Accessibility links

Орта Азия басшылары «жылу мен су» туралы келісімге келді. Ал сарапшылардың одан үміті аз


Орталық Азияның бес елі алдағы қыста су-энергетика ресурстарын пайдалану туралы келісімге келді, бірақ кейбір сарапшылар бұл келісім қағаз жүзінде қалады деп қауіптенеді.

Қазақстан вице- премьері Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, бұл бесжақты жасалған алғашқы тарихи келісім. «Қазір біз Түркіменстанды өзімізге қаратып отырмыз, себебі биылғы жылы олардың электр қуатынсыз Орталық Азиядағы энергия жүйесін бірқалыпты ұстау мүмкін емес. Суғару мерзімін қамтамасыз ету үшін Тоқтоғұл су қоймасындағы су деңгейін сақтауға Тәжікстан мен Қырғызстанға қолымыздан келгенінше көмектесеміз», — деген Шүкеевтің сөзін ИТАР-ТАСС таратты.
Бұл келісімге Алматыда 18 қазанда Өзбекстан, Қазақстан,Түркіменстан, Тәжікстан мен Қырғызстан премьерлерінің кездесуінен кейін қол қойылған болатын.
Ал осы қарсаңда Бішкекте Орталық Азия елдерінің басшылары аймақтағы су-энергетика мәселесін шешу туралы келісімге келген еді.

Саммитті қорытындылаған Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев 10 қазан күні бұл мәселе жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасады. Қырғыз басшысының айтуынша, Өзбекстан Қырғызстанға 2008 жылы 150 миллион текше метр газ жеткізген, ал 2009 жылы одан да көбірек көлемде жеткізу үшін қор көздерін қарастыруда. Қазақстан өз кезегінде Қырғызстанға жеткілікті көлемде көмір беруге міндеттенді.
Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшыларының бұл шешімі Қазақстан мен Өзбекстанның суғарым мерзіміндегі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан су қоймасындағы судың көлемін белгілі бір деңгейде сақтап қалуға бағытталған.
Қырғызстан басшысы атап өткендей, «мемлекет басшылары өз халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге деген ынталарын тағы да көрсетті.
Орталық Азия елдерінде су мәселесі жөніндегі келіспеушіліктер Қырғызстандағы Тоқтоғұл су-электр станциясы салынғаннан бері туындап келе жатқан ежелгі дау. Бішкектегі келісім ешқандай жаңалық әкелген жоқ. Қазақстан мен Өзбекстан КСРО- ның кезінде де Қырғызстанға көмір мен газ тасымалдап тұрған.

Одақтың құлауы мен бірыңғай орталықтың болмауы бұл аймақтағы су-энергетика мәселесін тереңдетіп жіберді. Бұл жағдай Крылов мысалындағы Аққу, Шортан Һәм Шаянды еске түсіреді. Атап айтсақ, ресми Ташкент Сырдарияны трансшекаралық өзен деп тануды сұрайды. Екі мемлекет те су үшін ақша төлегісі келмейді, сол себепті Қазақстан бұл мәселеде Өзбекстанның пікірімен келіседі.
Ал Тоқтоғұлды энергетикалық режимде пайдалану Қазақстан мен Өзбекстанның агроөндірістік кешеніне, әсіресе қыста зиян келтіреді. Қыс, көктем айларында көршілерге зиян келтіріп жатқан судың суғарым мерзімінде таусылып қалатыны да сондықтан.
Орталық Азия елдері өз әрекеттерін еш үйлестіре алмай отыр. Мәселен, 2008 жылдың көктемінде Қазақстан жерін суғару мақсатында Бішкек 600 млн текше метр су беру туралы міндеттеме алып, екі ел арнайы шарт жасасқан. Бірақ жазда Тоқтоғұл су қоймасынан келетін су көлемі үш есеге азайды. Кейіннен анықталғандай, оның біраз бөлігін өзбек жағы пайдаланып кеткен. Осындай сәйкессіздіктің салдарынан ақырында Қазақстан мен Өзбекстан зардап шекті, сөйтіп керекті судың жартысын ала алмады.
Жағдайды бақылаған сарапшылар Орталық Азия елдері бір-біріне тек қана қиындықтар туғызып, мәселені орынды шешуге дайын емес дейді. Егер Өзбекстан өз дегенін істетіп, Бәкиевке қысым жасаса, онда жағдай шектен шығып, көршілер газсыз қалуы мүмкін.
Қазақстан жалпы алғанда, өзбектердің ұстанымын қолдайды, бірақ оның тығырықтан шығу жолы ерекше. Оңтүстік Қазақстан облысында Көксарай су қоймасын салу да осы мақсаттан туындаған. Қырғызстан қыстыгүні Ташкент пен Астананың әрекетсіздігіне жауап ретінде Тоқтоғұлдың энергетикалық режимін күшейтуі мүмкін.

Бішкек келісімін аймақтағы су мәселесінің шешімі ретінде қарау да қиын. Саясаткер Эдуард Полетаевтың сөзіне қарағанда, Бішкек келісіміне мемлекет басшылары бұны тез шешетін шұғыл мәселе ретінде қарағандықтан ғана қол жеткізді.
«Менің ойымша, елдің айдан астам жарықсыз отырғанын ескерген Бәкиев алдағы қыста Қырғызстанға қиын тиетінін көріп, саяси тәуекелге бара білді. Қырғызстан халқы бүлікшілдігімен белгілі. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы көмір мен газ тасымалы туралы келісім, елдің бейбітшілігін қамтамасыз етеді және Бәкиев режимінің сақталуына да мүмкіндік туғызады», — деді Э.Полетаев.
Өзбекстандық саясаткер Ташпулат Юлдашев Өзбекстанның өз міндетін орындайтынына күмәнмен қарайды.
«Қазіргі уақытта Бішкек пен Душанбе Өзбекстанға энергетикалық жағынан тәуелді болмауға ұмтылуда. Бұл стратегия Қырғызстанды Қазақстанның жанар-жағармайына үміт артуға мәжбүрлейді. Бұл ресми Бішкектің ресми Ташкентке деген сенімсіздігінен туған. Өзбекстан келісімге қол қойғанымен, кейіннен оны орындаудан бас тартатыны көпшілікке мәлім.», — деп атап көрсетеді сарапшы.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG