Accessibility links

Белгісіз біреулер Айдос Садықовтың адвокатының көлігін бүлдіріп кеткен


Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазарева біреулер бүлдіріп кеткен көлігінің жанында тұр. Ақтөбе, 27 қазан 2010 жыл.
Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазарева біреулер бүлдіріп кеткен көлігінің жанында тұр. Ақтөбе, 27 қазан 2010 жыл.

Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазарева әуелі белгісіз біреулер үйіне телефон шалып мазалай бергенін, ал кейін ақылы тұрақта автокөлігін бүлдіріп кеткенін айтады. Адвокат бұл әрекетті Айдос Садықовтың ісімен байланыстырып отыр.


Белгісіз біреулер адвокат Татьяна Лазареваның жеке меншік автокөлігінің есігін сындырып кеткен. Адвокат бұл әрекетті өзі айналысып келген Айдос Садықовтың ісімен байланыстырады. Ол өзіне қарсы бұған дейін беймәлім адамдардың тарапынан қорқытып-үркіту әрекеттері болғанын айтады.

ЕСКІ КӨЛІК КІМГЕ КЕРЕК?

Жабық тұрақта тұрған «Опель-Вектра» маркалы жеңіл автокөлігін белгісіз біреулер бүлдіріп кеткенін ақтөбелік адвокат Татьяна Лазарева қазанның 27-і күні көлігін алуға келгенде бір-ақ байқапты. Ол көлігін бұл тұраққа содан екі күн бұрын қойған екен.

– Машинаның бір есігіндегі жел қағары жартылай жұлынған, ал қалған есіктерінде желқағар мүлдем жоқ. Алдыңғы екі есіктің құлыптарын сындырып кеткен. Ақыр аяғы машинамды тұрақтан алып кету үшін, артқы жүк салатын бөлігіне арқылы кіруге мәжбүр болдым, – дейді адвокат.

Адвокаттың мініп жүргені зауыттан 1989 жылы шыққан, ескі көлік екен. Татьяна Лазарева бұл жайтты өзі қорғаушысы болып жүрген оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың ісімен тікелей байланыстырады. Ол бұл оқиғаны осы іске бола өзіне қарсы жасалған қысым деп бағалайды.

– Көлікке жасағандары – сол қысымның бір көрінісі деп білемін. Себебі, 1989 жылғы көліктің ұрыларға керегі шамалы. Ескі көлік кімге керек айтыңызшы? – дейді адвокат Азатық тілшісімен әңгімеде.

Татьяна Лазареваның сөзінше, қыркүйектің ортасынан бері оның үйіне белгісіз біреулер телефон шалып, үндемей тұруды әдетке айналдырыпты. Ол шағым айтып телефон байланысын қамтамасыз етіп отырған Қазақтелеком компаниясына барғанда олар әлгіндей қоңыраулардың қай нөмерден шалынғандығын білу мүмкін еместігін айтып шығарып салыпты.

– Одан бөлек, маған «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өтетін шараға қатысу үшін шақырту келді. Мен осы күнге дейін саясатқа араласқан емеспін, «Нұр Отанның» ұстанымын бөлісемін деп те айтқан емеспін, – дейді Адвокат Лазарева.

БРЮССЕЛЬДЕГІ ТЫҢДАУ

Айдос Садықов ісі осы аптаның басында Брюссельде айтылды. Қазанның 25-і күні Еуропарламент жанындағы адам құқықтары комитетінде қазақстандық қоғам белсендісі Айнұр Құрманов Қазақстандағы адам құқығының бұзылып отырғаны туралы баяндады.

«Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов өз баяндамасында соңғы кезде Қазақстанда жүйелі түрде қоғам белсенділеріне қатысты арандатушылықтар болып жатқанын айтып, олардың бірқатары түрмеге тоғытылғанын атап көрсеткен.

– Дәлірек айтқанда, оларды бірінші ұрып-соғып, кейін бұзақылық жасады деген айып тағады. Не полицияға қарсы шабуылдар жасады немесе ұйымдастырды деген желеумен қамауға алады. Әңгіме түрмеге жабылған Айдос Садықов, Ермек Нарымбаев, алғашында әкімшілік жазаға тартылып кейін қамауда соққыға жығылған Игорь Колов, 10 тәулік абақтыда отырып шыққан Вадим Курамшиндер турасында болды, – деді Айнұр Құрманов.

Сонымен бірге Айнұр Құрманов Қазақстанда еркін жиындар өткізу, сөз бостандығы мен саяси іс-шараларға қатысты демократияландыру мәселелері жүзеге асырылмай отырғандығын мәлімдеген.

– Олар менің айтқандарымды естіп шок алғандай әсерде болды, – дейді Айнұр Құрманов.

САДЫҚОВТЫҢ ІСІ

Биылғы шілде айының 16-сы күні Ақтөбенің №2 қалалық сотының судьясы Ақболат Құрмантаев оппозиция мүшесі Айдос Садықовқа «бұзақылық жасаған» және «полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан» деген айып тағып, оны екі жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды. Ал өзін кінәсіз санайтын Айдос Садықов «билік тарапынан өзіме қарсы жасалған арандату құрбаны болдым» деп мәлімдеген-ді.

Тамыздың 26-сы күні Ақтөбе облыстық соты Айдос Садықовтың үстінен шығарылған сот үкімін өзгеріссіз күшінде қалдырды.
Қазанның 11-і күні Қазақстан Жоғарғы соты оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазареваның өтінішін қабылдаған еді.

– Адвокат өтінішінде сот назарын екі жайтқа аударады. Біріншісі - сот отырысының хаттамасы бұрмаланғаны. Ол хаттамада «ыңғайсыз» куәлардың куәліктері өзгертіліп, тіпті кейбірінің жауаптары мүлдем көрсетілмеген. Ал екінші жайт - мамырдың 27-сі күні түсірілген бейнетаспаны айғақ ретінде қарау. Бұл бейнетаспада Айдостың полицейлерге ешқандай қарсылық көрсетпегені және оларға қол көтермегені анық көрсетілген, – дейді Азаттыққа түсініктеме берген Айдос Садықовтың әйелі Наталья Ешжанова.

Оның сөзінше, енді Ақтөбе қалалық сотындағы Айдос Садықовтың ісі Жоғарғы соттың қарауына түсуі тиіс. Содан кейін Жоғарғы сот алқасы бұл іске қатысты өз байламын шығарады.
XS
SM
MD
LG