Accessibility links

Алматыда саудагерлер наразылық танытты


"Әсем" сауда орталығының алдындағы наразылық акциясы
"Әсем" сауда орталығының алдындағы наразылық акциясы

Сәрсенбі күні Алматыдағы көк базардың маңындағы «Әсем» сауда орталығында орналасқан сауда дүкендерінің қожайындары наразылық акциясын өткізді.Олар жалға алу құнының қымбаттап кеткеніне қапалы.

Наразылық білдіруге келген 6 адам жұмыстарының тоқтап қалғанына үш айдан асқанын айтты. "Әсем" сауда орталығы басшыларының жалға алу құнын 110 долларға шейін қымбаттатып тастағаны олардың қабырғасына батып отыр. Наразылық танытушылардың айтуына қарағанда осыдан екі жыл бұрын дүкендерді сатып алған кезде, келісім-шартта коммунальдық қызмет пен жер салығы ғана көрсетілген көрінеді. Ал биылғы жылдың маусымынан бастап сауда орталығының басшылығы жалға алу құнын енгізген.
Наразылық танытушы саудагерлер тұрған жерге ең алдымен қалалық әкімшілік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жетті. Олар заңсыз пикет өткізіп, қоғамдық тыныштықты бұзғандары үшін әкімшілік жауапқа тартылатындықтарын ескерткенмен, билік өкілдерінің сөздерін ешкім де құлағына ілмеді. Саудагерлер керісінше, олардың өздерімен ұрыса бастады. Ал барлық жағдайды сырттан бақылап тұрған полицейлер, әкімшілік қызметкерлері мен наразылық танытушылардың арасындағы айқай-шуға мән бермеуге тырысты. Шамалы уақыт өткен соң, қалалық әкімшіліктен келгендер өз жөндерімен кетіп қалды.
Ал наразылық акциясын тоқтатпаған шағын дүкеннің қожайындары журналистерге бірнеше айдан бері жұмыс істемей тұрған сауда нүктелерін көрсетпек болғанда, қауіпсіздік қызметкерлері кедергі келтіріп, сауда кешенінің ішіне ешкімді жіберген жоқ. Олар журналистерге фото және бейне камерасынсыз кіру керектігін ескерті. Қауіпсіздік қызметкерлерінің түсіндіруінше, бұл сауда орталығы жекеменшік болғандықтан, оның ішін түсіруге басшылықтың арнайы рұқсаты қажет.
Ашу-ызаға булыққан саудагерлер «Әсем» сауда орталығының басшылығымен кездесуді талап етті. Біраздан кейін аталған сауда орталығының шаруашылық жөніндегі директоры Мейрам Жүсіпов шығып, наразылық танытушылармен кездесті. Дегенмен, оның да сөзін ешкім тыңдаған жоқ. Ол бүкіл мән-жайды журналистерге түсіндірмек болып еді, саудагерлер оның сөзін бөліп, ойын аяқтауға кедергі келтірді.
Галина Яковлевна "Әсем" сауда орталығының басшылығы талап етіп отырған аренданың ақшасын принципті түрде төлемейтіндігін айтты.
Шағын дүкеннің қожайыны Галина Яковлевна Азаттық радиосына берген сұхбатында, «Әсем» сауда орталығының басшылығын заңға қайшы әрекеттермен айналысып отыр деп айыптады:
«Барлығын басынан бастап айтудың қажеті жоқ деп есептеймін. Осыдан екі жыл бұрын бұл сауда орталығының сыртынан құны 60 мың доллар тұратын шағын екі дүкен сатып алдым. Сол кезде басшылықпен келісім-шартқа отырғанымызда, олар бізге коммунальдық қызмет пен жер салығын ғана төлейсіңдер деп айтты. Бұл құжаттар менің үйімде сақтаулы. Кәсібімді бастау үшін «Темір» банкке кепілдік ретінде үйімді қойып, үлкен сомада несие алдым. Басында барлығы тәп-тәуір басталып келе жатты. Арада бір жыл өткен соң, сауда орталығының басшылары менің шағын дүкенімнің әр шаршы метріне 110 доллардан төлеуді талап ете бастады. Мұндай ақшаны ай сайын қайдан тауып беремін. Алматыдағы ең ірі сауда орындарында да мұндай баға жоқ. Бұлар бізді басынып отыр. Менің жұмысымның тоқтап қалғанына үш айдан асты».
Наразылық танытушылардың барлығы дәл осы проблеманы айтты. Олар бұл мәселені заң жолымен шешу үшін Қаржы полициясы мен прокуратураға арызданып, ол жақтан нәтиже болмаған соң, премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына да хат жазғанын мәлім етті.
«Әсем» сауда орталығының шаруашылық жөніндегі директоры Мейрам Жүсіповты әңгімеге тартқанымызда, ол наразылық танытушылардың өздерін кіналады:
«Бұл әйелдердің өздерін де сүттен ақ, судан таза деп айтуға болмайды. Олар бұл шағын дүкендерді әртүрлі жолдармен иемденді. Осының барлығы заң шеңберінде жүзеге асты деп айта алмаймын. Мысалы үшін, белсенділік танытып тұрған Татьяна Беззубова 16 шағын дүкеннің басты сатушысы. Бірақ, ол қазір ғана айтып тұрғандай, олардың қожайыны емес. Қожайын мүлдем басқа адам. Татьяна тек осы дүкендердің арендасын жинаумен ғана айналысады. Бас кезінде шағын дүкендердің арендасын қожайынның өзі төлейтін. Кейінірек бұл міндет Татьянаның қолына өтті. Енді болса ол бірнеше айдан бері сауда орталығының басшылығы талап етіп отырған аренданың ақшасын төлеуден бас тартып отыр. Содан соң, тиісті шара қолдануға мәжбүр болдық».
Сонымен қатар, Мейрам Жүсіпов Галина Яковлевнаны біреуге 1 миллион доллар несие алып беремін деп алдап, шағын дүкенге қол жеткізді деп айыптады:
"Мен Галинаның бұл шағын дүкенге қалай қол жеткізгенін беске білемін. Ол осыдан біраз уақыт бұрын қазір өзі қожалық ететін шағын дүкеннің иесіне бір миллион доллар алып беремін деп уәде берген. Несие алуға көмектескендігі үшін әлгі адамнан шағын дүкенді өз атына аударып беруді сұрады. Ол Галинаның сөзіне сеніп қалса керек, несиеге береді деген бір миллион долларды қолына алмай жатып, шағын дүкенді бере салған. Ал қалған адамдарды бірінші рет көріп тұрмын. Шыны керек, ол адамдардың біздің сауда орталығына ешқандай қатысы жоқ».
Мейрам Жүсіповтың Азаттық тілшісіне айтып берген оқиғасы туралы Галина Яковлевнаның өзінен сұрағанымызда, ол мұны мүлдем басқа мәселе деп айтты.
«Әсем» сауда орталығының директоры журналистерге түсініктеме беріп тұрған кезде, наразылық танытушылар жан-жаққа тарап кетті.


XS
SM
MD
LG