Accessibility links

Назарбаев "арандатушы өсектерді" тоқтату қажет десе, прокуратура цензураны күшейтуде


Бас прокуратура интернеттегі оқырмандардың заңға қайшы пікірлері жойылып отыруы керек деп талап етті. Дәл осы күні президент Н.Назарбаев "арандатушы өсектерді" тоқтату қажет деді.

Бас прокуратура өкілі Сапарбек Нұрпейісовтің пікірінше, кейбір сайттарда ұлтаралық араздықты қоздырушы пікірлер жиі-жиі жарияланып тұрады. "Барлық сайттың қожайындарына айтар өтінішім біреу: заң талаптарына сәйкес, ұлтаралық араздықты қоздырушы пікірлерді дер кезінде жойып отыру керек. Өйткені, мақалар мен пікірлердің көтерер жүгі бір", - деді С.Нұрпейісов.
Нұрпейісовтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда, прокуратура тарапынан ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздырушы пікірлерді жариялаған онға жуық сайт тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, Сапарбек Нұрпейісов мысал ретінде «Қазақстандағы орыстар» деген сайтты атады. Оның айтуынша, соңғы кездері аталған сайтта жарияланып жатқан мақалалар оқырмандардың арасында қызу пікір-талас туғызып, оның соңы ұлттық намысқа тиетін пікірлердің жариялануына жиі ұласуда.
Прокуратураның ескертуінен кейін бір күн өткен соң, «Қазақстандағы орыстар» деп аталатын сайт geokz.tv сайтына өздерінің мәлімдемесін жариялады. Онда «Қазақстандағы орыстар» (www.russians.kz) жобасының әкімшілігі өздерінің Қазақстан Республикасының заңдарына мойын ұсынатын азаматтар екенін және жекелеген оқырмандардың тарапынан жазылып жатқан арандатушы пікірлерді тоқтатуға шамалары жетпейтіндігін айтыпты. «Сондықтан да, сайттың редакциясы мақалаларға пікір жариялауды тоқтату және бүгінгі күнге дейін жарияланған пікірлерді жою туралы шешім шығарды» деп айтылған бұл мәлімдемеде.

13-ші қазан күні Бас прокуратураның ескертуімен қатар, президент Назарбаев та үкімет мүшелерінің алдында осы мәселені қозғады.

«Бүгінгі жағдайды өзінің саяси мақсаты үшін пайдаланып, түрлі арандатушы әңгімелердің туындауына жол беріп отырғандарды қатаң жазаға тарту керек. Олар бұл туралы айтпады деп ойламасын. Осы мәселені «Нұр Отан» партиясына міндеттеймін. Керек болса, парламентте заңнамалық акт қабылдасын», - деді Қазақстан президенті.

«Қазақстандағы орыстар» сайтының қожайындары оқырмандардың пікірін жариялаудан бас тартуға себеп Назарбаевтың сөзі емес, өздерінің арасында ақылдаса келе жасалған шешім екенін айтып отыр. Дегенмен, Бас прокуратураның қатаң ескертуі нені білдіреді және ол неге әкеп соқтыруы мүмкін деген сұрақтарға қатысты сарапшылар әртүрлі пікірлер айтып жатыр.
«Әділ сөз» қорының қарамағындағы қоғамдық сараптама орталығының басшысы Ғалия Әженова:

«Жалпы, біздің ақпарат құралдарын бақылауда ұстайтын заңдарды осал деп айтуға болмайды. Онда барлығы айтылған. Егер де сен заңды бұзсаң, соған байланысты жауапқа тартатын арнайы баптар бар. Ондай болса, БАҚ-на сендер заң шеңберін аттамаңдар деген секілді қатаң ескертулердің не керегі бар деген сұрақ туындайды. Қазақстандағы және әлемдегі бүгінгі жағдайдың оңай емес екенін барлығымыз түсінеміз. Бұл жөнінде барлығы хабардар. Кейбір елдерде дағдарыс орнады, ал басқаларына енді ғана жақындап келе жатыр. Сондай-ақ, бұл көптеген мемлекет басшыларының жүйкесін тоздыруда. Байқап отырғанымыздай, біздің басшыларымыз да осы мәселеге қатысты мазасызданып отыр».
Одан әрі Ғалия Әженова кейбір сайттардың оқырмандары өздерінің арасында арандатушылық туғызатын түрлі пікір-таластар жүргізетінін айтты. Оның айтуынша, модератор осының барлығын бақылап, кейбір пікірлерді шұғыл түрде жойып отыру керек. «Дегенмен, барлығы ойдағыдай бола бермейді. Өйткені, оқырмандар көп, ал модератор біреу. Кейбір кезде модераторлар мақала оқырмандарының толқынына төтеп бере алмай жатады», - дейді сарапшы Әженова.
- Және осы мәселені құқық қорғау органдарының қызметкерлері жақсы түсінуі керек. Өйткені, белгілі бір интернет басылымын ұнатпаған кейбір адамдар ол жерге өзінің арандатушы пікірлері мен компроматтарын жариялап, бұл сайт заңға қарсы істермен айналысып отыр деп прокуратураға хабарлауы мүмкін. Ал ондай «интернет – террористің» өзін анықтап, жауапқа тарту мүмкін емес деп айтсам да болады. Сондықтан да, прокуратура журналистерді қорқытпастан бұрын, ең алдымен, сайт модераторларының белгілі бір уақытта әлгіндей пікірлерді жойып үлгеруіне мүмкіндік беретін механизмді ойлап табуы керек-деді ол.
Ғалия Әженованың айтуынша, интернет басылым - БАҚ-ның жаңа ағымы. Оны әрбір материалын тәжірибелі журналистер дайындайтын, шығармашылық жұмысына редакция қызметкерлерінен басқа ешкім араласа алмайтын телеарна немесе газетпен салыстыруға болмайды. «Жалпы, биліктегі басшылардың өздерінің экономикада және саясатта жіберген қателіктері үшін БАҚ-на барлық кінәні үйіп-төге беруді тоқтату керек», - дейді «Әділ сөз» қорының қызметкері Ғалия Әженова.
- Әлемде дағдарыстың басталғандығына және Қазақстанның әлемдегі жемқорлығы белең алған мемлекеттердің бірі екеніне журналистер кінәлі емес. Бірақ, журналист белгілі бір мәселеге немесе белгілі бір адамның алдында айыпты болса, оған биліктің өзі дайындаған арнайы заңы бар.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда оннан астам интернет сайт жабылып қалды. Оның кейбірі соттың шешімімен жабылса, ал біразы түсініксіз себептермен ашылмай қалды. Олардың ішінде оқырмандардың арасында кеңінен танымал болған kub.kz, Posit.kz, kaztoday.ru, livejournal.com және тағы басқалары бар.
XS
SM
MD
LG