Accessibility links

Полицейлер жатақхана тұрғындарын соққыға жықты


Жұма күні түскі сағат он екіде №1 автопарктің қарамағында болған жатақхананың тұрғындары «Файнекс корпорейшн ЛТД» компаниясы кеңсесінің алдында наразылық акциясын өткізді.

Бұл жолы да құқық қорғау қызметкерлері пикетшілердің қолындағы ұрандарын тартып алуға бірнеше рет әрекет жасады. Жиынға бастамашы болып келген тіркелмеген «Талмас» қоғамдық қозғалысының жетекшілерінің араласуынан соң ғана жатақхана тұрғындарының ұрандары өздерінің қолында қалды. Әйткенімен, компания кеңсесінің алдына келіп, жатақхананың өздерінде қалдыруын сұраған қарапайым тұрғындардың сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Компания басшысы Тимур Левин жұмыс орнында болмағандықтан, есік аузында тұрған күзет қызметкерлері кеңсенің ішіне ешкімді кіргізбеді.
Наразылық танытушылар кеңсеге күшпен басып кіруге әрекет жасағанда, аяқ астынан оннан астам құқық қорғау қызметкерлері жетіп келіп, есіктің тұтқасын тартып тұрған әйелдерді жұлқылап, шетке итере бастады. Осы тұста полицейлер мен пикетшілердің арасында жанжал тұтанды. Құқық қорғау қызметкерлері әйелдерді желкелерінен, қолдарынан тартқылап, оларды мүмкіндігінше ғимараттың алдынан кетіруге барынша күш салып бақты. Бірақ, ашу-ызасы қайнаған жатақхана тұрғындары полицейлердің өздерімен алысып кетті. Мұның соңы төбелеске ұласып кете жаздады. Полицейлер наразылық танытушыларға жұдырық жұмсамаса да, алыс-жұлыс кезінде жатақхананың бір тұрғыны зардап шекті. Оның өз аяғымен тұра алмай жерге отырып қалғанына ешкім мән берген жоқ. Тек сонда болған қозғалыс жетекшілері ғана қалың топтың арасынан шетке шығарып, мұздай сумен беті-қолын жуғызды.
Соққыға жығылған жатақхана тұрғыны
Наразылық танытушылар ешқайда кетпей, компания басшысын кешке дейін күтетіндігін айтты. Арада бір сағатақа жетер-жетпес уақыт өткен соң, жанжал болған жерге қалалық прокурордың орынбасары Бағбан Тайымбетов келіп, жатақхана тұрғындарын сабырға шақырды. Ол осы дау бастан аяқ анықталмайынша, ешкімді жатақханадан шығартпау туралы шешім қабылдайтындығын айтты. Сонымен қатар, бүгінгі жанжал кезінде зардап шеккендердің арызын қабылдап және әйелдерге қол көтерген полицейлердің мәселесін тексеретіндігіне уәде берді.
Прокурордың сөзінен соң, мәселеміз шешілмейінше компанияның кеңсесінің алдынан кетпейміз деп, наразылық танытқан жатақхана тұрғындары жан-жаққа тарап кетті. Олар бүгін сағат үште Медеу аудандық прокуратурасына Бағбан Тайымбетовпен кездесуге барады. Қалалық прокурордың орынбасары пикетшілерді сол жерде күтетіндігін айтқан болатын.

Бұрынғы №1 автобус паркіне қараған № 1 жатақхана соңғы 5-6 жылда бірнеше қожайын ауыстырды. 2002 жылдың аяғында аталмыш автобус паркінің басшысы Исахан Иманбеков қала әкімшілігінен рұқсат алып, «Каспий» банкінен несие алу үшін жатақхананы кепілдікке қойған екен. Арада бірнеше жыл өтіп, қалалық №1 автобус паркі таратылған соң, «Каспий» банкі бұл жатақхананы аукционға шығарып, тиісті бағасына сатып жібереді. Айналдырған 2-3 жылдың ішінде №1 жатақхана қолдан қолға бірнеше рет сатылған. Ол уақытта автобус паркінде қызмет етіп, осы жатақханадан орын алған қарапайым тұрғындарды ешкім мазалаған жоқ. «Файнекс корпорейшен ЛТД» компаниясы аталмыш жатақхананы сатып алғаннан кейін ғана барып, тұрғындар мен оның басшыларының арасында дау басталады.
.
XS
SM
MD
LG