Accessibility links

Қазақстанның дағдарыспен күрес бағдарламасындағы қарама-қайшы цифрлар Батыс баспасөзін шатастырды


Шетел баспасөздерінде Қазақстанның премьер-министріне сілтеме жасалып, мемлекеттің дағдарысқа қарсы бөлген қаржысы көлемінің әртүрлілігі жайлы жазылуда.

Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасы туралы соңғы күндері батыстың көптеген баспасөз құралдары жазды. Бірақ, әзірше шетел репортерлері Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламаға қанша қаржы бөлгендігін түсінбей отырғандығы туралы пікір қалыптасады.

San Franciso Chronicle 10 млрд. доллар деп жазса, Financial Times және Guardian – 21 млрд. доллар дейді. Ал, Bloomberg агенттігі – 18,3 млрд. доллар туралы жазады. Сонымен, бәрін ретімен баяндайық.

San Franciso Chronicle атты американдық басылым сейсенбі күні Associated Press ақпарат агенттігінің дағдарыстан шығуға арналған Үкімет бағдарламасына қатысты ақпаратын жариялады. Басылымда «Қазақстан Үкіметі сейсенбі күні алдағы екі жылда мұнайға бай елді дағдарыстан алып шығу үшін берілетін 10 млрд. доллар көлеміндегі қаржылай көмекті қолдады», - деп жазылған.

Әңгіме ғаламдық қаржылық дағдарыс мұнайды экспорттаудан түсетін пайданың күрт төмендеуі мен өтімділігі жөніндегі мәселеге тірелгенінде. Бұл мемлекет билігін экономиканы қалпына келтірудің шұғыл шараларын қолға алуға мәжбүрледі.

«Бұл өте нақты бағдарлама. Оған ұлттық даму Қорынан, мемлекет бюджеті мен зейнетақы қорынан 10 млрд. доллар бөлініп отыр», - деп үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың айтқан сөзін келтіреді.

Репортаж авторы президент Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған жоспардың мәнін нақтылайды. Сонымен, Астанада хабарланғандай 10 млрд. доллардың 4 млрд. доллары қаржылық секторды күшейтуге, және 3 млрд. доллар құрылыс индустриясын жандандыруға, сондай-ақ қаржы, шағын және орта бизнесті, ауылшаруашылығын, сонымен қатар, өндіріс және инфрақұрылымдарды дамытуға бөлінеді.

Сондай-ақ, өткен бейсенбі күні, 20 қарашада лондондық басылым Guardian Кәрім Мәсімовтың Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтылған бұдан да көп сома туралы ақпарат жариялады.

Міне оның сөзі: «Биылғы жылы біздің бөлетін қаржымыз – 21 млрд. доллар». Бұл сомалар: 10 млрд. доллар Ұлттық мұнай қорынан, 5 млрд. доллар Ұлттық банк қаржысынан, және 5 млрд. доллар зейнетақы қорынан, қалған 1 млрд. доллар стресті активтер Қорынан алынады.


Reuters
агенттігінің орыс тілді сайтында жарияланған ақпараттан үкіметтің 21 млрд. доллар экономикаға арналған көмекті алғашқы 15 млрд. доллардан бастайтынын білуге болады.

Бұл ақпаратты бейсенбі күні агенттікке берген сұхбатында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың өзі айтты.

Ықпалды британдық Financial Times іскерлік басылымы дүйсенбі күні, 24 қарашада Қазақстан экономикасын сақтауға арналған қаржы 21 млрд. долларды құрайтынын жазды.

«Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының экономикаға әсерін жеңілдету және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне қарамай өсімді сақтап қалу үшін экономиканы құтқару шараларының 21 млрд. долларлық (16,3 млрд. еуро, 13,9 млрд. фунт стерлинг) пакетін жариялады. Мұнайға бай Орталық Азия елдері ЖІӨ-нің 20 пайызына барабар бұл пакет банк, жылжымайтын мүлік, ауылшаруашылығы секторлары мен шағын және орта бизнесті қаржыландырады».

Басылым премьер-министр Кәрім Мәсімовтың бұл шаралар «Қазақстан экономикасын әлемдік дағдарыстан бәсекеге қабілетті, мықты экономика ретінде алып шығады» деген сөзін мысалға келтіреді. Бұл туралы үкімет басшысы дүйсенбіде Парламенттегілермен кездесуінде айтты.

Bloomberg агенттігі өз кезегінде Қазақстанның дағдарыспен күреске 18,3 млрд. доллар бөлгісі келгендігін хабарлай келе: «16,7 миллион тұрғыны бар бұрынғы кеңестік республика Қазақстан жақында дағдарыс жағдайындағы 100 миллиардтық экономикасын қолдау үшін 2,2 триллион теңге (18,3 млрд. доллар) бөлу ниетін жария етті. Бұл елдің ЖІӨ-нің 20 пайызы», — дейді.

Батыстық ақпарат құралдары дағдарысқа қарсы бағдарламаның жекелеген салаларға бөлген қаржылары туралы әртүрлі айтады. Жоғарыда келтірілген San Franciso Chronicle и Financial Times-тің мақаласында құрылыс индустриясын қолдауға 3 млрд. доллар бөлінгендігі туралы әңгіме болды.

Сондай-ақ Dow Jones агенттігі дүйсенбі күні үкіметтің жылжымайтын мүлік секторын қолдауға 5 млрд. доллар бөлетіндігін хабарлады. Агенттік кабинет басшысына сілтеме жасап: «Дүйсенбі күні Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімов тіршілік үшін күресіп жатқан жылжымайтын мүлік нарығын ынталандыруға өз үкіметінің 5 млрд. доллар бөлетіндігін хабарлады», — дейді. Инвестицияның 3 млрд. доллары «Самұрық-Қазына» қорынан, ал 2 млрд. доллары зейнетақы қорларынан алынады, бұл туралы К.Мәсімов «Нұр Отан» партиясының басшылығымен кездесуде мәлім етті.

Енді премьер-министрдің бірнеше күн бойы таңғаларлық айырмашылығы бар ақша сомасын атап келгенінің жұмбағын шешу ғана қалды. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның неліктен 15-тен 21 млрд. долларға өскендігі, біресе 21-ден 10 млрд. долларға дейін, екі есе азайып кеткендігіне министрлер кабинеті тарапынан ешқандай ресми түсіндірме берілген жоқ. Егер құйылатын қаржы көлемі нақты бекітілмеген болса, оны жалпақ жұртқа жариялап керегі не? Калейдоскоптың сандары сияқты құбылып тұрған цифрлар, премьердің «бұл өте нақты бағдарлама» деген сөзіне күмәндануға мәжбүр етеді.

XS
SM
MD
LG