Accessibility links

Үкімет өзі әзірлеп жатқан сайлау туралы заң жобасында елдегі барлық саяси күштердің талап-тілектері ескеріледі дегенімен, оппозициялық партиялар өз ұсыныстарының көрініс табатынына күмәнмен қарайды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчинский қыркүйектің 26 күні Астанада өткен жиында, «Сайлау туралы» заң жобасы бойынша оппозициялық партиялар жасаған ұсыныстарды Әділет министрлігі бастаған жұмыс тобы қарайды деген үмітін білдірді.

- Өз кезегінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының институттары «Саяси партиялар» және «Сайлау туралы» заң жобаларының демократия принциптеріне сәйкестігін тексеріп беруге дайын, бұл жұмыс заң жобалары парламентке түспей тұрып жасалу керек, - деді ол.

Сондай-ақ, Кельчинский «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заң жобаларын өзгерту жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін жасалғаны жөн деген пікірін айтты.

«Сайлау туралы» заң жобасы бойынша оппозициялық «Азат» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары бірнеше ұсыныс жасаған болатын. Әйткенмен олар өз ұсыныстарын биліктің қолдайтындығына күмән келтіреді.

Былтыр болған сайлауда парламентке жалғыз партия - ел президенті басқаратын "Нұр Отан" партиясы ғана өтті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның заңгері Мәриям Қабденованың мәліметінше, Орталық сайлау комиссиясы сайлау кезінде көшедегі жарнаманың 60 пайызын бір партияға беруді ұсынып отыр.


- Демек, насихаттың 60 пайызын «Нұр Отан» партиясы жүргізеді де, қалғаны өзге партияларға беріледі. Екіншіден оппозициялық партиялар сайлау кезінде электронды дауыс беру жүйесін жою керек десе, билік керісінше, оны қалдыру керек деп есептейді. Үшіншіден, оппозиция парламентке енетін партиялар үшін қойылған 7 пайыздық шекті деңгейді 5 пайызға дейін азайтып, парламентке енетін партияларды кем дегенде үшке дейін жеткізуді ұсынып отыр, ал Орталық сайлау комиссиясы тек екі партияны өткізбекші, - дейді заңгер.

Биліктің «Саяси партиялар туралы» заңға халықаралық стандарттарға сай болатындай өзгеріс енгізетін ұсыныс жасайтынына Мәриям Қабденова сенбейді. Бұрынғы Мәжіліс депутаты, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Амангелді Айталы да осындай пікірде:

- Парламентте оппозициялық партия бар деу үшін 1-2 партияны өткізер. Оның өзінде де қай партияны өткізуді, кімдерді депутат етуді биліктің өзі реттейді. Және халық «парламентің бар болсын, бізге мектеп, жол салып беріңдер» деп отыр. Халықтың сайлау бұрмаланып жатыр ма дегеннен хабары жоқ. Ал, билік осыны жақсы пайдаланады.

Жасарал Қуанышәлин: Жеке адамның билігі жүріп тұрғанда демократиялық сайлау болатынына сенім жоқ.
"Күретамыр" қоғамдық қорының вице-президенті Жасарал Қуанышәлин де осы оймен келісіп отыр:
- Бұндай жиын өтуі керек, тіпті болашақ үшін. Режим мәңгілік емес қой. Ертең кетеді, сонда осы ұсыныстар іске асуға тиіс. Ал жеке адамның режимі дәуірлеп тұрған кезде бұдан бірдеңе шығады деп мен ойламаймын. Өйткені, олар өздері отырған бұтақты өздері шаппайды ғой. «Адал сайлау өткізу керек» деген сөз режимді құрту керек деген сөз.

Қазақстан президенті Назарбаев биыл жазда Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясында «Қазақстанда кем дегенде екі партиялық парламент құратын механизм жасау керек» деп мәлімдеген еді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG