Accessibility links

Офицерлер шеруге шықпақшы


Қыркүйектің 15-і күні Алматыда ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Болат Жанасаев әскер қызметкерлері мен запастағы офицерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Аталған жиында вице-министр 2011 жылы ҚР Қарулы Күштер құрамындағы баспанаға зәру әскери қызметкерлердің барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігін хабарлады. Алайда Баспанасы жоқ әскер қызметкерлері ұйымының өкілдері өз талаптарының тағы да ескерусіз қалғандығын айтып, басшылықтың жөнсіз шешіміне қарсы наразылық акциясын өткізетіндіктерін жариялады.

Вице-министр Болат Жанасаевтың айтуынша, әскер қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары Қазақстанда үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, 2007 жылы жаңадан салынған 1822 пәтердің кілті офицерлердің қолына табыс етілсе, 1413 пәтер қайтадан жөндеуден өткізілген. Қорғаныс министрі Даниял Ахметовтың қаулысына сәйкес, биылдан бастап жыл сайын 1500 пәтер қолданысқа беріледі. 2011 жылға дейін ҚР Қарулы күштерінің баспанаға зәру әскер қызметкерлерінің барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.
- Қажетті құжаттардың барлығын дайындап қойдық. Осы жылдың аяғынан бастап жаңа пәтерлерді салуға кірісеміз, - деді вице-министр.
Алайда Баспанасыз әскер қызметкерлері кеңесінің өкілі Мәмбет Қойшыбаев запастағы офицерлердің тұрғын үйге қатысты қойған талаптары тағы да орындалмай қалды деп есептейді.
- Басшылық ешқандай оң шешім қабылдаған жоқ. Біздің талабымыз – заңды бұзушыларға тиісті жазасын беру. Заң бойынша жиырма жыл Отанға қызмет атқарған азаматты үйсіз жұмыстан шығарып жіберуге ешкімнің құқығы жоқ еді. Ал жоғарыдағылар екінші мәрте заңды бұзып, бізбен соттасуға дейін барды.
Қорғаныс саласында 24 жылғы қызметінде Қазақстанның төрт бірдей ірі авиабазасында ұшқыш болған подполковник Қойшыбаевтың бұл ойын қорғаныс министрінің орынбасары Болат Жанасаев құптап отырған жоқ. Вице-министрдің пікірінше, әрбір әскер қызметкері мемлекеттің мүддесін жеке бастың пайдасынан жоғары қоюы тиіс.
- Әскер – ерекше қызмет. Осында жүрген адамдар өзінің көптеген құқықтарынан бас тартып, ең алдымен елдің сақтығын ойлайды. Ал олар болса Қорғаныс министрлігіндегі қиыншылықтарға төзбей, өз құқықтарын дұрыс пайдаланбай отыр, - деді Болат Жанасаев.
Қазіргі күні үлкен отбасымен жатақхананың алты шаршы метрлік бөлмесінде тұрып жатқан Қойшыбаев ендігі жерде өзі секілді баспанасыз офицерлермен бірге наразылық акциясын өткізуге шешім қабылдапты.
- Қазақстанда азаматтардың құығын қорғай алмайтын болсаңыздар, заңды бұзып оны мойындамасаңыздар, біз бұл әрекетті елге ғана емес, бүкіл әлемге жариялаймыз. Митингке шығамыз, - дейді Мәмбет Қойшыбаев.
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, республикада 5 мыңнан астам әскер қызметкері тұрғын үй тапшылығын көріп отыр.
XS
SM
MD
LG