Accessibility links

Ресей экономикасының жағдайы қалай?


Ресей валютасы
Ресей валютасы

Өткен аптада Ресей өз экономикасына миллиардтаған доллар құйып, үлкен қаржы дағдарысынан аман қалды. Енді бұл елде 1998 жылғы нашар экономикалық жағдай қайталанбауы да мүмкін. Алайда Ресейдің инвестициялық абыройын қайта қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт керек болатын көрінеді.

Осыдан шамамен 10 жыл бұрын Ресей нарығы құлап, елдегі орта кластың талай бөлігі түп-тамырымен жойылған болатын. Соңғы күндері Ресей тағы да қаржылық тығырыққа тірелейін деп қалды.

Өткен аптада Ресейдің қор биржасы қатты құлдырап, 3 күн ішінде 25 пайыздан айырылды. Өткен аптаның ортасына дейін Ресей нарықтары мамыр айымен салыстырғанда өз құнының 55 пайызын жоғалтып, рекордтық деңгейге түсіп кетті.

Ресми Кремль қор биржасының мүлдем құлдырауының алдын алып, құнды қағаздар нарығы мен банктерді қолдау мақсатында шамамен 120 миллиард АҚШ долларын құямыз деп уәде берді.

Премьер-министр Владимир Путин қазіргі жағдайды 1998 жылғы қаржы дағдарысымен салыстырудан бас тартып, елдің экономикасы “айрықша деңгейде дамуда” деп атап көрсетті.

Мәскеудегі Уралсиб инвестициялық банктің талдаушысы Крис Уифер Ресейдің қазіргі экономикалық жағдайы бұрынғысымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы деп мәлімдеді.

“Қазіргі ахуал мен 1998 жылғы жағдай арасында үш үлкен айырмашылық бар. Біріншіден, Ресейдің қаржы қорлары қазір елдің жалпы қарыздарынан асады. Екіншіден, мұнай мен газдан түсетін күнделікті табысы 900 миллион доллар шамасында, бұл 1998 жылмен салыстырғанда 9 есе көп. Үшіншіден, үкімет бұл жағдайға байланысты жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Осы 3 фактор қазіргі жағдайдың әлдеқайда жақсы болып тұрғанын көрсетеді”, - дейді Уифер.

Десе де, дағдарыс Ресейдің қаржы жүйесіне әсер етуде. Нарықтағы жағдай жаз бойына түрлі себептерден өзгерістерге ұшырап отырды. Ғаламдық қаржы дағдарысы инвесторлардың Ресей сияқты экономикасы дамып келе жатқан елдерден бас тартуларына түрткі болды.

Сонымен қатар, тамыз айында Грузиямен болған соғыс та Ресейдің қор биржасына әсер етті. Әскери іс-қимылдар басталысымен-ақ инвесторлар елден шамамен 35 миллиард долларды қайтарып алды. Президент Дмитрий Медведевтің өзі Грузиямен қақтығыс қор биржасындағы құлдырауларға белгілі бір дәрежеде әсер етті деп мойындады.

Елдің мұнай байлығы Кремлді 1998 жылғы жағдайдың қайталануынан сақтап қалды. Сол кездері Ресейдің банк жүйесі ыдырап, жаппай инфляция мен әлеуметтік наразылықтар орын алған еді. Жұма күні, яғни қыркүйектің 19-ында Ресей нарығы өзіне келе бастады. 120 миллиард долларлық жеңілдік пакетіне қоса үкімет инвесторлық сенімдерін арттыру мақсатында мемлекеттік фирмалардың акцияларын сатып алуға ниет білдіріп отыр.

Дүйсенбі күні Ресей банктері қауымдастығы қоғамдағы алаңдаушылықтарды тыныштандыру үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Банктер қауымдастығының президенті Гарегин Тосунян былай деп мәлімдеді:

“Психоз бен теріс ойларға экономикалық негіз жоқ. Бірақ, адам психологиясының өте күрделі инерциясы бар және адамдар қорқынышты нәрселерді ойлап, үрейлене бастайды”.

Ресейліктер кезінде 10 жыл бойы жинаған ақшаларынан айырылғандарын есінен шығармаған.

Экономист мамандардың айтуынша, Ресейдің қаржы жүйесі әлі де болса тұрақты емес.
XS
SM
MD
LG