Accessibility links

Сенат ҰҚКҰ-ның шеңберіңдегі бітімгершілік әскері туралы келісімді мақұлдады


Бейсенбі күні Қазақстан парламенті Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының шеңберінде мақұлданған бірқатар құжаттарды ратификациялады.

Парламенттің жоғары палатасының жалпы отырысында аталған құжаттарды ратификациялау туралы қабылдаған заң жобасы - негізінен ҰҚКҰ-ның аясындағы бітімгершілік әскерін құруға келісу болып табылады. Бұл құжат 2007 жылы Душанбеде өткен ұйымға мүше мемлекеттердің кезекті бас қосуында қабылданған болатын.
Осының алдында Қорғаныс вице-министрі Болат Сембин парламент Мәжілісі депутаттарының алдында ҰҚКҰ-шеңберінде мақұлданған құжаттың маңызын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берген еді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан осы ұйымның мүшесі ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына қатысатын арнайы бітімгершілік әскерін құруы тиіс.
Сонымен қатар, бүгін Сенат депутаттары қабылдаған бұл заң жобасына Президент қол қоятын болса, ҰҚКҰ-ның арнайы бағдарламасына сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттердің тарапынан құрылатын бітімгершілік күштер бірігіп, оқу-жаттығу ойындарын жүргізіп, баршаға ортақ бір ғана үлгідегі қару-жарақ және байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Осы жағдайға байланысты парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов Азаттық радиосына берген сұхбатында, Қазақстан үшін дәл қазіргі уақытта бітімгершілік әскерінің қажеті болмаса да, мемлекеттегі болуы мүмкін сепаратизм мәселелерінің алдын алу үшін ҰҚКҰ-ның шеңберінде мақұлданған құжатты заңдастыруымыздың артық болмайтындығын түсіндірді:
«Дәл қазіргі уақытта бұл әскердің бізге қажеті жоқ. Дегенмен, көрші Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиясындағы ушығып тұрған сепаратизм мәселелерін, Ауғанстандағы діни экстремизмді және Орта Азиядағы кейбір шешімі кезек күттірмейтін проблемаларды ескерсек, аталған ұйымның шеңберіндегі құрылуы мүмкін әскердің қажеті болып қала ма деп ойлайсың. Әрине, мұндай кішігірім әскерді біздің мемлекеттің қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі қабылданған заң жобасы - сақтықтың бір шарасы. Осының алдында оны біздің Мәжілістің депутаттары да бір ауыздан мақұлдады. Ертең қандай жағдайдың болатыны белгісіз, бітімгершілік әскері керек болатындай күн туса, оны қайдан іздеп жүреміз? Сол себепті, мұндай әскер біз үшін артық болмайды».
Аталған әскерді құруға келісім беру арқылы Қазақстанның АҚШ пен Батыс мемлекеттерімен қарым-қатынасы салқындап қалмай ма деген сұраққа Камал Бұрханов былайша жауап берді:
«Оңтүстік Осетия және Абхазия мәселелерінің туындауына қарамастан, Қазақстан өзінің көпвекторлы стратегиялық саясатын сақтап қалды. Бұл бір. Екіншіден, біз бұл әскерді біреуге қоқан-лоққы жасау мақсатымен құрып жатқан жоқпыз. Және, ол ешкіммен соғыспайды. Бірақ, тосын жағдайларға бітімгершілік әскерді пайдалануымыз мүмкін. Үшіншіден, аталмыш әскер халықаралық құқықтың негізінде құрылып жатқандықтан, оған ешкімнің ешқандай реніші болмауы керек деп ойлаймын. Осы заң мақұлданғаннан кейін Қазақстан Ресейдің ықпалында кетіп, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауы мүмкін деген әңгіменің туындауы ғажап емес. Бірден айтайын, біз бұл екі мемлекеттің тәуелсіздігін мойындамаймыз. Оның бір себебі – Шанхай форумында Қазақстан мен Қытай этникалық сепаратимзге қатысты декларацияға қол қойған болатын».
Ал, Қазақстандық сарапшылардың бүгінгі Сенатта қабылданған заң жобасына байланысты көзқарастары әртүрлі. Тіпті, олардың кейбірі ҰҚКҰ-ның шеңберіндегі бұл әскердің құрылуында Ресейдің мүддесі жатқанын айтты. Қазақстандық сарапшы Нұрлан Айдын бітімгершілік әскерін құру - ең алдымен Ресейдің идеясы деді.
Оның айтуынша, бұл жоба 2000 жылдардың басынан бері көтеріліп келе жатыр.
- Әуел баста НАТО-ға қарсы осындай жоспардың болғаны белгілі. Кейінірек түрлі жағдайларға байланысты Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының жұмысы және ортақ әскер құру идеясы біртіндеп көмескіленіп қалды. Таяуда, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның мәселесі басталған уақытта Ресей тарапынан посткеңестік елдерге, соның ішінде, Орталық Азия мемлекеттеріне өте қатты қысым жасалды. Құдай сақтап, Франция мен Ресей Федерациясы президенттерінің арасында Медведев-Саркози деп аталатын бейбітшілік жоспары құрылды. Бұл ең алдымен Батыс пен Ресейдің арасындағы қырғи-қабақтың тамырын терең жаюына мүмкіндік бермеді. Екіншіден, бұл Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттерді Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындаудан құтқарды.
Ал жақында Ақтөбе қаласына Ресей президенті Дмитрий Медведевтің келгені белгілі. Оның келу мақсаты ақпарат құралдарында айтылғанымен, негізгі көздегені жабық есік жағдайында әңгіме болды. Менің Мәскеудегі әріптестерімнің айтуынша, Д.Медведев Н.Назарбаевты ҰҚКҰ-ның шеңберінде бітімгершілік әскерін құруға көндірген. Бұл жерде назар аударарлық бір мәселе, бұған ең алдымен Қазақстан бастама жасаса, Орталық Азияның ұйымға қатысушы басқа да мемлекеттері Астананың қадамын қайталауға мәжбүр болады. Бұл Ресей үшін АҚШ пен Батысқа өзінің одақтастарының қағаз жүзінде емес екенін дәлелдеуге керек. Одан соң, бітімгершілік әскердің құрамындағы қазақстандық жауынгерлер Оңтүстік Осетия мен Абхазияға аттандырылуы мүмкін. Ал бұл құрылғалы жатқан әскердің алғашқы миссиясы ретінде көрсетіледі. Қазақстанның көпвекторлы саясаты Кремльдегі басшылардың Нұрсұлтан Назарбаевқа деген көзқарасының әлі де болса, дұрыс екенін көрсетеді.
ҰҚКҰ-ның шеңберінде құрылғалы жатқан бітімгершілік әскеріне қазақстандық тараптың қандай үлес қосатынын және оның құрылымы туралы білмек болып, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне, сондай-ақ, Қорғаныс министрінің орынбасарлары Болат Жанасаев пен Болат Сембиннің қабылдау кабинеттеріне хабарласқанымызбен, олардан қандай да бір жауап алудың мүмкіндігі болмады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG