Accessibility links

«Қазақмысқа» инвестиция салма! Түбі шикі» деп ескертеді Global Witness ұйымы


"Қазақмысқа" қарайтын өндіріс орындарының бірі. Фотосурет Global Witness ұйымынан алынды.
"Қазақмысқа" қарайтын өндіріс орындарының бірі. Фотосурет Global Witness ұйымынан алынды.

Табиғи байлықты игеру, жемқорлықты шектеу мен адам құқықтарын қорғау мәселелерін ұштастыра қарастыратын халықаралық беделді ұйым қазақстандық «Kazakhmys plc» компаниясы басшылығының іс-әрекетін әшкерелейтін есеп жариялады.


«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕЖИМ – КЛЕПТОКРАТИЯ»

Совет Одағы құлай сала Батыс нарығына ұмтылған табиғи ресурсы зор пост-советтік елдердің ішінде Лондон биржасына бірінші болып қолы іліккен осы «Қазақмыс» компаниясы. Қазақстандық өндіруші аз уақытың ішінде FTSE 100 үлес индексіне де мүше болып үлгірген. Яғни, Ұлыбританиядағы капиталы зор жүз алпауыт компанияның қатарына кіріп тұр. Бірақ, мұның барлығы батыстық компаниялар сияқты шебер менеджмент пен адам ресурстарын табиғи ресурстармен қатар оңтайлы пайдаланудың жемісі емес. Мыс өндіруші компанияның басшылығы мен Қазақстанның «автократ билеушісінің» арасындағы етене жақындықтың белгісі. Сондықтан да шетелдік инвесторлар мұндай тегі күмәнді капитал мен саясатқа шырмалған менеджментке күмәнмен қарап, арандап қалмауы керек дегенге саяды есептің жалпы мазмұны.

Global Witness («Глоубл Уитнес»): «Қазақстанда клептократияның нышаны байқалады. Мемлекетті бір отбасы ғана басқарып отыр. Мемлекеттік бизнес тек сол отбасы мүшелерінің қолында. Ат төбеліндей элита байи түседі, халық одан сайын жүдей береді. Қырғызстандағы жағдай клептократияның саяси тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін екенін көрсетті» деп ескертеді.

«КИМ ДЕГЕН КІМ ӨЗІ?»

Көлемі 50 беттен асатын, 14 тараудан тұратын құжат «Қазақмыс» пен Қазақстан президентінің арасында тығыз байланыс бар екенін меңзейді; компания басшылығы деп саналатын менеджерлердің шынайы құрылтайшы емес, жоғарыдан тағайындалған «қуыршақ басшылар» екеніне назар аударады және батыстық үлескерлерді болашағы бұлыңғыр бизнеске инвестиция салмауға шақырады. Бұған қоса Global Witness ерекше алаңдайтын тағы бір жайт «Қазақмыстың» құрылтайшы және листинг құжаттарында өзінің топ менеджерлеріне қатысты жан-жақты ақпарат бермей, кейбір мәліметтерді жасырып келе жатқаны. Мысалы, Владимир Нидің ұзақ жылдар Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесінде істегенін, «Қазақмыс» Лондон биржасына шығар алдында оның барлық акцияларын басшылары сатып алғанын, т.с.с. жайттар жабулы күйінде қалған. Таң қаларлық бір мәселе – мұндай кемшіліктерге Лондон биржасының реттеушісі – Ұлыбританияның Қаржылық бақылау қызметінің (FSA) өзі көз жұмып отырған сияқты. Сондықтан да Лондон биржасы болсын, басқа да ірі биржа рыноктары болсын, кен игеруші компаниялар туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп отыруы керек. Инвесторларды қандай қауіп-қатер тосып тұрғанын алдын-ала ескертулері тиіс деген тұрғыда ұсыныс айтылады құжатта.

Global Witness Владимир Ни мен Владимир Кимнің «Қазақмысты» Қазақстан президентінің атынан басқарып отырғанын тек қаңқу сөз бен өсек-аяң негізінде емес, дәйекті фактілер арқылы ашып көрсетуге тырысады. ҮЕҰ өз зерттеуінде куәгер ретінде Мұхтар Әблязов, Рахат Әлиев және Ержан Досмұхамедовтардан сұхбат алған. Өзге де бірқатар қазақстандық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен пікірін білген. Есеп авторлары кен игеру саласында бір күн істеп көрмеген бұрынғы ортақол комсомол қызметкері Владимир Кимнің қалайша 2010 жылы үш миллиард фунт стерлингтен аса капиталы бар Ұлыбританияның он төртінші бай адамына айналып шыға келгеніне арнайы тоқталады.

«СІЗГЕ ЕҢ ҮЛКЕН ҰШАҚ МІНГЕН ЖАРАСАДЫ!»

Батыстық үкіметтік емес беделді халықаралық ұйымының бұл жолғы есебін ерекшелеп тұрған келесі бір жайт – Қазақстан президентіне қатысты соңғы бірнеше жыл бойы интернет арқылы тараған аудиофайлдарға бейресми түрде болсын сілтеме жасалады. Бұл сандық үлгідегі қатты сығымдалып сақталған телефон диалогтарын сараптамадан өткізудің қиын екені, бірақ, бұл мәліметтерді назардан тыс қалдыруға және болмайтыны айтылады.

Владимир Ким мен Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеріне ұқсас екі дауыстың қымбат ұшақ сатып алу туралы телефон арқылы талқылаған атышулы әңгімесі үтір-нүктесіне шейін ағылшын тіліне аударылып беріледі. Онда «Қазақмыстың» ресми басшысы Қазақстан президентіне 20 миллион тұратын алып ұшақ мініп жүрудің еш сөкет емес екенін дәлелдеп бағады-мыс.

Құжатта «Қазақмыстың» Қазақстан президенті 2006 жылы Ұлыбританияға ресми сапар шеккен кезде түскен лондондық қымбат қонақ үйдің ақысын қалай төлегені сияқты детальдар да қамтылған. Сонымен бірге Владимир Кимнің Виргиния аралдары, Лихтенштейн мен Мальтадағы оффшор құрылымдары арқылы «Қазақмыстың» үлестерін қайтіп иемденіп отырғаны бүге-шігесіне дейін ашылады. Кезінде бір мезгіл компанияның директорлар кеңесіне мүше болып сайланған Болат Назарбаевқа қатысты да ыңғайсыз сұрақтар қойылады.

Қорытындылай келе, Global Witness британиялық FSA, яғни, Қаржылық бақылау қызметін Лондон биржасындағы реттеу ережелерін күшейтуге шақырады. АҚШ-тағы биржалық рыноктардың қатаң ережелерін мысал етіп, неліктен «Қазақмыс» сияқты компаниялардың босаң саясат ұстанатын Лондон биржасын таңдайтынын түсіндіреді. 2010 жылғы маусым айында пайда болған мәліметке сәйкес FSA-ді 2012 жылы Англиядағы өзге екі банктің бақылау қызметтері алмастырса бұл салада игі өзгерістер болады деген үміт білдіреді.

Global Witness ұйымының ағылшын тіліндегі есебін мына жерден көшіріп алсаңыз болады.
XS
SM
MD
LG