Accessibility links

Диссидент - философ Нұрлан Әлімбековке электронды пошта арқылы экстремистік мазмұндағы хаттар жазып таратты деген айып тағылған болатын.

Нұрлан Әлімбековтың босатылғаны жөнінде алғашқы болып Қазақстан адам құқтары Бюросы сейсенбіде хабарлады. Белгілі болғанындай, Нұрлан қамаудан тамыз айының басында босатылған екен.

Дегенмен де бүгін Азаттық радиосына берген сұхбатында репрессияға ұшыраған философтың бауыры және қоғамдық қорғаушысы Ораз Әлімбеков диссиденттің туыстарының билік тарапынан түрлі қысымға ұшырауы әлі де жалғасуда деп атап көрсетті.

Міне осы себептен де бір жылға жуық уақытын түрмелер мен жүйке ауруларын емдейтін арнайы аураханаларда өткізген Нұрлан Әлімбековтің туыстары оның бостандыққа шыққанына қоғам назарын аса аудартқылары келмейтін тәрізді.

Ораз Әлімбековтың түсіндіруінше, репрессияға ұшыраған диссидент бостандыққа бірқатар шарттармен жіберілген. Оның ең бастысы - қылмыстық іс тоқтатылмаған. Психиатр-дәрігерлер қылмыс жасаған кезде Нұрланның ақыл-есі түзу болған, жүйкедегі ауытқушылық кейін пайда болған деген қорытындыға келген.

- Бұл жерде айта кететін бір мәселе бар. Қылмыс жасаған кезде сау болған, өзінің қауіпті әрекетінің бәрін сезінген дейді. Ал одан кейін, дәл қазіргі жағдайда ол психикалық кеселге шалдыққан, сондықтан оған байланысты қылмыстық іс бойынша сотты қарау уақытша тоқтатылады. Бұл жазылды деген жағдайда қылмыс жасаған, жасамағаны туралы сот болады,- дейді диссиденттің қоғамдық қорғаушысы Ораз Әлімбеков.

İсті бұлайша түйіндеу биліктің тергеу амалдары мен басқа да шараларды әлі де жалғастыра беруіне мүмкіндік береді. Қамауда болған Нұрлан соңғы уақыттары Алматыға жақын жердегі Ақтас елдімекеніндегі арнайы ауруханада ұсталған болатын.

- Қазіргі қойылып отырған диагноз- тұлғаның мінез-құлқының бұзылуы. Негізінен бұл қорытындылардың барлығының саяси тапсырыспен жасалғаны анық байқалып тұр. Өйткені олар Нұрлан Әлімбековте аса бағалы идея пайда болған және сол идеядан бас тартпай отыр деген қорытындыға келіп, бұны психикалық ауру негізіне жатқызып отыр, - дейді Нұрланның інісі Ораз Әлімбеков.

Қазір Шымкенттегі туыс – жақындарымен қауышқан Нұрлан айына бір рет Шымкенттегі психиатриялық ауруханаға барып, тексеріліп тұруға міндетті. Мұның сыртында ол жергілікті полиция орындарында да белгіленіп отыруы тиіс екен.

Қазақстандық адам құқтары Бюросының қызметкері А. Свиридов аталған ұйымның сайтында осы жылдың 16-тамызында Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаменті қызметкерлерінің Нұрлан Әлімбековты ұстағанына бір жыл толды деп жазады.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы Нұрлан Әлімбековты қорғап, Қазақстанды ЕҚЫҰ алдында берген міндеттемелерін орындауға шақырған болатын. Нұрланның тағдыры туралы ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы сессиясында және Астанада өткен Парламенттік сессиясында сөз болған еді.

2008 жылдың 31 шілдесінде Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты Нұрлан Әлімбековты денсаулығы қалпына келіп, толық сауыққанша босату туралы шешім қабылдаған. Онда " Әлімбеков кеселді жағдайдан айыққанша қылмыстық іс тоқтатылсын, қамау шарасы алынып тасталсын" деп жазылған.

"Көріп отырғанымыздай, Шымкент аудандық сотының шешімін ақтау үкімі деп атауға келмейді, Әлімбековтың "саяси псих" деген мәртебесі қалып отыр. Және оның отбасы ортасында болуы кез келген уақытта "ауруы асқынып кетті" деген желеумен мәжбүрлі емдеу шарасына ауыстырыла салуы мүмкін, бұл жөнінде Әл-Фараби аудандық сотының қаулысында да айтылған,"- деп жазады құқық қорғаушы Андрей Свиридов.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG