Accessibility links

Үкіметтің «Дағдарыстан шығу» бағдарламасынан қарапайым жұрттың үміті аз


Қазақстан үкіметінің мәжілісі, ортада премьер-министр Кәрім Мәсімов
Қазақстан үкіметінің мәжілісі, ортада премьер-министр Кәрім Мәсімов

Қазақстан үкіметі өзінің «Дағдарыстан шығу» бағдарламасын жария етті. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд. доллар басты бес салаға жұмсалатындығын мәлімдеді.

Олар қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелерді шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді ынталандыру және индустриялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру.

Кәрім Мәсімов қаржы секторын тұрақтандыруға 4 млрд. доллар бөлеміз деді. Бұл қаржы үш бағыт бойынша, төлем жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, елдің маңызды экономикалық саласын несиелендіру және инвестициялық белсенділікті жоғалтпауға жұмыс істейді екен.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге 3 млрд. доллар қарастырылыпты. Ол ақша Астана мен Алматыда құрылыстары тоқтап тұрған тұрғын үйлерді аяқтауға, «мемлекеттік тұрғын үй» бағдарламaсын жүзеге асыруға бөлінбекші. Кәрім Мәсімов бұл қаржыдан басқа халықтың жинақтаушы зейнетақы қорынан тағы да 2 млрд. доллар бөлеміз деді. Сонымен бірге құрылыстары аяқталмаған пәтерлерді сатып алу үшін бір жылға арналған арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлейтіндіктерін мәлім етті. Осы бағдарлама аясында ипотекалық несие алушыларға банктер мөлшері 10,5 пайызбен 15 жылға кредит береді. Ал осыған дейін 13 пайыздан 19 пайызға дейін ипотекалық несие алғандардың келісім шарттарын қайта қарап, 12 пайызға дейін түсіруге банктермен келісімге келіпті.

Ал шағын және орта бизнесті қолдауға 1 млрд. доллар жұмсалмақшы. Үкімет басшысы бұл саланың өкілдеріне 14 пайыздық мөлшерде несие берілетіндігін жеткізді. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу тендерлеріне қатысуға қолдау көрсетеміз деді.

Аграрлық саланы дамытуға ұлттық қордың ақшасынан 1 млрд. доллар бөліну жоспарланыпты. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы саласына 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетте 350 млрд.теңге бөліну қарастырылған. Премьер-министр негізгі басым бағытты ет, сүт өнімдерін өндіруге жұмсаймыз деді. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 1 млрд. доллар қарастырылған екен.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сонымен бірге әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне байланысты үш жылға арналған республикалық бюджетті қайта қарайтындықтарын да мәлім етті. Онда 2009 жылға мұнайдың бір баррелін 40 доллар деп, ал 2010-2011 жылдары 50 доллар деп өзгерту енгізбекші. Бірақ әлеуметтік салаға бөлінген қаржы өзгермейді деген Мәсімов, «ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды тоқтата тұрамыз» деді.

Қазақстанның тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов үкіметтің әзірлеген «Дағдарыстан шығу» бағдарламасы бір жылға кешікті дейді. «Егер осы бағдарлама бір жыл бұрын қабылданғанда орта және шағын бизнестің өкілдері кәсіптерін жаппай аман алып қалушы еді» деген Тимур Назханов, мұның да түсініксіз тұстарының көп екендігін айтады.


- Банктер төмен пайызбен несие бергенімен де бәрібір банктер талаптарын жеңілдетіп отырған жоқ. Ол несиені екінің бірі ала алмайды. Мысалы, мен банктен 2 милион теңге алғым келсе, 4 миллион теңгенің кепілін қоюым керек. Қазір банктер жерді кепілдікке алмайды. Өйткені, оладың құны түсіп кеткен. Оның үстіне банктердің шетелге 14 млрд. доллар берешегі бар. Сондықтан олар алдымен өздерінің мүддесін ойлайды, - дейді Тимур Назханов.


Ал экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов стресті актив қорына халықтың жинақтаушы зейнетақы қорынан 2 млрд. доллар аламыз дегеніне күмәнмен қарайды. «Менің жасым 63-ке келді. Енді зейнетақымды аламын дегенде, ол ақшаның басқа жаққа жұмсалатындығы қалай болады» деген Шәменов ол қаражаттың қайтарылу тетіктері нақты, ашық көрсетілуі керек дейді.

Ал Астанадан бір бөлмелі пәтер үшін он бес жылға 14 пайыздық мөлшермен ипотекалық несие алған Назгүл Иманбаева осыған дейін ипотека алғандардың пайызын 12 пайызға дейін түсірміз дегені көңілге қонбайтындығын айтады.


- Мен ең болмағанда 7-8 пайызға дейін түсіретін шығар деп үміттенген едім. Онда да теледидардан көрдім, Мәсімов барлығын бірдей қарамайтындығын айтты. Сондықтан үкімет халыққа аса қолдау көрсетіп отырған жоқ деп ойлаймын, - дейді Астана тұрғыны Назгүл Иманбаева.

XS
SM
MD
LG