Accessibility links

Құсмұрын түрмесіндегі зағип тұтқын Жамбыл облысына ауыстырылатын болды


Бақзада Шайбекова, Құсмұрын түрмесінде отырған мүгедек тұтқын Біржан Жарқожаевтың зайыбы. Астана, 11 қараша 2010 жыл
Бақзада Шайбекова, Құсмұрын түрмесінде отырған мүгедек тұтқын Біржан Жарқожаевтың зайыбы. Астана, 11 қараша 2010 жыл

Азаттық радиосы бірнеше мәрте мүшкіл халы туралы хабар берген Құсмұрын түрмесінде қос жанарынан айырылып қалған тұтқын Біржан Жарқожаев алдымен Семей қаласында емдеуде болып, кейіннен тұрғылықты жері бойынша Жамбыл облысындағы колониялардың біріне ауыстырылатын болды.


Бұл туралы дүйсенбі, қарашаның 15-і күні қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Азаттық радиосының тілшісіне хабарлады.

Қарашаның 11-і күні Жамбыл облысының тұрғыны Бақзада Шайбекова түрмеде жатқан күйеуінің жағдайын айтып Азаттық тілшісіне мұңын шаққан. Оның айтуынша, «лаңкестік жасамақ болды» деген айыппен осыдан екі жыл бұрын тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған күйеуі Біржан Жарқожаев түрмеде көр соқыр болып қалыпты.

«Қамауға алынбас бұрын оның бір көзі ғана көретін оның өзінде 16 пайыз. Соңғы кездері қатты ауырғаннан болар екі көзі де көрмей қалыпты», дейді Бақзада Шайбекова.

– Қатты арықтап кетті, Құсмұрынға бірінші этаппен барғанда мүгедек куәлігін көрсетпеген болатын. Бір көзімен сапқа тұру қиын ғой, оның үстіне қан тамырлары ауыратын адам болған соң жүріп - тұру өте қиын. Қазір ол мүлде соқыр болып қалды. Дәрігерімен сөйлестік, өзімен де сөйлескенде айтады. Қазір оны жетектеп жүр, - деді Құсмұрын түрмесінде жазасын өтеп жатқан Біржан Жарқожаевтың зайыбы Бақзада Шайбекова Азаттық тілшісіне.

Ол күйеуін Жамбыл облысына ауыстыруды өтініп қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне бірнеше мәрте шағымданғанымен тұщымды жауап ала алмай жүргенін айтқан. Егер еш нәтиже болмаса президенттің атына арыз түсіретінін мәлімдеген.

«РАДИОСЫСЫЗ ДА ШЕШЕМІЗ»

Дәл сол күні әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев пен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетовпен болған баспасөз мәслихатында, Азаттық тілшісі Жарқожаевтың жағдайын айтып сауал қойған еді. Комитеті төрағасы «қараймыз» деп қысқа қайырғанымен әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәселеге Азаттық радиосының араласуын қаламайтынын білдірді.

– Ол мәселені білеміз, хат алдында келіп түскен. Егер бүгінгі күні денсаулығы келмей, басқа да жағдай болып жатса біз оған көмектесеміз. Бізге ол үшін медициналық анықтама тағы керек. Сондықтан Азаттық радиосынсыз да бұны өзіміз шешеміз, - деген әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев.

ЖАРҚОЖАЕВҚА ДӘРІГЕРЛІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Дүйсенбі күні қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Азаттық радиосына Біржан Жарқожаевтың мәселесі шешімін тапқанын мәлімдеді. «Алдымен ол Семейге жөнелтіледі», дейді қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің маманы Самал Ғадылбекова.

– Ол кісі Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ - 156\15 мекемесіне жіберіледі. Онда республикалық соматикалық аурухана бар. Оптомология бойынша сол жерде емделеді. Қанша уақыт емделетінін дәрігерлер анықтайды. Емделіп болған соң ол кісі жұбайының сұрауы бойынша Жамбыл облысына ауыстырылады, - дейді қылмыстық - атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің маманы Самал Ғадылбекова.

«Нақты қай колонияға ауыстырылатыны әлі белгісіз, Құсмұрында қандай тәртіптегі түрмеде отырған болса Жамбыл облысының да сондай абақтысына ауыстырылады», - дейді Самал Ғадылбекова.

«АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАСЫ»

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин дүйсенбі күні Құсмұрындағы жалпы режимдегі ИК 33 түрмесінде болып Біржан Жарқожаевтың дәрігерімен тілдескенін айтты. «Дәрігердің айтуынша Жарқожаевтың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Тез арада емделмесе, мүлдем сал болып қалуы мүмкін», - дейді Вадим Курамшин.

Оның пікірінше, көз жанарынан мүлдем айырылған адам, әрі бірінші топтағы мүгедек, қоғамға еш қауіпсіз. Сондықтан Біржан Жарқожаевқа рақымшылдық жасап босату керек дейді. Енді осы мәселемен шұғылданатынын айтты.

«Егер Азаттық радиосы араласпағанда Жарқожаевтың тағдыры не болары белгісіз еді», - дейді құқық қорғаушы Вадим Курамшин.
XS
SM
MD
LG