Accessibility links

Қаблан Шәдетұлы: Швейцария – бай мемлекет, алайда ол менің Отаным емес


Әлемнің ең бай, ең қымбат мемлекеті саналатын Швейцарияда да қазақтар тұрады. Азаттық тілшісінің сұхбаттасы Қаблан Шәдетұлының айтуы бойынша онда 10-ға жуық қазақ отбасы бар. Қаблан мырза 1988 жылдан Швейцариядағы ең ірі Цюрих қаласында тұрады.

БАЛАЛАРЫМ ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНІП АЛДЫ

Швейцарияда осы он отбасын қосатын қазақ мәдени орталығы бар екен. Бұл Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының құрамына енбейді. Қаблан Шәдетұлы осы қоғамның ұйымдастырушысы және төрағасы.

Қаблан мырзаның айтуына қарағанда, Швейцариядағы қазақ ұйымы ондағы қазақтардың басын қосып, өзара сұхбаттасып тұруына мүмкіндік жасайды екен. Әрі Еуропа қазақтарына арналған арнайы интернет-сайт ашқан. Бұл сайт та Еуропаның түкпір-түкпірінде тұратын қазақтармен қарым-қатынас орнатуына жол ашатын көрінеді.

Швейцариядағы азғана қазақтың да басты проблемасы тіл екені айтпаса да түсінікті жағдай. Оның үстіне айналасы 100 ғана адамның 4 мемлекеттік тілі бар елде бесінші тіл ретінде ана тілін үйренуі ауыр тиетіні де сөзсіз. Қаблан Шәдетұлы өз балаларының қазақ тілін үйренуіне интернеттің пайдасы тиіп отырғандығын айтады.

- Бұрын балаларым қазақша айтқанды түсінетін, бірақ, қайырып жауап бере алмайтын. Қазір алыс-жақындағы қазақ балаларымен хат алысу арқылы өз беттерінше қазақша үйреніп алды. Кейбір білмейтін сөздерін достарынан сұрап, анықтап алатын болды. Соның нәтижесінде жақында Қазақстанға келіп қайтты. Әжептәуір қазақша тіл сындырып, қарым-қатынас жасайтын дәрежеге жетті, - дейді ол.

ШВЕЙЦАРИЯДА ЕҢ ТӨМЕНГІ АЙЛЫҚ – 3200 ФРАНК

Қаблан мырза 1988 жылға дейін Түркияда өмір сүрген. Швейцарияға барғаннан кейін киім тігетін С&А деген компанияда сауда менеджері болып қызмет атқарады. Бұл фирманың Еуропада 1200 мүшесі бар екен. Қазір зейнеткер.

- Швейцарияда өмір сүру кейбіреулер үшін түс сияқты. Әрине, Еуропаның ең бай мемлекеті. Ал, онда жүрген біз үшін еш артықшылығы жоқ. Байлығы болғанымен, еліміз жоқ. Қазақ аз, өз тілімізде сөйлеуді, өз елімізді сағынамыз, - дейді ол.

Швейцария ауыр өнеркәсібімен немесе табиғи ресурстарымен даңқы шыққан мемлекет емес. Жеңіл, бірақ қымбат дүниелерді өндіру арқылы әлем нарығын жаулап алды. Біріншіден, бүкіл әлем миллиардерлері ақшасын Швейцария банкілерінде сақтайды, өйткені, онда барлығын құпия сақтайды әрі сенімді. Қандай алмағайып заман болса да, жұрт онда ақшасын еш қорқынышсыз сақтай алады. Екіншіден, сағат өндірумен бүкіл әлемге аты шығып отыр.

Қаблан мырза Швейцария Шенген келісімі елдерінің ішінде еңбекақыны ең жоғары төлейтін мемлекет екендігін айтады.

- Швейцария Шенген келісіміне енгеннен кейін, мұнда Батыс Еуропадан келіп жұмыс істеушілердің саны күрт өсті. Шенген келісімі бойынша, бұл мемлекеттердің азаматтары Швейцарияға ешқандай визасыз келе береді. Ал, Швейцариядағы ең төменгі жалақы – 3200 франк, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG