінбейсіз. Ішіндегі оқиғалары да өте қызық. Бағасы да аса қымбат емес. 96 тиын, – деп мұқабасының сыртында екі баланың бір атқа мінгескен суреті бар қалың кітапты көрсетті. Кітаптың аты «Менің атым Қожа», авторы Бердібек Соқпақбаев еді.

«БЕРДІБЕК САҒАН РИЗА ШЫҒАР»

Кітаптағы повестер расында да өмірдің өзіндей шынайы, баланың үлбіреген нәзік сезімін керемет шеберлікпен суреттеген шығармалар болып шықты. Оған Бердібек Соқпақбаевтың қызықтығы жағынан оқиғалары бірінен-бірі өтетін үш повесті енгізіліпті. Олар – «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек» және «Балалық шаққа саяхат».

Алдымен кітапты өзім оқып шықтым. Сосын немере қарындасым Данагүл мен інілерімнің бәріне оқып бердім. Жазушының үш повестіндегі оқиғаларды жаттап алсам да, кітапты қайта-қайта оқу менің үйреншікті әдетіме айналды. Әжеммен қойдың кезегіне шықсам да осы қоңыр кітапты өзіммен бірге ала кетемін.
Жазушы Бердібек Соқпақбаев. 1964 жылы түскен суреті

Үшінші сыныпты тәмамдайтын жылы, інім Мағжан мектепке баратын болып, әкем мен шешем мені қайтадан өз қолдарына Алматыға алғызды. Әжемнің ауылға тастап кете сал дегеніне көнбей, өзіммен бірге Алматыға алып келген ерекше бір құнды дүнием болды. Ол қайта-қайта оқығаннан сыртының түте-түтесі шыққан, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестер жинағы еді.

Алматыда да бұл кітапты жалықпай оқи бергеніме таң қалған әкем бір күні:

– Бердібек саған риза шығар, – деп басын шайқаған болатын.

МІНЕЗ

Менің ойымша, қазақ әдебиетінде өзіне лайық бағасын ала алмай жүрген екі жазушы болса, соның бірі – Бердібек Соқпақбаев. Себебі, әдебиетке социалистік реализмнің терезесінен ғана қарап үйренген кейбір сыншылар әлі күнге шейін оны балалар жазушысы ретінде ғана бағалайды. Шындығында бұл жаңсақ, түбегейлі қате пікір.

Әділіне жүгінсек, қазақ топырағында туған жазушылардың ішінде советтік формализмді Бердібек Соқпақбаевтан артық жеріне жеткізіп сынаған қаламгер некен-саяқ. Әсіресе жазушы «Менің атым Қожа» повестінде советтік заманның ұрдажық саясатын баланың көзі арқылы асқан шеберлікпен әшкерелейді.

Сөзіме сенбесеңіз, повесті қайтадан бір оқып шығыңыз. Сіз шығарманың басты кейіпкері ауылының ит-құсына шейін улатып-шулатып жүрген Қожаберген образы арқылы жұрттың бәрін бір қалыпқа салып қойып, ақ пен қараға бөліп тастаған советтік жүйеге наразы қарсылықты көресіз.

Қазақтың қара домалақ баласы Қожаберген миллиондаған совет пионерлерінің бірі ғана емес. Ең алдымен ол советтік жүйенің баланы тәрбиелеу тәсіліне қарсылық білдіруші бүлікші-бунтарь. Сондықтан да Қожа жұрттың бәрі сияқты болуға көнгісі келмейді. Тіпті фамилиясына ов жұрнағын жалғатпай біраз уақыт Қадырұлы болып жазылып жүреді.

Қожабергеннің бойында мінез бар. Ол Мағжан шайыр жырлаған «қасы болса қанын ішіп, досы болса оның жолында өлгісі келетін» ақындық мінез. Оның иттің етінен жек көретін мұғалімі Майқанованың сөмкесіне бақа салып жіберетін тәртіпсіздігін тек осымен ғана түсіндіруге болады.

Әрине, Қожанікі дұрыс емес. Ақтап алуға келмейтін бұзақылық. Бірақ Майқанованың өзінен анағұрлым жаман оқитын, біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін, әккі, қу Жантасқа лагерге жолдама беріп, тәртібіне ғана бола Қожабергенге оны бермей қоюы да әділетсіздік еді.

ҮЛКЕНДЕР МЕН БАЛАЛАР

Алайда Қожаберген жәй ғана бұзақылық істеген жоқ. Майқанова тарапынан өзіне жасалған талай әділетсіздіктің кегін қайтарды. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы көп сотқардың бірі емес, ерекше жаратылған тұлға, үлкендердің әділетсіздігіне қарсы шыққан бүлікші-бунтарь, тәртіпті және тәртіпсіздер деп балалардың өзін екі сортқа бөліп, біреулеріне лагерге жолдама беріп, екіншілірін шөп шабуға жіберетін советтік жүйеге наразы кішкентай Пугачев. Лагерге демалуға жолдама бермей қойғаны үшін ол шөп шабуға да бармай қояды.

Бердібектің Қожасы көп мәселені басқа балалардан өзгеше саралайтын, қоғамнан әділеттілік іздеген кейіпкер. Мысалы, сауын фермада жұмыс істейтін шешесіне кетіп қалғысы келгенімен, көлік таба алмай қиналған Қожаның ойы арқылы, автор әділеттілік іздеген баланың жан-күйзелісін жүрегіңе мұң ұялататын лиризммен суреттейді:
Жазушы Бердібек Соқпақбаев. 1968 жылы түскен суреті.

«Сонымен атты қайдан табамын? Отырып, отырып, кенет шапалақпен саныма салдым. Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы – менің малым. Соның біреуіне мінемін де кетемін.

Белсенділердің әрқайсысында бірнеше аттан бар. Үстеріне өздерінен басқа шыбын жорғалатпайды. Жазда жайлауға қоя беріп, семіртеді де, қыстыгүні қанжырдай етіп жаратып, қасқыр, түлкі қуып шығады.

Сонда олар бұл үшін колхозға төлей ме бірдеңе? Түк те төлемейді. Әкем Қадыр осы колхоз құрылған күннен бастап, ұста болып істеді, мамам сауыншы, Бір аттың бір күндік терін пайдалануға менің неге қақым жоқ?» деп ойланады повестің бір тұсында ересек адамдарша».

Қожаберген үлкендердің ісіне баға бергіш кейіпкер. Ол жеткіншек ұрпақтың рухы биік болуы үшін ең алдымен ересек буынның ар-ұятының таза болуы керектігін тереңнен пайымдайды:

«Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе деп тәпіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі.

Ал, енді өздеріне қараңдаршы. Не қилы жаман мінез, жөнсіздік осы үлкендердің арасынан шықпай ма? Ұрлық істеп сотталып жатқан кімдер? Үлкендер.

Мас болып, қатын-баласының үрейін алып, үйінен шұрқан шығаратын кімдер? Үлкендер. Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар – бәрі үлкендерден шығады. Ендеше олар бізге, балаларға ақыл айтып, жөн сілтемес бұрын әуелі өздерін өздері түзеп алса, қандай жақсы болар еді» ( Бердібек Соқпақбаев Менің атым Қожа. Повестер. – Алматы «Атамұра», 2003 жыл, 28 бет).
XS
SM
MD
LG