Accessibility links

Жетім балалар жапа шегіп жүр


Биыл Қазақстандағы жетім балалар үйінен 178 бала қашып панасыздар қатарына қосылды. Және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Былтыр 41 бала қашқан екен. Бұл туралы Бас прокуратура өкілдері хабарлады. Ал, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері біріншіден, балаларға қарайтын маман тапшы, екіншіден, балалар психологиясына байланысты қашады деп отыр.

Бас прокуратураның мәліметінше, тексеру нәтижесінде анықталғандай, кей жағдайда балалардың қамқоршылары жетімдердің қозғалмайтын мүлкін өздеріне жазып отырған. Мысалы, Алматы қаласында пәтері бар кәмелетке толмаған Тишкинаның қамқоршысы балаларға қарау мекемелерінің рұқсатын алып, жетімге ештеме берместен пәтерді сатып жіберген. Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда әлеуметтік жетімдік көрсеткіштерінің өсу қарқыны байқалады.

Барлығы Қазақстанда жетім балаларға қарайтын 340 мекеме бар. Соңғы тексеруде балалар үйінен көптеген бала себепсіз кетіп қалғаны анықталған.

- Тексеру барысында 178 бала жоқ болып шықты. Олардың қашып кетуіне балалар үйі басшысы, тәрбиешісі тарапынан балаларға деген зорлық-зомбылықтар, қол жұмсау, ренжіту, қорлау т.б.себеп болған, - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов.

Прокуратура мәліметінше, кейбір мекемелерде балаларды балағаттап ұрсып, тіпті қол жұмсаған жайттар анықталған. Балаларды мәжбүрлеп жұмысқа салған. Мысалы, Ақмола облысындағы жетімдерге арналған №8 кәсіби-лицейдің директоры Вартик есімді үшінші топтағы мүгедек баланы ауыл тұрғындарына үнемі жұмысқа беріп отырған. Кейін денесі жарақаттанған бала Көкшетау қаласының вокзалынан табылған.

Баланың айтуынша, оны жұмысқа салу үшін ұрып-соққан. Және кейбір мекемелерде балалардың жоғалғандығы туралы мәлімет жасырылып келгенін айтады Бас прокуратураның ресми өкіл Сапарбек Нүрпейісов.

Ал Білім және ғылым министрлігінің балаларға қамқорлық көрсету басқармасының бастығы Мәншүк Әбдікәрім саладағы проблемалардың аз еместігін алға тартады:

- Прокуратурамен ешкім дауласпайды, бірақ, Қазақстанда шынымен де мұндай балаларға қарайтын мамандар тапшы. Балалар құқын қорғайтын 180 адам бар. Қазақстанда 50 мың балаға бір маманнан келеді. Ал, ТМД елдерінде халықаралық стандарттарға сай екі мың балаға бір маманнан келеді. Олардың денсаулықтарына назар аударылмайды. Мысалы, Әділет министрлігінің кәмелетке толмағандарды оқшаулау колониясында Лейх есімді баланың көзі ісініп ауырған, бірақ, ондағы дәрігерлер балаға екі ай бойы қарамаған. Кейде балалар жағдайы болып тұрса да, күзде және көктемде басы ауған жаққа қашып кетеді. Олар «қаңғыбастық» деген арнайы диагнозы бар балалар.

Прокурорлық тексеріс нәтижесі бойынша 4 қылмысты іс қозғалды. Бірақ, тексеріс әлі аяқталмады. Мемлекеттік емес ұйымдардың есептеуіне қарағанда Қазақстандағы балалар үйлерін бір жерге қосса, ауданы жағынан Арқалық сияқты қала пайда болады.

Қазіргі кезде республика бойынша 48 мыңнан астам жетім бала бар. Олардың 30 мыңы патронатты отбастарында, ал 17 мыңы мекемелерде өмір сүреді. Жетімдер үйінде бала 18 жасқа дейін тұруына құқылы. Ал, Білім және ғылым министрлігі жетім балаларға тегін оқуға құқық беретін грант есебінен тек 1 пайыз квота ескереді екен.

XS
SM
MD
LG