Accessibility links

Қайрат Сатыбалды енді «Нұр Отанның» хатшысы болды


"Нұр-Отан" партиясының бас кеңсесі. Астана қаласы
"Нұр-Отан" партиясының бас кеңсесі. Астана қаласы

Қайрат Сатыбалды«Нұр Отан» партиясының хатшысы болып тағайындалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың туған немере інісі мемлекеттік қызметте ұзақ тұрақтамаған генерал ретінде танымал.

Бір апта бұрын ғана 40-қа толған Қайрат Сатыбалды бүгін «Нұр Отан» партиясының хатшысы ретінде таныстырылды. Билік партиясының ұжымымен алғашқы кездесуге жаңа хатшыны төрағаның бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин ертіп әкелді.

Баспасөзге таратылған мәлімдемеде «Сатыбалды партияның жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, бұған қоса «Нұр Отанның» әскери-интернационал, жастар және басқа да қоғамдық бірлестіктермен байланысын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады» делінген.

ӘСКЕРИ ИНТЕРНАТТАН ПАРТИЯ ХАТШЫЛЫҒЫНА ДЕЙІН

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернаттан түлеп ұшқан Қайрат, сол кездегі фамилиясы Назарбаев, одан кейінгі жылдары бұл саладағы біліктілігін училищеде, сосын ҰҚК-нің жоғарғы курстарында шыңдапты. 1990-шы жылдардың басында бір жыл взвод командирі болған. 1991-98 жылдар аралығында ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет еткен.

Қайрат Назарбаевтың қызметте өрлеуі 90-шы жылдардың аяғында басталады. Президенттің туған немере інісі алғаш рет шенеуніктің шенді шапанын 28 жасында ел астанасы Ақмолаға ауысатын жылы киді. 1998-2006 жылдар аралығында Қайрат Назарбаев бес түрлі қызметте болып, екі жылдан артық бір орында отырмаған, тұрақсыз маман ретінде танылды.
Назарбаевтар отбасы

1998 жылы Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалағаннан соң екі жылдан соң Қайрат Назарбаев «Қазақойл» мұнай компаниясының вице-президенті, тағы екі жылдан соң «Қазмұнайгаздың» басқарушы директоры болып отырды. 2003 жылы ҰҚК-не қайта оралып, тағы екі жылдан кейін «Қазақстан темір жолы» компаниясынан бір-ақ шықты.

Осы уақыт аралығында Қайрат Назарбаев фамилиясын әкесі Сатыбалдының атына ауыстырып, генерал-майор шеніне ие болғандығын айта кету керек. Бұған қоса, қажылық сапардан оралған Қайрат қажы Сатыбалды «Ақ Орда» қозғалысын құрып, өзінің діни көзқарасын дәріптеуге талпынып көрді. Сұхбаттарының бірінде ол өзі басқаратын қозғалыс болашақта партияға айналып, оның өкілдері парламентке өтеді деп мәлімдеген. Бірақ оның басқаруындағы ұйым саяси күшке айналған жоқ. Сарапшылар Қайрат Сатыбалдының қоғамда ұлттық-патриоттық жетекшіге айналу миссиясы сәтсіз аяқталды деп есептейді.

Содан кейінгі жылдары саясат сахнасынан көрінбеген Қайрат Сатыбалды қырыққа толғанда билік партиясының хатшысына айналып отыр. Бұған дейін бұл қызметті Ерлан Қарин атқарған еді.

"ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫН" ДАЙЫНДАУ

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, көпшілік саясаткер ретінде бұрын-соңды көзге шалынбаған Қайрат Сатыбалдының «Нұр Отан» басшылығының құрамына келуі билік партиясына тың міндеттің жүктелуін көрсетеді.

- Бұл өзгерістің соңғы уақыттары көп айтылып жүрген «ұлт көшбасшысы» туралы бастамаға тікелей қатысы болуы мүмкін. Яғни, белгілі-бір деңгейде соны жүзеге асырудың жан-жақты дайындығы жүріп жатыр деген сөз. Назарбаев отбасы мүшесінің партияға келуінің өзі НұрОтанның болашақта құзыреті күшейеді дегенді білдірсе керек, - дейді Сәтпаев.

Жиырма жыл биліктегі Назарбаев биыл жазда 70-ке толады. Жақында парламент тұңғыш президенттің және оның отбасының мүшелерін заңға тартудан сақтандыратын «ұлт көшбасшысы» заң жобасын қабылдады.

Бірқатар сарапшылар бұл бағдарлама Назарбаев үшін президенттік қызметті тапсырып, билікті қолында ұстап қалудың амалы деп атайды.
XS
SM
MD
LG