Accessibility links

Прокурор соттан Күлекеевті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады


Парақор деп айыпталған "Қазақстан темір жолының" бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, 31 қазан 2008 ж.
Парақор деп айыпталған "Қазақстан темір жолының" бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, 31 қазан 2008 ж.

Астанадағы Сарыарқа ауданының №2 сотында Жақсыбек Күлекеев ісіне қатысты екі айға созылған сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Еркін Шәріпов соттан Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенгелді Оспановты Қылмыстық кодекстің 352-бабына сәйкес 10 жыл бас бостандықтарынан айырып, жазаларын қатаң түрде түзету мекемесінде өтеуге үкім шығаруды сұрады.

Сонымен бірге Күлекеевтің өзінің атына жазылған Қараөткел ауданындағы құны 95 млн. теңгеге бағаланатын коттеджін, орталықтағы пәтерін және банктердегі барлық есеп-шоттарындағы ақшаларын тәркілеп, соның есебінен "Қазақстан темір жолына" жәбірленуші ретінде 348 млн. теңге өндіріп беру керек деп отыр.
Прокурор "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеевтің 4 эпизод бойынша, "жеке көлігін компанияға қымбат бағамен сатқаны, қызметін асыра пайдаланғаны, мемлекеттік тендер өткізуге нұқсан келтіргені және 100 мың доллар пара алғаны сотта дәлелденді" дейді. Шәріпов сонымен бірге сот ісі жүріп жатқан кезде тәуелсіз баспасөз беттерінде сот шешімі шықпай жатып Күлекеев жазықсыз деген түрлі материалдардың қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысқанын айтып, судьядан осыларды да есепке алуды сұрады.
Сотта соңғы сөзін айтқан Күлекеевтің жүргізушісі Есенгелді Оспанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайтындығын тағы да қайталады.
"Маған психологиялық қысым көрсетті. Қорқытты. Мені адастыруға дейін алып барды. Олардың күш көрсетуімен мен түрлі жауап бердім. Менің ең басты қателігім - танымайтын адамнан портфель алғаным. Мені осы үшін қауіпті қылмыскер етеді деген ойыма да кірмепті", - деген Оспанов соттан әділ шешім күтетінін айтты.
Жүргізуші Оспановтың адвокаты Ақылбек Дүйсенов тергеу ісінің бастан аяқ өрескел заң бұзушылықпен жүргенін атап көрсетті. Осы үшін де қаржы полициясының өкілдерін қылмысқа тартуға болады деген ол, 100 мың доллардың қайда кеткенін сұрап отыр. Заңға сәйкес, тәркіленген ақша іс аяқталғанша, тергеу мекемесінің атында банктердің бірінде депозитте сақталу керек. Бірақ ол ақша ешбір банкте сақталмаған. Тергеу ісі барысында да, әлгі ақшаны айыпталушылардың қорғаушылары көрмеген.
Ал Күлекеевтің туыстары прокурордың талабына наразылық білдірді. Олар екі ай бойғы сот ісінің барысында Күлекеевтің жазықсыз екеніне көздері жеткенін айтты.
- Соттың осыншама екі ай жүргеніне қарамастан, оған тағылаған айыптардың дәлелденбегеніне қарамастан 10 жыл түрмеде отыру керек деген прокурордың сөзінен кейін олардан қандай әділдік күтуге болады? Аспанға қарап отырып шешім шығаратын мұндай прокурорлар заңды қадағалайды деп қалай айтасың? Егер менің қолымда билік болса, мұндай прокурорлардың бірін де құқық қорғау орындарына жолатпас едім. Тағылған айыбы дәлелденбеген адамды түрмеге қамауды сұраудың өзі - қылмыс, - деді Күлекеевтің ағасы Сәрсенбек Абдрахметов.
Айта кету керек, өткен жолғы сот отырысы барысында Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин сотта шындықты айтқан "Бекет АСТ" ЖШС-ның директоры Амина Қайырбекованың қауіпсіздігін қамтамасыз етуін сұрап, оған құқық органдары тарапынан қысым болуы мүмкін деп күдіктенген еді.
Айтқандай-ақ, прокурор Шәріпов Қайырбекованың пәтеріне коммуналдық төлемақыларын уақытында төлемегенін айтып, құқық орындарының оны іздеп таба алмай жатқанын көтерді. Оның үстіне ол сот алдында тұратын мекен-жайын дұрыс көрсетпеді деп, жалған сөйлегені үшін судьядан Қайырбекованы жауапқа тартуды сұрады.
Жарыссөз алдағы дүйсенбіде жалғасады. Онда Күлекеев пен оның адвокаты сөйлейді деп күтілуде. Осыдан кейін сот үкім шығаратын болады.
ҚТЖ-ның экс-президенті Жақсыбек Күлекеев үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде 100 мың доллар пара алды деген күдікпен тұтқындалған болатын.
XS
SM
MD
LG