Accessibility links

Қарашада кеншілер көңіліне алаң кірді


Дөң кен байыту комбинаты кеншілерінің жалақысы бірден 30 %-ға азайтылып, жұмыс күні қысқартылды. Осылайша Ақтөбе облысындағы хром кәсіпорындары дағдарыс жағдайындағы жаңа жұмыс режиміне көше бастады.


Ал, Ақтөбе темір қорытпа зауытында жұмысшылар бірнеше айға созылатын ақысыз демалысқа жіберіле бастады. Тіпті, алдағы күндерде қысқартулар басталатындығын мәлімдеп те үлгерген. Қарашаның ортасына дейін кәсіпорын басшылығы бір жауабын айтуы тиіс. Айта кету керек, Хромтау ауданында орналасқан Дөң кен байыту комбинаты мен Ақтөбе темір қорытпа зауыты «Қазхром трансұлттық компаниясына» кіреді. Осында өндірілген шикі хром көбінесе Ресей Федерациясына жөнелтіледі. Қазан айынан бері әлемдік нарықта тау-кен өнімдеріне сұраныс күрт азайғасын, қарашада трансұлттық компания басқаша әрекет жасай бастады.

Осылайша Қарағанды облысындағы тау-кен өндірісінде қалыптасқан ахуал Ақтөбе облысында да қайталана бастады. Күні кеше ғана Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов пен «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Бас директоры Виктор Тиль арасында Меморандумға қол қойылды. Ақпарат құралдарының қатысуынсыз болған кездесуде трансұлттық кәсіпорынның басшысы жұмыс көлемі күрт азайтылған жағдайда, қысқартуға ұшырайтын жұмысшылар туралы ақпаратты әкімге алдын - ала хабарлауды өз міндетіне алған.

Хром экспортына жол жабылып, жұмыс уақытша тоқтап қалған күннің өзінде де, кеншілер жалақысының 50 %-ы төленеді делінген Меморандумда. Бұл – шикізат өндірісіндегі, соның ішінде, тау-кен саласында бірер айға созылатын дағдарыс кезеңіндегі әрекеттер. Ал, егерде, тоқырау ұзаққа созылып кетсе ше? Меморандумда ондай жағдай туралы анық айтылмаса да,: «әкімшілік адамдарды басқа мамандыққа оқытып-үйретуге, өзге жұмыстарға ауыстыруға» ықпал етіп, қысқартылғандарға «жаңа жұмыс орындарын іздестіруге қол ұшын береді». деп атап көрсетілген.

Дағдарыс меморандумында салмақ хром басшылығына емес, жергілікті экономикаға түсетіні анық байқалады. Кеншілерді жұмыстан шеттетпегендіктері үшін, «Қазхром» АҚ-ы ерекше салық жеңілдіктеріне ие болды және арзан электр қуатына қол жеткізді. Мұның жергілікті экономикаға салмағы тағы ауыр. Себебі, облыс бюджетінің 80 %-ы шикі мұнай саудасы мен хром экспортынан құралады, облыс Ресей Федерациясынан жеткізілетін электр қуатына тәуелді. Олар бір жылдың ішінде электр қуаты тарифін 50 %-ға күрт көтерді. Ал, Ақтөбе облысындағы хром өндірісінде жұмыс істейтіндердің үлес салмағы облыс тұрғындарының 2%-на да жетпейді.

«Қазхромның» Бас директоры Виктор Тиль қазір Ақтөбедегі кеңсесінде жоқ, Алматыдағы трансұлттық компания басшылығымен кездесуге жүріп кеткен. Трансұлттық компанияның баспасөз қызметі де қарашаның ортасына дейін ешқандай ақпарат бермейтіндігін мәлімдеді.

Хромтау ауданында мыс өндіретін кен байыту комбинаты құрылысына Ресей 400 миллиард теңге инвестиция салып, жұмысты бастамақшы болған. «Русская медная компания» басшылығы қыркүйекте Ақтөбеде өткен қазақ-орыс жиынында Ресей Президенті Д. Медведевтің алдында мыс өндіру жоспары туралы хабардар етті. Бірақ, қыркүйектегі уәдені қарашадағы тоқырау бұзып жіберді. «Русская медная компаниясы» әзір Ақтөбеге аяқ басуға аса құлықты емес. Құрылысы жартылай аяқталған мыс комбинатының есігіне қара құлып ілінді. Қысқасы, жақсы күн туғанша, жоба жабық.

XS
SM
MD
LG