Accessibility links

Халықтың зейнетақы қордағы қаржысын стресті активке салған дұрыс па?


Отандық инвесторлармен өткен кеңесте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев стресті активтер қорын халықтың жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиналған қаржымен капиталдандыруы мүмкін екендігін айтқан болатын. Президенттің айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттің зейнетақы қорында 1,3 триллион теңге жинақталған. Сонымен бірге ай сайын 20 миллиард теңге түсіп тұратындығын да тілге тиек етті.

Президент Назарбаев зейнетақы қорына салымшыларға мазасызданудың реті жоқ екендігін де ескертті.


- Зейнетақы активтерінің сақталуына толықтай кепілдік беремін. Оның бір тиыны да ретсіз жұмсалмайды. Бірнеше қадағалаушы мекеме құрамыз. Басқа да инвестиция көздерін қарастырып жатырмыз, - деді президент.


Зейнетақы қорына ай сайын жұмыс істейтін халықтың еңбекақыларының кемінде 10 пайызы түсіп тұрады. Зейнетке шыққан азамат жылдар бойындағы қорда жинақталған ақшасын алады. Халықтың бұл қаражатын енді стресті активті қорына пайдаланған дұрыс па?

Екінші шақырылымдағы мәжіліс депутаты, Жалпы ұлттық социал демократиялық партияның Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев халықтың ақшасын стресті активтер қорына салған дұрыс емес деп есептейді. Ол егер үкімет халықпен есептессе, алдымен «Дағдарыстан шығу» бағдарламасының жобасын әзірлеп бұқаралық ақпарат құралдарына жария етіп, ұсыныстарды қабылдау керек еді дейді. Әлібаев осыдан бір ай бұрын президенттің өзі елде дағдарыс жоқ деп келді, одан қайта сол кеткен бір айда халыққа кеңес беріңдер деп шықса, сол уақыт аралығында жақсы бағдарлама әзірлеуге болатындығын айтады.


- Монополиялық билік ешқашан дұрыс шешімге келе алмайды. Мұның бәрі халықты қиындыққа әкеледі. Естеріңізде болса, 1990 жылдардың басында халықтың 1 млрд. доллар ақшасын прзиденттің атына жеке шот ашып аударған. Кезінде соны Үкімет басшысы болып тұрғанда Иманғали Тасмағамбетов ауыр кезде қолданамыз деп, парламенттің алдында ағынан жарылған еді. Енді сол ақша қайда?, - дейді Әлібаев.


Серікбай Әлібаев тығырықтан шығудың бірден бір жолы Назарбаев елдегі барлық саяси партия жетекшілерін, сарапшыларды жинап кеңесу керек деп санайды. «Мысалы, АҚШ-тың конгресмендері барлық ұсыныстарды жеке-жеке қарап, талдап жатыр. Ал бізде бір млрд. долларды мында жұмсадық, бір млрд. долларды анда жұмсадық деп айтады. Нәтижесін ешкім көрмейді, ешкім де есеп бермейді», - дейді ол.


«Азаматтық қоғам» қоғамдық қорының өкілі, саясаткер Зәуреш Батталова зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану халықтың қалтасына қол сұғумен бірдей деп біледі. «Қордың атауы да дұрыс емес. Стресті актив деп қойған. Стресс деген жақсы сөз емес. Стрестен адам түрлі ауруға тап болады. Билік Қазақстан экономикасындағы аурудың диагнозын да дәл қоя алмай отыр», - дейді Батталова. Ол билік осыған дейін елдің бар байлығын сатып, шетелге жеке қалталарына жіберіп, енді дағдарыс дегенде, онсыз да шиқылдап отырған халықтың қалтасына қол салмақшы деген саясаткер Батталова «билік егер осындай қадамға барса, үлкен қателікке бой алдырады» деп есептейді.


Ал Астанада мемлекеттік қызметте жұмы істейтін Жұмабек өзінің зейнетақы қорындағы жинаған ақшасының стресті активті қорына жұмсалатындығына қарсы. «Бұл менің банктегі жеке есепшотымдағы ақшаны зорлықпен алғанмен пара пар. Ертең мысалы, өмір бойы жұмыс істеген адам дүниеден өтсе, оның зейнетақы қорындағы жиналған ақшасы мұра ретінде туғанына беріледі. Ертең сонда, билік бұл ақша стресті қорға кетті деп жалтаруы да мүмкін ғой», -деп наразылығын білдіреді Жұмабек.


Жалпы жинақтаушы зейнетақы қоры қазір шетелде қуғында жүргін Әкежан Қажыгелдиннің үкімет басында болған тұсында құрылған. Сол кезде бұл қордың құрылуына наразылық танытқандар болған еді. Өйткені, медициналық сақтандыру қорындағы млрд.таған халықың ақшасын жиып, шетелге қашып кеткен Талапкер Имнбаевтан халықтың аузы күйіп қалған болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG