Accessibility links

«Петр мен Павел Қызылжардан әулие емес»


Қызылжар қаласынан бір көрініс. Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимараты. Петропавл, 2009 жылғы мамыр айы
Қызылжар қаласынан бір көрініс. Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимараты. Петропавл, 2009 жылғы мамыр айы

Бүгін Қазақстан мәжілісінің бір топ депутаты Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыруды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдады. Жарасбай Сүлейменов бастаған 13 заңшығарушының пікірінше, зайырлы мемлекеттегі қаланың киелі Петр мен Павелдің есімімен аталуы келеңсіз жайт.


Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары бұл мәселені ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына іліктіруге мүдделі. «Тарихқа үңілсек, 18 ғасырдың өзінде Қызылжарға арналған өлең болған. Сол кезде Абылай хан әскери бекіністің командиріне хат жазып, ол жерден сауда жәрмеңкесін ашуды сұрайды. Артынша, халық ол жәрмеңкені Қызылжар деп атап кетеді», - дейді жазушы-журналист, мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов.
Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов (сол жақта). Астана, 5 қазан 2009 жыл

Депутаттың айтуынша, Петропавлға «Қызылжар» атауы ресми түрде 1925 жылы берілген. «Міне сол кездегі Қазақтың астанасы Қызылордадан келген хаттарда орысша атауы тоқтатылып, Қызылжар деп жазыла бастаған. Бұл өзгерістің қажеттігін баршасы байқауға тиіс», - дейді солтүстік қазақстандық депутат.

Алайда, Парламент Мәжілісіндегі бұл жаңалық Петропавл қалалық мәслихатының депутаттарын аң-таң қылды. «Біз еш түсінбей отырмыз. Кез-келген елді-мекеннің атауын өзгертуден бұрын жергілікті халықтың, әкімшіліктің, мәслихаттың пікірін ескеру керек деп Президент жариялаған. Ал Петропавлдың атауын Қызылжарға ауыстыру жөнінде бізбен ешкім ақылдасқан жоқ. Халықтың пікірін ешкім сұраған жоқ. Сүлейменов мырзаға Үкіметке сауал жолдауға кім құзырет берді?», - дейді қалалық мәслихат депутаты Александр Казанцев.

«ТАРИХТЫ ҚАЗБАЛАУҒА ӘЛІ ЕРТЕ»

Мәжіліс депутаттарының бұл бастамасын жоғарғы палатадағы кейбір әріптестері де құптамайды. Солтүстік қазақстандық депутат Анатолий Башмаковтың айтуынша, тарихи атауларды жаңғырту туралы сөз қозғауға әлі ерте.

- Бұл мәселені көтеріп жатқан азаматтар, оның арты не боларын жан-жақты сараптамаған сияқты. Халықтың барлығы қазір қаланың атауын өзгертуді құптайды деп айта алмаймын. Оның үстіне, Петропавл мен оның маңайындағы елді мекендер Қызылжар шатқалында орналасқаны туралы тарихи деректер бар, бірақ, Петропавлдың өзі ешқашан Қызылжар деп аталмаған. Сондықтан, атауды өзгертуді емес, қаржылық, экономикалық, тұрмыстық проблемалардың шешімін табуды ойлау керек, - дейді Башмаков.
Петропавлдың өзі ешқашан Қызылжар деп аталмаған.

Тарихи деректерге сәйкес, 1752 жылға дейін бұл өңір расында Қызылжар деп аталған. Тек патшалы Ресей әкімшілігі христиандық танымдағы әулие Петр мен Павелдің есімімен аталған әскери бекініс тұрғызған соң, артынша қала Петропавл деп аталып кеткен.
Жергілікті өлкетанушы, 90 жастағы Сергей Пресняковтың айтуынша, Петропавлды Қызылжар деп өзгертуге 1925-ші және 1934-ші жылдары бірнеше рет әрекет жасалған. Алайда, 50 жыл бойы мұрағаттарды ақтарған қария, қаланың атауы өзгергенін дәлелдейтін бір-де-бір құжат таппапты. Енді заңшығарушы билік дейгейінде мәселе көтеріліп жатқанда Сергей Пресняков бұл пікірталастан бойын аулақ ұстағанды жөн көріп отыр. «Атау өзгерту ел арасына іріткі сала ма деп қорқамын»,-дейді қария.

«ҚАЗАҚЫ АТАУДЫ ҚАЙТАРУ – ТАБИҒИ ҮРДІС»

Ресей шекарасына жақын орналасқан Петропавл туралы қарама-қайшы пікірлер айтылған соң, «Азаттық Радиосы» Қазақстан халық ассамблеясына хабарласты. Әлі де өзге ұлт өкілдері басым Солтүстік Қазақстанда қазақы атаулардың қайтарылуы ұлтаралық қақтығысқа түрткі болмай ма?
Егер ол жердегі халық тарихи атауларға қанық болса, ертең бұл мәселе көтеріліп, дауысқа салынған кезде ешқандай дау туындамайды.

Ассамблея инспекторы Нәзипа Шанаидың айтуынша, тарихи атауларды қайтару – табиғи үрдіс. Ал, жергілікті халықтың көзқарасына сол өңірдегі тарихшылардың ағартушылық жұмысы әсер етеді. Егер ол жердегі халық тарихи атауларға қанық болса, ертең бұл мәселе көтеріліп, дауысқа салынған кезде ешқандай дау туындамайды.

«Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде жалпы саналық тұрғыда Қазақстанда тұратын этностардың көзқарасы өзгерген. Әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына қарағанда, өзге ұлт өкілдерінің 87% Қазақстанды өз отаным деп санайды. Ондай болатын болса, бұл тарихи қазақы жер екендігін біле тұрып, бұл мәселеге қатысты қақтығыс пайда болуы мүмкін емес», - деп санайды Нәзипа Шанаи.
Петропавл қаласында үш шіркеу бар. Қасиетті Петр мен Павелдің есімін алып тастауға жергілікті христиандар наразы болуы мүмкін. Азаттық радиосы хабарласқан Петропавл тұрғындары мәжіліс депутаттары қаланың атауымен алыспай, халықтын жанына батып жүрген өзекті мәселелерді көтерсе жақсы болар еді деген пікір білдірді.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 2000-ға жуық ономастикалық өзгерістер енгізілген. Олардың 30 пайызға жуығы солтүстік аймақтарға тиесілі.
XS
SM
MD
LG